Үрмебұршақ жайлы не білеміз?

Үрмебұршақ жайлы не білеміз?

Бұл бұршақ тұқымдас өсімдік алғаш рет шамамен 7000 жыл бұрын Орталық және Оңтүстік Америка елдерінде өсірілген.

Үндістер тайпасы үрмебұршақты жерлеу рәсіміне қолданған екен. Үндістердің елді мекендерінен археологиялық қазбалар кезінде аузында матаға оралған ақ үрмебұршағы бар мумия табылған. Бұл рәсімнің қайтыс болған адам "басқа өмірде" аш болмас үшін жасалатыны анықталды. Еуропаға үрмебұршақ XVI ғасырда келді. Бастапқыда еуропалықтар оны бөлме өсімдігі ретінде қолданған, тек бірнеше жыл өткен соң оның тұқымының дәмдік қасиеттерін ашқан. Уақыт өте үрмебұршақты ұнатушылар Түркиядан да табылды, сондықтан бізде кейде үрмебұршақты "түрік бұршағы" деп те атайды. Бізде де үрмебұршақты бастапқыда бөлмені безендіруге пайдаланған. Соңырақ фермерлер тәжірибе жасап, оны жерге отырғызып көрген кезде оның өсуіне суық та кедергі бола алмайтынын байқаған. Оның тұқымының бұршаққа (горох) ұқсастығын байқаған адамдар оны асүйде қолданып көрген.

Бұл өсімдік пайда болғаннан бері селекционерлер оның 200-ге жуық түрін алған. Алайда, оның екі түрі кең таралған: қарапайым үрмебұршақ және бұршаққынды үрмебұршақ. Біріншісі бұршаққа ұқсайды, ал екіншісі ішінде кішкентай тұқымдары бар жармаға келеді.

Пайдалы қасиеттері

Қарапайым үрмебұршақ пектин, май, жасұнық, көмірсу, су және ақуыздан тұрады. Ақуыз оның құрамында 25%-ға дейін бар және ол құндылығы бойынша еттің көптеген сұрыптарын басып озады. Сонымен қатар, оның құрамында микроэлементтер (фтор, темір, молибден, йод, марганец, мыс, мырыш, кобальт), макроэлементтер (фосфор, калий, кальций, магний, натрий) және дәрумендер (С, B1, B2, B3, B6, E, K, PP) бар.

Үрмебұршақ диеталық өнімге жатады: 100 г үрмебұршақта 298 ккал, ал 100 г бұршаққынды үрмебұршақта 31 ккал бар.Ол зат алмасуды қалпына келтіреді және реттейді.

Құрамындағы көптеген пайдалы заттардың арқасында үрмебұршақ туберкулездің алдын алуға және емдеуге қолданылады. Сонымен қатар, ол тері, бронх ауруларына, бүйректегі тасты шығаруға көмектеседі. Қант диабеті кезінде бұршаққынды үрмебұршақ қайнатпасы пайдалы деп саналады.

Қалай таңдау керек?

Жоғарыда айтып өткендей, үрмебұршақтың сұрыптары өте көп. Олар тек пішіні мен түсі бойынша ерекшеленеді. Сондықтан үрмебұршақты таңдарда оның сыртқы жағдайына мән беру керек: оның сырты зақымдалмаған болуы қажет және түсі жарқырап тұруы керек.

Ал консервідегі үрмебұршақты таңдағанда оның қаптамасындағы құрамын мұқият оқыңыз. Ол жерде үрмебұршақ, тұз, қант, су деп тұруы керек. Егер ол томат тұздығымен болса, ол кезде де табиғи өнімдер ғана болуына мән беріңіз.

Жасыл бұршаққынды үрмебұршақты таңдауда қандай да бір дақтардың болмауын тексеру керек. Бұршаққын тегістей жасыл болуы керек және ұстағанда қытырлап тұруы қажет.

Қалай дайындау керек?

Үрмебұршақты шикілей тамаққа қолдануға болмайды, оны тамаққа қолданар алдында алдымен қайнатып алу керек. Үрмебұршақты мына жолмен қайнатыңыз:

1. Үрмебұршақты жуып, кәстрөлге салқын суға (2 стақан суға 1 стақан үрмебұршақ) салып қойыңыз. Ол суда 6-8 сағаттай тұруы керек, сондықтан оны ұйықтар алдында суға салып қойған тиімді.
2. Үрмебұршақ тұрған суды төгіп, жаңасын құйыңыз.
3. Кәстрөлді отқа қойып, отты бұқтырып қойыңыз.
4. Оның суы бір қайнағаннан кейін суды тағы бір рет ауыстыруды ұсынады. Содан соң 50-60 минут шамасында қайнату керек. Қайнатар алдында суға 2 ас қасық сұйық май құюға болады. Ал дайын болып қалған кезде оған 1 шай қасық тұз салу керек.

Піскен үрмебұршақты құтыға салып, үстіне су құйып, дәмдеуіштер қосып консервілеуге болады немесе тамақ (сорпалар, тойымды салаттар және т.б) дайындайды. Ал бұршаққынды үрмебұршақ жылдам дайындалады. Оны жиі былай дайындайды: бөліктерге бөліп, алдымен 3-4 минут қайнатып алып, содан соң басқа көкөністермен бірге қуырады.

А. Жапатова