Массагеттен мәзір: "Мимоза" салаты

Массагеттен мәзір: "Мимоза" салаты
Фото: massaget.kz

Кезінде көктем мезгілінде қыздарға көп жағдайда мимоза гүлін сыйлайтын болған. "Мимоза" сөзі көктем мезгіліне сәйкес келгенімен, бұл салатты көбінесе суық мезгілде дайындайды. Ендеше дастарқанға береке кіргізіп, жылулық орнатқыңыз келсе, мимоза салатын дайындаңыз.

Қажет азық-түліктер: 

- 6 жұмыртқа;

- 120 гр ірімшік;

- 1 құты сардина (майшабақ тұқымдас кішкентай балық);

- майонез;

- тұз, қара бұрыш.

 6 жұмыртқаны пісіріп аламыз. Суыған соң, ақуызын үккіштің ірі көзінен өткіземіз.

Үккіштен өткізілген жұмыртқаның ағына дәміне қарай аздап тұз және қара бұрыш, майонез қосып, жақсылап араластырамыз.

Жұмыртқаның сарысын үккіштің жіңішке көзінен өткіземіз.

 Ірімшікті де үккіштің жіңішке жағынан өткіземіз. Содан соң, майонезбен араластырып дайындап қоямыз.

 Тәрелкеге сардинаны саламыз.

 Сардинаның үстіне жұмыртқаның ағынан дайындап қойған қоспаны жағып шығамыз.

  Келесі қабатқа ірімшікті жағамыз.

 Барлығының үстінен тегістеп, жұқа етіп майонез жағып шығыңыз.

 Одан соң бетіне жұмыртқаның сарыуызын сеуіп шығамыз. "Мимоза" салаты дайын. Ас болсын!

А. Жапатова