Үнді асханасы: карри тұздығындағы тауық еті

Үнді асханасы: карри тұздығындағы тауық еті
Фото: massaget.kz

Карри – үнді халқынан тараған дәмдеуіш. Ағылшын тілінде де дәмдеуіш қосылған тағамдарды осылай атайды. Құрамында A, B1, B2, B12, C, E, K дәрумендері және магний, натрий, кальций, калий, мырыш, темір минералдары бар дәмдеуіш денсаулыққа пайдасы мол. Карри тұздығына ең бастысы куркума және күнзе (кориандр) дәмқосарлары салынады. Одан өзге қалауыңызға қарай, даршын (корица), зире, тасбеде (пажитник), қыша (горчица), жанжабіл (имбирь), қызыл бұрыш секілді дәмдеуіштер қосуға болады.

Қажетті азық-түлік:

 – 400 гр тауық еті;
 – пияз;
 – сарымсақ;
 – болгар бұрышы;
 – ұнтақталған қара бұрыш; 
 – күнзе (кориандр);
 – куркума;
 – жұпар жаңғағы;
 – хмели-сунели;
 – қалампыр (гвоздика);
 – өсімдік майы;
 – 200 гр қаймақ; 

Тағам негізінен өте ащы болады. Ал аса ащы жақсы көрмейтін адамдар үшін дәмдеуіштер мөлшерін шай қасықтың жартысынан асырмаған дұрыс.

Хмели-сунели дәмдеуіші кез келген дүкеннен табылмауы мүмкін. Сондықтан тағамға қоспаса да болады. Бірақ құрамында қалампыр, қызыл бұрыш, аскөк, балдыркөк, ақжелкен, күнзе, лавр жапырағы, жебір, жалбыз, майоран, тасбеде, сайсағыз (иссоп) – барлығы бар дәмқосар асыңыздың хош иісі мен дәмін арттыратыны белгілі.

Қалампыр түйіршіктері де хош иісті арттыруға артық болмайды

Дәмдеуіштеріміз дайын. Қайсысынан қанша қосатыныңыз ащы ұнату-ұнатпауыңызға байланысты. 

Тауық етінің аяғы, кеудесі, жон еті – кез келген түрі жарайды. Басқа жануар етін алсаңыз да еркіңіз.

Тауық етін шұңғыл ыдысқа салып, үстіне барлық дәмдеуішті себеміз.

Үстіне аздаған өсімдік майын құямыз.

Ол маринадталғанша, көкністерімізді тураймыз.

Пияз, сарымсақ, болгар бұрышыны майда төртбұрыштарға бөлеміз. 

Қалампырды майға қуырып, иісін шығарып алған соң, табадан сүзіп алып тастаймыз.

Қалампыр қуырылған майға көкністерді саламыз.

Оның үстіне маринадталып дайын тұрған қоспаны салып, аз уақыт қуырамыз да, су құямыз.

Ерекше дәм әрі ақ түс беру үшін 10 минуттан соң қаймақ саламыз.

Тауық еті қосылған карри тұздығы дайын. Гарнирге күріш таңдасаңыз, жақсы үйлеседі.

@. @assel_assanova