Микроблейдинг: Қасқа арналған процедураның артықшылықтары мен кемшіліктері

Микроблейдинг: Қасқа арналған процедураның артықшылықтары мен кемшіліктері
Фото: ru.freepik.com

Табиғи сұлулық пен минимум косметика – соңғы жылдардағы басты тренд. Әлемге танымал бет әрлеушілер макияж көмегімен артықшылығыңызды сәл ғана айқындап, кемшіліктерді жасыруды ұсынады. Алайда, макияжды білдіртпей жағу оңай нәрсе емес және ол көп уақытты алады. Мұндай кезде көпшілік нәтижесі ұзаққа дейін сақталатын бьюти-процедураларды таңдайды. Солардың бірі – қасқа микроблейдинг жасау.

Бұл процедура қасқа қанық түс сыйлайды, пішіні мен қалыңдығын жақсартады. Сондай-ақ оның көмегімен бет әлпетті визуалды түрде түзетуге болады. Ендеше, бұл процедура жайлы не білу керек? Оның қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар?

Микроблейдинг – теріде жасанды шаштарды ұқсатып жасауға мүмкіндік беретін және қолмен орындалатын татуаж. Ол үшін өте шағын нано-инелер қолданылады. Мұндай иненің көмегімен бояу теріге терең сіңеді. Нәтиже 1 жылға дейін сақталуы мүмкін. Мануалды техника әр шашты салуға мүмкіндік береді, сондықтан қас қалың болып көрінеді. Бұл процедурадан кейін макияжға аз уақыт бөлетін боласыз.

Қасқа микроблейдингті қалай жасайды?

Микроблейдинг процесі оған дайындықтан басталады. Маманға бармастан 2 апта бұрын қасты жұлуға болмайды, антибиотик және гормонды дәрілерді ішуді тоқтату керек. Сондай-ақ жағажайда болмауыңыз керек. Процедураға бірнеше күн қалғанда энергетикалық сусындар, кофе және спиртті өнім ішуге болмайды. Олар бояудың біртекті таралуына және терінің бояғыш затты қабылдағыштығына кері әсер етуі мүмкін.

beauty-look.dp.ua

Микроблейдинг мына кезеңдерден тұрады:

1. Реңк таңдау және эскиз дайындау. Бұл кезеңде клиент шебермен бірге сыртқы келбетінің ерекшелігін ескере отырып, қастың қолайлы түсін, қалыңдығын және пішінін таңдайды. Содан соң косметикалық қарындаш көмегімен эскизді салып, артық қастарды жұлып тастайды.

2. Дезинфекциялау және жансыздандыру. Татуаж жасалатын тері бөлігін дезинфекциялайтын құралмен және анестетикпен өңдейді.

3. Арнайы құралмен пигмент құйылатын микро ойықтар жасалады.

4. Қастан бояу қалдықтарын алады, ол жерді тағы да дезинфекциялайды және тез жазылу үшін жақпа жағып береді.

Қас микроблейдингінің артықшылықтары:

- Табиғи реңк пен пішін;
- Сыртқы келбетті уайымдамай-ақ, бетті сулай бере аласыз және спортпен айналыса бересіз;
- Күнделікті макияжға кететін уақыт пен қаражатты үнемдейсіз;
- Кемшіліктерді түзетудің керемет әдісі;
- Пигментті енгізу кезінде классикалық татуажға қарағанда жағымсыздықты аз сезесіз.
- Процедура ұзақ уақытты алмайды (2 сағатқа дейін).


beauty-look.dp.ua

Қас микроблейдингінің кемшіліктері:

- Бұл процедураны орындау кәсібилікті қажет етеді. Тәжірибелі шебер пигментті қандай тереңдікке енгізу керегін біледі. Соңғы нәтиже тікелей осыған қатысты. Бояуды қажет тереңдікке енгізбесе, ол теріден жылдам жоғалады. Ал егер өте терең енгізсе, уақыт өте табиғи емес түске боялатын тыртық қалдыруы мүмкін;
- Микроблейдингті терісі майлы қыздарға жасау ұсынылмайды, әйтпесе ол уақыт өте ұқыпты пішінін жоғалтып алуы мүмкін;
- Жүйелі түрде түзетуге барып тұру керек (орташа есеппен, жарты жылда бір рет);
- Бұл процедурадан соң қасқа арнайы күтім мен кей шектеулер керек.

Бұл процедураға қарсыкөрсетілім де бар:

- Жұқпалы, вирусты, саңырауқұлақ аурулары;
- Тері аурулары, жаңа түзілімдердің болуы;
- Қант диабеті;
- Жүрек-қан тамырлы жүйесі проблемасы;
- Психикалық аурулар;
- Жүктілік, бала емізу;
- Өте майлы тері;
- 18 жасқа толмағандар.

А. Жапатова