- Негізгі бет
- Сымбат
- Мектеп бітіру кешіне...
Мектеп бітіру кешіне дайындық: тері
Соңғы қоңыраудың сыңғыры мен бірыңғай тестілеудің уайымдары артта қалғанда, түлектердің келесі уайымы не? Әрине мектеп бітіру кеші олардың басты тақырыбына айналды. Әсіресе, бұл шараға қыздар дайындалады. Өмірлеріндегі алғашқы салтанатты кешке жарқырап келу әр жас арудың арманы. Бүгінгі тақырып бет терісін дайындау болмақ.
Көйлек мәселесі осы күнге дейін шешілген болуы керек, керісінше жағдайда, біздің мына кеңестеріміз бен көйлек топтамаларымен танысыңыз. Көйлектен кейінгі маңыздылығы бойынша біріншісінен кем емес мэйк-ап бар. Жалпы, мэйк-аптан бұрын, бет терісін осы кешке дейін күтіп, дайындау маңызды. Қандай керемет визажиске жазылсаңыз да, ол бет терісінің кемшіліктерін жасыра алмайды. Бояу барынша дұрыс жату үшін, мектеп бітіру кешінің алдында теріңізге ерекше күтім көрсетіңіз.
1. Мектеп бітіру кешіне бірнеше күн қалғанда құрамында саз (глина) және басқа да өте құрғататын құрамдас бөліктер бар маскалар мен скрабтар қолданбаған жөн. Олардан кейін тері қатты құрғап, тартылып, қызарады.
2. Сондай-ақ бетті терең тазарту дауаларын бір аптадан аз уақыт қалғанда жасамаған дұрыс. Бұндай дауаларды алдын ала жоспарлап, ертерек жасатыңыз. Себебі олардан кейін тері қалпына келуі үшін біршама уақыт қажет.
3. Бетіңізде кенеттен ұшық не безеу шықса, оны сығуға асықпаңыз. Одан да қырмызы (календула) тұнбасына мақтаны малып, безеуді басыңыз. Ол безеуді құрғатып, қызарғанды басып, тез кетіреді.
4. Ұйқы – қолжетімді әрі ең оңай жастық эликсирі. Сондықтан мектеп бітіру кешіне бірнеше күн қалғанда, ұйқыны қандыруды әдетке айналдырыңыз. Ұйқы кезінде дене жасушалары жаңарып, нәтижесінде бет шырайлана түседі.
5. Кофе, газдалған энергетикалық сусындар адам ағзасына іштей әсер етеді. Тәтті сусындардан бас тартсаңыз, сырт келбетіңіз жақсарғанын байқайсыз. Көздің астындағы күңгірттік, шаршағандық, ісу атымен жоқ болады.
6. Кеш алдындағы екі аптада тәтті, майлы, қақталған, сүрленген, тұзды, құрамында бояғыштар мен консерванттары бар тағамдардан бас тартқан жөн. Бұндай зиянды тағам бет терісіне әсер етері сөзсіз. Безеулер мен терінің майлануынан арылу үшін дұрыс тамақтану ережелерін ұстаныңыз.
6. Салтанатты кешке бір күн қалғанда, бетіңізге барынша табиғи ылғалдандыратын маска жасаңыз. Масканы ұйықтар алдында, кешке жасаған жөн. Бұл теріні қажетті мөлшерде ылғалдандырып, оны ұзақ кешке дайындайды.
7. Салтанатты кеш белгіленген күні, визажиске жол алғанда бетіңізге крем жақпаңыз. Қазіргі кремдердің көбісінің құрамына косметиканың дұрыс жатуына кедергі жасайтын эмульсиялар кіреді.
Жалғасы бар.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: congdongmypham.com
С. А