Ерінге қажетті дәрумендер

Ерінге қажетті дәрумендер
Фото: Huffington Post

Адамдардың көпшілігін еріннің жарылуы (немесе ауыздық) мазалайды. Кей кездері ерін терең тілініп, ол қанайды немесе тамақ жеуге ыңғайсыздық туғызып, аузыңды артық ашқың келмейтін жағдайлар да болып жатады. Мұндай проблема басталмас бұрын ерін аздап құрғай бастайды. Біз оның себебін ауа райынан (жел, аяз) көре саламыз. Содан соң «ұлғайтып алмайық» деген оймен ерінге крем немесе бальзам жағып қоямыз. Әрине, ауа райы теріге және ерінге де әсерін береді, алайда көп жағдайда иммундық жүйенің бұзылуы еріннің жарылуына әкеліп жатады.

Ерін барлық сыртқы және ішкі әсерлерді қабылдайды. Негізгі сыртқы әсерге жоғарыда айтылған ауа райы жатады. Сонымен қатар оған кеңседегі және үйдегі өте құрғақ ауа жатады. Қаладағы шаң-тозаң және хлорланған сумен жиі жуыну ерінге кері әсерін береді. Сыртқы себептер ішкімен тығыз байланысты. Дұрыс тамақтанбау, суды аз ішу ағзаның ауруына әкеліп соғады. Ол ауру еріннің қатты тілініп, жарылуымен белгі болып беріледі.

Ерінге А, Е, С, F және В дәрумендері өте қажет. В тобының ішінен ерінге В2 мен В3 дәрумендері маңыздырақ. Бұл айтылған дәрумендерге кептірілген саңырауқұлақ, сиырдың өкпесі мен бауыры, құрғақ сүт және жұмыртқа ұнтағы бай болып келеді.

А дәрумені сиыр өкпесінде, сәбіз, қызыл шетен, жыланбалық, жұмыртқаның сарысы, ақжелкен, ерітілген сары май және өрікте кездеседі.

Е дәрумені күнбағыс майы, шекілдеуік, түрлі жаңғақтар, бидай кебегі және кей балық консервілерінде (скумбрия, майбалық) болады.

С дәрумені итмұрын, шырғанақ, қарақат секілді жидектерде, ақжелкен, аскөк, тәтті бұрыш, қырыққабат көкөністерінде және жемістерде болады.

F дәруменінсіз зат алмасу қалыпты жүрмейді. Егер бұл дәрумен аз болса, теріге безеулер мен дақтар шыға бастап, ерін құрғап, жаралана бастайды. Дәріханаларда  F дәрумені бар ерінге арналған бальзамдар сатылады. F дәруменіне өсімдік майлары (күнбағыс, соя, зығыр), жаңғақтар, кей кептірілген жемістер және балық майлары бай.

Егер дәрігер ұсынса, дәріханада сатылатын дәрумендерді ішуге болады. Алайда тағамның құрамындағы дәрумендер ағзаға жылдам әрі жақсы сіңірілетінін есте сақтайық.

А. Жапатова