Үш спорттық ереже

Үш спорттық ереже
Фото: pixabay.com

Дәрігерлер мен ғалымдар адамдарды дене шынықтырумен және спортпен айналысуға шақырудан шаршамайды. Себебі мамандар оның жалпы адам ағзасына тигізер мол пайдасын біледі. Қазір көпшіліктің дене шынықтыруға деген ынтасы бар.

Бірақ әйелдердің көпшілігі жаттығу залына бір ай шамасында барып, нәтижелерден көңілі қалады: артық салмақтан арылмайды, денсаулығында да жақсы әсер байқалмайды, оның үстіне, үнемі бұлшықеттері ауырады. Cонда спортпен қалай шұғылдану керек?

Артық салмақ тастауда немесе денсаулықты қалыпты жағдайда ұстауда нәтижеге жетудің басты шарты – тұрақтылық. Егер жаттығу залына аптасына бір рет қана барсаңыз, оның пайдасы аса білінбейді. Себебі бұлшықеттердің 2 тәулік бойы жұмыс істейтін өз есте сақтау жады бар.

Яғни, егер бүгін арқа бұлшықетін жаттықтырсаңыз, ол әрдайым тонуста болуы үшін келесі жаттығу максимум үшінші күні болуы керек. Егер одан асып кетсе, жаттығу процесін қайтадан басынан бастағанмен бірдей болады, себебі бұлшықет алдыңғы жаттығуды "ұмытып" қалады.

Нәтижеге жету үшін және оны сақтап қалу үшін аз дегенде 3 ережені ұстану керек:

- Жаттығу 50-60 минуттан аз уақытқа созылмауы керек. Жаттығу залына келіп, әңгіме айтқанды немесе ұялы телефонға қарағанды есептемей, тек белсенді жаттығу жасауға кеткен уақытыңыз сондай болуы керек.

- Жаттығулар кестесі сақталуы керек. Мысалы, бірінші аптада дүйсенбі-сәрсенбі-жұма жаттығу залына барып, келесі аптада сейсенбі-бейсенбі баруға болмайды.

- Егер мақсатыңыз бұлшықеттерді өсіру емес, тек артық майды кетіру болса, тамақтану үлесіңізді бақылау қажет. Арықтауға арналған жаттығу алдында 2 сағат бұрын тамақ ішпеңіз, ал жаттығудан соң бір сағат шамасында тамақ ішпей күте тұрыңыз. Физикалық жаттығулардан соң жануар тектілердің ақуызын (ет, балық, жұмыртқа, сүтті тағамдар) жеу ұсынылмайды.

А. Жапатова