- Негізгі бет
- Аспаздық
- Массагеттен мәзір: Балдыркөк...
Массагеттен мәзір: Балдыркөк салаттары
Балдыркөк (сельдерей) – бағалы азық және керемет емдік құрал. Оның құрамында пайдалы заттар өте көп. Балдыркөк қартаюды баяулатады, ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартады, жүйке жүйесін тыныштандырады және жүрек-тамырлы жүйеге жақсы әсерін береді. Егер балдыркөкті жемістермен қоса, салат дайындаса, артық салмақ тастауға көмектеседі. Төменде балдыркөктен дайындалатын салаттардың жасалу жолын ұсынамыз.
1. Балдыркөк және алма салаты
Қажетті азық-түлік:
- 1 алма;
- балдыркөк сабағы;
- 1 шай қасық лимон сығындысы;
- 1 шай қасық бал;
- зәйтүн майы.
Балдыркөкті орташа етіп тураймыз. Егер қышқыл дәмді ұнатпайтын болсаңыз, балдыркөкті аз мөлшерде және ұсақ етіп тураңыз.
Алманы орташа көлемде тураймыз.
Балдыркөк пен алманы ыдысқа салып, оған лимон сығындысын құямыз.
Салатқа бал қосамыз. Одан соң салатты зәйтүн немесе қарапайым өсімдік майымен араластырамыз.
Балдыркөк пен алма салаты дайын!
2. "Денсаулық" салаты
Қажетті азық-түлік:
- 50-100 гр қырыққабат (капуста);
- балдыркөк сабағы;
- 1 үлкен шалғам (редиска);
- 1 сәбіз;
- көк жуа;
- тұз;
- 1 ас қасық мойенез немесе қаймақ.
Қырыққабатты жіңішке етіп тураймыз.
Балдыркөкті де жіңішке етіп тураймыз.
Шалғамды (редиска) үккіштен өткіземіз.
Сәбізді үккіштен ұзынша етіп өткіземіз.
Көк жуаны ұсақтап тураймыз.
Барлығын ыдысқа салып, аздап тұз қосып, мойенезбен араластырамыз.
"Денсаулық" салаты дайын! Астарыңыз дәмді болсын!
А. Жапатова