Массагеттен мәзір: Тауық қанатшалары

Массагеттен мәзір: Тауық қанатшалары
Фото: massaget.kz

Тауық етін дайындаудың қуыру, суға  немесе пеште пісіру сынды түрлері бар. Сонымен қатар, оған кейде әртүрлі тұздық қолданылады. Әр ас үй ханшайымының өзінің жеке рецептісі бар. Бүгін қышқыл әрі тәтті тұздықпен ұсынылатын тауық қанатшаларының дайындалу жолын ұсынамыз.

Қажетті азық-түліктер:

- 1 кг тауық қанатшалары;
- 2,5 ас қасық крахмал;
- 1 шай қасық тұз;
- 1 шай қасық тәтті қызыл бұрыш (паприка);
- қалауыңызға қарай қызыл бұрыш.

Тұздық:

- 100 г кетчуп;
- 2-3 сарымсақ;
- 1 шай қасық бал;
- 1 шай қасық өсімдік майы;
- 1-2 шай қасық лимон суы.

Тауық қанатшаларын жуып, қағаз майлыққа қойып құрғатамыз.

Қанаттың еті жоқ жерлерін кесіп тастаса болады.

Крахмал, тұз, тәтті қызыл бұрыш пен ащы қызыл бұрышты араластырамыз.

Қанатшаларды крахмал қоспасына бұлғап шығамыз.

Противеньді майлап, қанатшаларды саламыз. Оларды 180 градуста қыздырылған пеште 30-35 минут қызарғанша пісіреміз.

Тұздыққа қажетті барлық ингредиенттерді араластырамыз. Сарымсақты езіңіз немесе өте қатты ұсақтап тураған жөн.

Піскен тауық қанатшаларын тұздықпен бірге араластырамыз.

Қышқыл-тәтті тауық қанатшалары дайын!

А. Жапатова