"Жаңа таралғандай": Қасты ламинирлеу қандай процедура?

"Жаңа таралғандай": Қасты ламинирлеу қандай процедура?
Фото: ru.pinterest.com

Қазіргі танымал процедуралардың бірі — қасты ламинирлеу: сұлулық салонына жарты сағат уақытыңызды жұмсап, бір ай алаңсыз жүре аласыз. Қасты ламинирлеу деген не? Процедурадан соң қасқа қалай күтім жасау керек?

Қасты ламинирлеу — шаштарды қажет бағытта «қатырып» қоюға, ретсіз өскен қасқа әдемі пішін беруге және қасқа арналған бекіткіш гельді күнде қолданбауға мүмкіндік беретін процедура. Процедурадан соң қасыңыз жаңа таралғандай көрінеді.

Бұл процедураны қалай жасайды?

Бұл процедура, әдетте, үш кезеңнен тұрады.

Алдымен қасқа шаш қабыршақтарын ашатын жұмсартушы құрам жағады. Сосын оны ауамен байланысы болмас үшін мөлдір үлдірмен қаптайды. Тері қызарып кетуі мүмкін, бірақ қызарғаны әдетте, 15 минуттан кейін кетеді. Бояуға аллергиясы бар немесе терісі өте сезімтал адамдар алдымен шынтақтың бүгілетін жеріне тест жасату керек.

Екінші кезең — бекіту. Қасқа құрам жағып, оған қажет пішін береді. Оны біраз уақытқа қалдырады. Құрамды жуып тастаған кезде де шаш сол қалпында қалады.

Үшінші кезең — пішін беру және бояу. Шебер теріге тимей,  шаштармен жұмыс істейді.

Ол кімдерге келеді?

Ол қасы жіңішке және жұқа қыздарға жақсы келеді. Шаштар жоғары қарай таралатындықтан қас тығыз әрі көлемді етіп көрінеді. Қасқа қалыңдық жетіспесе, оны қарындашпен немесе теньмен бояу қажет болады, бірақ қастың өзі ламинирлеуден соң әдемі және табиғи жатады. Ал табиғатынан қастары ұзын қыздарға бұл процедураны жасау ұсынылмайды. 

Сондай-ақ сапалы құралмен жұмыс істейтін салон табыңыз. Әдетте, сапалы құрал құрамына кератин, цистеин аминқышқылы және коллаген кіреді. Ал кей арзан құралдар қасты қатты етіп жібереді. Егер қасыңыз табиғатынан жұмсақ әрі жұқа болса, мұндай арзан құралмен бірнеше рет ламинирлеу жасасаңыз, шаштар сына бастайды және бастапқыдан да нашар көрінетін болады.

Процедурадан кейінгі күтім

Бұл процедурадан соң қасқа бір тәулік бойы су тигізбеу керек. Қас жасаушылар процедурадан кейінгі алғашқы күндері будан, терлеуден және макияждан аулақ болуды ұсынады. Қасқа арналған майды жүйелі түрде қолданған жөн. Мысалы, күнде ұйықтар алдында арган майын жағыңыз. Ол шаш сынғыштығының алдын алады және қастың келесі процедураға дейін жақсы күйде сақталуына көмектеседі. Егер май қолданғанды жақсы көрмейтіндер қатарына жатсаңыз, қасқа арналған сарысу алыңыз.

Процедурадан соң қас пішінін жақсы сақтайды: бұл әсер шамамен бір айға созылады. Күнде бет жуғаннан кейін оған қажет бағытты бере отырып, тарау жеткілікті.

А. Жапатова