Түйіндеме жазу ережелері

Түйіндеме жазу ережелері
Фото: massaget.kz

Жақсы жазылған түйіндеме – жоғары төлемді жалақының кепілі. Бірақ көптеген адам түйіндемені қалай дұрыс жазу керектігінен бейхабар. Ақиқатында, оның еш қиындығы жоқ. Тек белгілі бір ережеге сүйене отырып жазылса болғаны.

1. Берілген мәлімет неғұрлым қысқа болғаны шарт. Түйіндемені құру кезінде ұстанатын кей бейресми ережелер бар. Мысалы, түйіндеме көлемі бір беттен аспауы керек. Себебі жұмыс беруші түйіндеменің көлеміне қарап тұрып, оны оқымай салуы мүмкін. Ол жұмыс іздеп келушінің сауатсыздығын білдіреді. Түйіндемеге тек пайдалы және керекті мағлұматтар көрсетіледі. Ал өзіңіз туралы қосымша ақпаратты сұхбат барысында айтып кете аласыз.

2. Түйіндеме құрылымы. Әлбетте, түйіндемеде сіздің аты-жөніңіз құжатыңызға сәйкес көрсетіледі. Бұл бірінші жазылады. Екінші тізбекке қандай қызметте жұмыс істейтініңізді бересіз. Үшінші кезекте алған біліміңіз, оқу орны, жұмыс тәжірибесі, бұған дейін жасап кеткен жұмыс орны т.б. Мұның әрқайсысы бөлек бағанаға жазылады. Және де түйіндемеде міндетті түрде "Жеке қасиеттер" бағаны болуы тиіс. Ол қызметкердің жұмыс істеу өнімділігінен хабардар етеді. Түйіндеменің соңына қарай өзіңіздің жеке байланыс телефоныңыз бен төленетін төлем ақыны жазып қоюға болады.

3. Бағандардың дұрыс толтырылуы. «Білім» бағанын толтыру кезінде оқу орнын немесе оқу аяқталмаған жағдайда оқудың нешінші курсында екені көрсетіледі. Егер мектепте музыка сабағынан дәріс алған болсаңыз, оны «Білім» бағанына емес «Жеке қаситеттер» бағанына жазасыз. Мысалы: «Білім»: ҚазҰУ 2010-2014, мамандық: аударма ісі. «Жұмыс тәжірибесін» істейтін жұмысыңызға сәйкестендіріп жазған жөн. Мысалы, егер сіз компанияға менеджер лауазымына орналасамын десеңіз, жұмыс тәжірибесіне мейрамханада даяшы болып істедім деп жазу ағаттық. «Жеке қасиеттерге» бойыңыздағы артықшылығыңыз бен жауапкершілігіңізді барынша шынайы етіп жазу керек. «Тіл игеруге» неше тіл білесіз, ана тіліңіз қандай, игерген тіліңіздің деңгейі қаншалықты дәрежеде бәрі-бәрі тұруы тиіс. «Қызығушылықтар бағаны» жұмысқа алудың бірден-бір маңызды жолы. Оған сіз хобби, спорт, кітап оқу, ән айту секілді қасиеттерді жазасыз. Бұлардан бөлек көлік құжатын, оның категориясын келтірсеңіз артық емес.

Н. Нұрмаханұлы