- Негізгі бет
- Аспаздық
- Ашылған және туралған...
Ашылған және туралған көкөністерді сақтау жолы
Кей кездері бос уақыт болғанда көкөністерді алдын ала ашып қойып, содан соң керегіне қарай қолданғымыз келетін жағдайлар болады. Кейде мөлшерден тыс көкөністерді ашып, турап қоямыз. Артығын тоңазытқышқа салып қойсақ, келесі қолданғанша солып қалады.
Әрине, көкөністі ашу мен тамаққа пайдаланудың арасы ұзақ болмағаны жақсы. Себебі, көкөністерді ашыған соң уақыт өте бойындағы дәрумендерін жоғалта бастайды. Алайда, бірнеше кеңесті біле отырып, ашылған көкөністердің мерзімін бірнеше күнге ұзартуға болады.
Кей кеңестер ішінде көкөністерді тоңазытқышқа салар алдында оларды булау (бланшировать) керек деген ұсыныстар кездеседі. Ол ашылған және туралған көкөністерді қайнап тұрған суға 30 секунд-5 минут аралығына (көкөністердің тығыздығына байланысты) салып шығу дегенді білдіреді. Көкөністерді тіпті жартылай пісірмей жай ғана жұмсартып алады. Азықты булау деңгейін дәміне қарап анықтайсыздар. Көкөністерді булап болған соң оларды өте суық суға саласыз. Одан соң суын төгіп, құрғату керек. Булаудан соң тоңазытқышта сақталған көкөністерді тек сорпаға, бұқтырылған етпен дайындалатын тағамдарға, яғни көкөністің қалыңдығы (түрі) маңызды емес тағамдарға қолдана алатынуға жарайтынын ескеріңіз.
Көк шөп
Көк шөптер ұзақ сақталуы үшін тоңазытқышқа салар алдында жапырақтарын сабағынан алып тастаңыз. Сарғайған немесе өліп қалған жапырақтарын алып тастау керек. Көк шөпті сақтауға қояр алдында жумаңыз, сол кезде ұзақ сақталады. Оны таза құрғақ майлыққа немесе қағаз сулыққа орап қойыңыз. Пакетке салмаңыз. Келесі әдіс – көк шөптің жапырақтарын сабағынан алмай-ақ полиэтиленмен орап тастау.
Сәбіз
Туралған сәбізді тоңазытқышқа салар алдында кеуіп кетпес үшін оны пакетке салып, қасына ылғал майлықты бірге салыңыз. Алайда ол тек 2 күнге ғана сақталады. Сәбізді булау арқылы мұздатқышта 1 жылға дейін сақтауға болады.
Картоп
Картопты суға салып, тоңазытқышта 1 күннен артық сақтауға болмайды. Картопты немесе картоптан жасалған тағамды үй жағдайында мұздатып сақтаудың қажеті жоқ. Себебі, нәтижесінде дәмі жеуге жарамсыз болып қалады.
Қырыққабат
Полиэтиленді пакетке туралып салынған қырыққабатты тоңазытқышта 3 күнге дейін сақтауға болады. Қырыққабатты балғын күйінде мұздатып ұзақ уақыт сақтау мүмкін емес. Ал булау арқылы сақтаудың мәні жоқ. Себебі, булаудан соң қатырып қою оның ылғалдылығын жоғалтады.
Түсті қырыққабат және брокколи
Тоңазытқышта полиэтиленді пакеттің ішіне салу арқылы 1 күн сақталады. Басқа тағамдардың иісін бірден өзіне сіңіріп алатыны естеріңізде болсын. Басқа тағамдардың ашық қалмауын тексеріңіз. Оларды балғын күйінде де, булау түрінде де мұздатып ұзақ уақытқа сақтауға болады.
А. Жапатова