Картоп пен күріштен уланып қалуыңыз мүмкін

Картоп пен күріштен уланып қалуыңыз мүмкін
Фото: massaget.kz

Кей күндері тамақты мөлшерден тыс көп дайындап, таусылмай келесі күнге қалып қоятын кездер болады. Егер тағамды тоңазытқышқа салмай, келесі күні жылытып жесек, кейбір тағамдардан уланып қалуымыз мүмкін екен. Сіз мұны білдіңіз бе?

Картоп

Картоп  жоғары көмірсутекті өнім. Егер оны дайындаған соң бөлме температурасында бірнеше сағатқа қалдырса, түрлі микроағзалардың қоректену ортасына айналады. Картопты дайындау кезінде микроағзаларды өлтіргенімен, оны екінші рет дәл сондай температурада қыздырсаңыз да ондай нәтижеге жете алмайсыз. Бөлме температурасында қайнаған не қуырылған картопта бактериялар көбейе бастайды. 

"Күн сайын дерлік солай істейміз, бірақ уланып жатқан жоқпыз" деуіңіз әбден мүмкін. Біздің ағзамыз бактерияның белгілі бір көлемімен күресуге бейімделген. Кішкентай балалардың иммунитеті әлсіз, сондықтан тоңазытқышқа салынбай, жылытып ішкен ас сол балаларға қауіпті. 

Күріш

Күріш те көмірсутекке (күрделі қанттар) бай. Ол да жылы жерде қаншалықты ұзақ тұрса, соншалықты бактерия көп жиналады. Палауға май, тұздық, дәмдеуіштер қосатын болғандықтан, олар палауды қоршаған ортадан қорғап, бактерияның таралуын азайтады. Сондықтан қауіптісі  суға қайнаған күріш. 

Алайда кез келген тағам қалдығын тоңазытқышқа жылдамырақ салсаңыз, улану ықтималдығы да азаяды. 

Тамақты тоңазытқышқа салмас бұрын қаншалықты суыту керек?

Тағамның температурасы 80 градустан түсе бастағанда, бактерия тарай бастайды. Сондықтан, тамақ толықтай бөлме температурасына дейін сууын күтпей-ақ қойыңыз.

Ыстық тамақтан тоңазытқыш бұзылмай ма?

Егер төмендегі 3 ережені сақтасаңыз, ыстық тамақтан тоңазытқыш бұзылмайды:

- Тоңазытқышқа тамақты дайындаған ыстық ыдыспен салмаңыз. Тағамды кез келген басқа суық ыдысқа ауыстырып салыңыз;

- Тағам салған ыдыстың қақпағын мықты бекітіп жабыңыз. Тоңазытқышқа тағамның буы және иісі сіңбеу қажет.

- Тағамды тоңазытқыштағы басқа тағамдарға тығыздап, жақындатып қоймаңыз.

А. Жапатова