- Негізгі бет
- Аспаздық
- Тауықты қалай маринадтаймыз?...
Тауықты қалай маринадтаймыз?
Кәсіби аспаздан кез келген етті қалай дайындайтынын сұрасаңыз, оны міндетті түрде маринадтау керектігін айтады. Себебі маринадтан соң ет жұмсақ, ал тамақ шырынды бола түседі. Бүтін тауықты маринадтаудың құпияларын ұсынамыз.
Тауықты қанша уақыт маринадтау қажет? Маринадтау уақыты тауық ұшасының салмағына байланысты. Егер тауық ұшасын бүтіндей пісіру ойыңызда болса, бір күн бұрын кешкісін маринадтап қою керек. Егер кешкі асқа тауық қанатшаларын немесе оның төс етін пісіргіңіз келсе, оларды тұздықта 1 сағатқа қалдырған жеткілікті. Құс ұшасының санына көбірек уақыт керек: оны шамамаен 2-4 сағат аралығында маринадта ұстаңыз.
Тауықты майонезбен маринадтауды доғарыңыз. Бұл әдіс бір қарағанда қарапайым әрі сәтті көрінгенімен майонез тауықтың өзіндік дәмін жояды. Сондықтан майонезбен әртүрлі тұздық дайындасаңыз да, әркез тауықтың дәмі бірдей болып шығады. Сонымен қатар, майонез құрамында сірке қышқылы бар, ол тауық пісіру кезінде оны қатайтып жібереді және ащы дәм береді.
Егер маринадтау уақыты 2 сағаттан көп болса, оны тоңазытқышта ұстаңыз. Бөлме температурасында құс ұшасы тез маринадталады. Бірақ ол тек төс ет пен қанатшаларға ғана қатысты. Сондықтан уақыт үнемдеудің бір жолы – тауықты бір күн бұрын кешкісін маринадтап, тоңазытқышқа түнге қалдыру.
Маринадқа бірден тұз салмаңыз. Кез келген рецептте тұз мөлшері көрсетіледі, бірақ қай уақытта салу керектігін айта бермейді. Маринадты ұзақ уақытқа қалдыру кезінде оған тұз салынбайды. Құс ұшасын пешке салуға 10 минуттай қалғанда ғана оны тұздау керек. Әйтпесе, тамақ қатты әрі құрғақ болады.
Маринадқа арналған дәмдеуіштер
Пешке пісіретін тауыққа мынадай дәмдеуіштер қолдануға болады:
Қара және қызыл бұрыш. Қара бұрыш – әмбебап, оны кез келген тағамға қолдануға болады. Ал қызыл бұрыш тағамды ащы ететіндіктен, аз мөлшерде қолданылады.
Шөптер. Пеште пісетін тауық маринадына майоран, базилик, жалбыз, жебір (тимьян), гүлшетен (розмарин) және сәлбен (шалфей) шөптерін қолдануға болады. Олардың тек біреуін немесе араластыра да пайдаланады. Бұл шөптер зімбірмен және кориандрмен жақсы үйлесім тауып, тамаққа ерекше дәм сыйлайды.
Карри. Ол бірнеше дәмдеуіштер қосындысынан тұрады: зире, мускат жаңғағы, қыша, ащы бұрыш, кориандр.
Мускат жаңғағы. Егер тауықты ірімшікпен және саңырауқұлақпен пісіру ойыңызда болса, мускат жаңғағын таңдаған жөн. Бұл дәмдеуіш сутті компоненттердің дәмін айқындайды. Сондықтан кілегей мен картоп қолданылатын тағамдарға да оны міндетті түрде қосқан жақсы.
Куркума. Куркуманың өткір дәмі бар болғандықтан оны көп мөлшерде қосып жібермеңіз. Ол тауыққа дәм беруімен қатар оған әдемі түс сыйлайды.
Маринадтың 5 түрі
Тауық етіне арналған ең дәмді маринадтың 5 рецептісін ұсынамыз:
1. Соя-бал маринады. Маринадты дайындау үшін 1 ас қасық соя, 2 ас қасық ерітілген бал және 3 ас қасық өсімдік майын араластырыңыз. Маринадқа 0,5 шай қасық кориандр, 0,5 шай қасық насыбайгүл (базилик) және аздап қара бұрыш салыңыз. Осы қоспаға тауықты маринадтаңыз. Егер тауықты картоппен ыдысқа салсаңыз, маринадты оның үстіне құйып жіберіңіз. Балдың арқасында тауық алтын түске және тәттілеу дәмге ие болады.
2. Азиялық ащы маринад. 1 ас қасық зәйтүн, 1 ас қасық тұз, 2 ас қасық қант және жарты лимон суын араластырыңыз. 5 сарымсақты езіп, маринадқа салыңыз. 4 см-лік зімбір тамырын тазартып, бірнеше бөлікке бөліп, маринадқа қосыңыз. Соңынан 2 ас қасық соя тұздығы мен (қол астында болса) лайм шырынын құйыңыз.
3. Қыша-шарапты маринад. 1 ас қасық алма сірке суын, 1 ас қасық қышаны және 1 стақан құрғақ ақ шарапты араластырыңыз. Оған 1 ас қасық зәйтүн майын құйып, аздап тұз бен қара бұрыш салыңыз. Шарап пен сірке суы етті өте жұмақ етеді, ал қыша оған ерекше дәм береді.
4. Лимонды маринад. Бұл қарапайым рецептке 1 лимонның суы мен 1 ас қасық зәйтүн майы керек. Содан соң оған 0,5 шай қасық қара бұрыш, 0,5 шай қасық гүлшетен (розмарин) және аздап тұз қосыңыз. Лимон мен розмарин үйлесімі тамаққа ерекше дәм сыйлайды.
5. Айран маринады. Майлылық үлесі төмен 2 стақан айранға 4 сарымсақ және жарты лимон суын қосыңыз. Оған 1ас қасық ащы Табаско тұздығын, 0,5 шай қасық жебір (тимьян) және 0,5 шай қасық қара бұрыш салыңыз. Содан соң жарты пиязды турап салыңыз. Тауықты пешке апарарда 2 шай қасық тұз салыңыз.
А. Жапатова