- Негізгі бет
- Аспаздық
- Консервіленген балықтан дайындалатын...
Консервіленген балықтан дайындалатын салаттар
Консервіленген балықтан дайындалатын мимозадан да басқа салаттар бар. Қалбырдағы балықтар күрішпен және майонезбен жақсы үйлеседі. Сондықтан да көп жағдайда осы ингредиенттерді қолданады. Консервіленген сайра (тынық мұхитта болатын балық), құныс балық (горбуша), тунец балықтарын картоппен және басқа да көкөністермен дайындаған жөн. Төменде консервідегі балықтан дайындалатын салат түрлерін ұсынамыз.
Консервіленген балық пен қияр салаты
Дайындалу уақыты: 30 минут
Порция саны: 4-6
Қажетті азық-түліктер:
- 150 гр күріш;
- Сусыны бар консервіленген құныс балық (горбуша);
- 2 қияр;
- Дәміне қарай жасыл жуа;
- Майонез;
- Тұз, қара бұрыш.
Дайындалу жолы:
Тұздалған суда күріш пісіріп аламыз. Қияр мен жасыл жуаны ұсақтап тураймыз. Балықтың суйықтығын піскен күрішке қосып жіберген жөн. Себебі балықтың дәмін күшейтеді және салаттағы майонез көлемін азайтады. Күрішке туралған қияр мен жасыл жуаны қосып, араластырамыз. Құныс балықтың сүйегін алып тастап, шанышқымен еземіз. Консервіленген балықты салатқа қосамыз. Салатқа дәміне қарай тұз бен қара бұрыш қосып, 2 ас қасық майонезбен жақсылап араластырамыз. Салатты дастарқанға қояр алдында тоңазытқышта бір сағат көлемінде ұстаған жөн.
Консервіленген балық пен балдыркөк (сельдерей) салаты
Дайындалу уақыты: 15 минут
Порция саны: 4
Қажетті азық-түліктер:
- 1 құты консервіленген лосось;
- 2 балдыркөк сабағы;
- Дәміне қарай жасыл жуа мен аскөк;
- 1/4 лимон суы;
- Майонез;
- Тұз.
Дайындалу жолы:
Балдыркөкті жуып, ұсақтап тураңыз. Жуа мен аскөкті де ұсақтап тураңыз. Ласось консервісін ашып, ондағы артық суды төгіп тастаңыз. Ыдысқа барлық ингредиенттерді салып, оған лимон суын құйып, аздап тұз қосып, бірнеше ас қасық майонезбен араластырыңыз. Салат дайын!
А. Жапатова