Кофенің танымал түрлері

Кофенің танымал түрлері
Фото: pixabay.com

Кофе – әлем бойынша танымал сусындардың бірі. Көпшілік күнін кофемен бастайды. Кофенің ең танымал түрлерін таңдап, олардың неден тұратынын анықтадық.

Эспрессо. Ол кішкентай ыдыспен (30-35 мл) ұсынылады және ол ең қою кофелік сусын деп саналады. Бірақ негізінде ол асқазан мен жүректі "аяйтын" сусынға жатады. Ол дайындалу кезінде кофеиннің көп мөлшерін жоғалтады.
Калориясы – 7 ккал (барлық сусынның калориясы қантсыз түріне көрсетілген).

Макиато. Ол сүтті көбік пен эспрессо 1:1 үлесте араластырылатын кофелік сусын. Ол әдетте, кішкентай ыдыста ұсынылады.
Калориясы – 66 ккал.

Американо. Ол эспрессо мен судың қосындысы. Су дайын кофеге құйылатындықтан эспрессоға тән ащылық жоғалады және иісі де жұмсақ бола түседі. Әдетте, 30 мл эспрессоға 120 мл су құйылады.
Калориясы – 18 ккал.

Капучино. Эспрессо негізінде дайындалатын және сүт көбігі қосылатын кофелік сусын. Капучино бірдей үлесте араластырылатын 3 ингредиенттен тұрады: эспрессо, ыстық сүт және сүт көбігі. Сусынның барлық құрауыштары жоғары температурада болуы тиіс және көлемі 150-180 мл болатын жылы ыдыста ұсынылады.
Калориясы – 105 ккал.

Латте. Бұл сусынның негізін сүт құрайды, яғни латтеде эспрессо азырақ, сүт көбірек болып келеді. Латте үш қабаттан тұрады және ұзын мөлдір стақанда ұсынылады. Стақаннан сусынның кофе, сүт және сүт көбігіне бөлінгені көрініп тұрады.
Калориясы – 112 ккал.

Моккочино. Ол "мокко" атауымен де белгілі. Ол латтеге шоколад қосылып ұсынылады. Бұл сусын латте секілді дайындалады, тек соңында оған какао ұнтағы немесе шоколадты шәрбат құйылады.
Калориясы – 289 ккал.

Фраппе. Кофеден (екі есе эспрессо) және сүттен (100 мл) тұратын салқын кофелік сусын. Барлық компоненттер суық болуы керек және біртекті болғанша миксермен (блендермен) араластырылуы тиіс. Сонымен қатар, негізгі ингредиент ретінде жиі балмұздақ қосады. Сатып алушы қалауына қарай мұз және шәрбат қостырады.
Калориясы – 60 ккал (балмұздақсыз).

Кофені мөлшерден тыс ішіп қойсаңыз, оның жағымсыз әсерінен арылу үшін не істеу керегін мына жерден оқыңыз.

А. Жапатова