Құрғақ ерінді қалай емдейміз?

Құрғақ ерінді қалай емдейміз?
Фото: pixabay.com

Қыста ерін күтіміне ерекше мән берген абзал. Себебі нәзік әрі сезімтал болып келетін ерін терісі тез жарылады. Назарыңызға зақымданған ерінді емдеудің әдістерін ұсынамыз.

Егер ерніңіз құрғап, жарыла бастаса, алдымен оның себебін анықтау керек:

- Ерніңізді көп жалайсыз. Кей адамдарда ол әдетке айналған. Сілекей ылғалды және майлы қабықшаны өзіне "сіңіріп алады", соның кесірінен ерін терісі сыртқы факторларға (жел, суық, құрғақтық, жұқпа) душар болады;
- Көп кофе ішесіз. Кофе ерін терісін сусыздандырады;
- Суық және желді күні бетіңізді шарфпен жаппайсыз;
- Құрамында спирт, карбол қышқылы және/немесе ментолы бар сапасыз ерін бальзамын қолданасыз;
- Құрамында лаурилсульфат натрийі (қаптамасында Sodium Lauryl Sulfate деп жазылып тұрады ) бар тіс пастасын қолданасыз;

Егер ерніңіздің құрғағанын және жарылғанын байқасаңыз, бірден емдеуге кірісіңіз. Оған төмендегі құралдардың біреуі көмектесе алады:

Кастор майы + вазелин. Кастор майын ерніңізге мақта таяқшасы арқылы жағыңыз. Ал оның сыртынан жұқа етіп вазелин жағып шығыңыз. Ерніңіз бірден жазыла бастайды, ал шамамен бір аптадан соң одан мүлдем құтыласыз.

Бал. Суланған саусағыңызбен ерніңізге бал жағып шығыңыз. Бал антибактериалдық қасиетке ие. Сондай-ақ ол сезімтал теріні ылғалдандырады және қоректендіреді.

Глицерин. Глицерин ерін терісіндегі ылғал пайызын арттыруға ықпал етеді және ол табиғи ылғалдандырғыштардың бірі болып табылады. Ол ерін құрғақтығының жазылу процесін жылдамдатады. Глицериннің бірнеше тамшысын ұйықтар алдында ерніңізге жағу жеткілікті.

Ерінге арналған бальзам. Ерінге арналған бальзам – үнемі өзіңізбен бірге тасып жүруге ыңғайлы және әрдайым ерніңізді қорғап жүретін зат. Оны ерін далабының астына жағып алу арқылы ерніңізді құрғақтанудан құтқара аласыз.

Алоэ вера гелі. Бұл өсімдік өзінің емдік қасиеттерімен белгілі. Ол ерін терісін құрғақтанудан қорғай алады. Сондықтан алоэ вера гелін ерін күтіміне де қолдануға болады.

Кілегей май. Ол ерінді ылғалдандыратын табиғи құрал. Ерніңізді күніне екі рет кілегей майдың бөлігімен уқалаңыз. Бірақ мұндай майдың құрамында тұз болмауы керек. Тұз теріні одан әрі зақымдауы мүмкін.

Ерін жарылуының алдын алу үшін мына ережелерді ұстаныңыз:

- Су көбірек ішу. Ерін жарылуының бір себебі – бүкіл ағзаның сусыздануы. Бұл сіздің суды аз ішетініңізді білдіреді. Шырындар, шайлар, газдалған сусындар суды ауыстыра алмайтындығын ұмытпаңыз. Су тепе-теңдігін қалпына келтіру үшін күніне ең аз дегенде 1 литр таза су ішу керек. Егер компьютер алдында жұмыс істесеңіз, қасыңызға су қойып қойыңыз. Оны аз-аздап ішіп отыруды әдетке айналдырыңыз.

- Ауаны ылғалдандыру. Ауа ылғалдандырғыш – үйге және жұмысқа өте қажет құралдардың бірі. Таза әрі ылғалданған ауа сізді көптеген мәселелерден құтқарады.

- Құрамында темірі бар дәрумендер жинағын ішу. Егер барлық амалдарды қолдансаңыз да ерніңіз жарыла беретін болса, дәрігерге қаралып, анализ тапсырыңыз. Егер сізде анемия болса немесе ағзаңызға темір жетіспесе, ол ерін жарылуының себебі болуы мүмкін. Темір жетіспеушілігінің орнын толықтыру үшін дәрігер сізге дәрумендер жинағын жазып беруі мүмкін.

А. Жапатова