- Негізгі бет
- Сән
- Мектеп бітіру кешіне...
Мектеп бітіру кешіне не киемін?
Мектеп бітіру кешіне бір айдан кем уақыт қалды. Түлектердің көбісі, өмірінде бір-ақ рет болатын кешке киетін салтанатты көйлегін дайындап қойған болар. Бірақ соңғы қоңырау, ҰБТ шаруларымен босай алмай қалғандар да баршылық.
Кешке аз уақыт қалғанда көйлек таңдау қиын мәселеге айналады. Біріншіден, көйлек тіктіріп үлгермейсіз. Сондықтан базар мен дүкендерді аралағаннан басқа амал қалмайды. Алайда көп жағдайда дайын көйлектер ұсақ-түйектеріне дейін ойластырылған болады. Тек солардың арасынан қазіргі сәнді есепке алып, өзіңізге жарасатынын таңдаңыз.
Шілтер
Бейнеңізді бір сәтте нәзік жене романтикалық қылудың бірден бір амалы. Тек түсін өзіңізге тән таңдаңыз. Ашық түстер "періштелік" бейнеге сай болса, қара, күңгірт-қызыл түсті шілтерлі көйлектер драматикалық look-қа келеді.
Жылтыр
Салтанатты көйлекте күнделікті өзіңізге киюге рұқсат бермейтін бейнелерді қолдануға болады. Мысалы жылтыр элементтері бар көйлек сізді бірден көпшіліктен ерекшелейді. Әрине, түгелімен жылтыр көйлектерді Жаңа Жыл кеші мен билеу кештеріне қалдыра қойыңыз. Мектеп бітіру кешіне тек үсті, не аксессуарлары жылтыр бейне үйлеседі.
Баска
Баска соңғы маусымдарда нағыз трендке айналып, танымалдылыққа ие болды. Бұл кішкентай элемент бүкіл бейнеге салтанаттылық қосады. Сондықтан қарапайым қара көйлек те сәнді көрінеді. Айта кетсек, мұндай пішін фигураның кейбір кемшіліктерін жасыра алады.
Ассиметриялы пішін
Мектеп бітіру кешіне мінсіз нұсқа - ұзын ассиметриялы пішінді көйлек. Иығынан басталып, соңындағы тілігіне дейін бұндай көйлек фигураның кемшіліктерін жасырып, жақсы жақтарын көрсетеді.
Ретро
"Ұлы Гэтсби" фильміндегі 20 жылдар стилі соңғы кезде жұлдыздар арасында танымал. Сіз де ретро стилін таңдап, арт-деко дәуірінің салтанатының бір бөлігіне айналыңыз. Ол үшін түзу, орта ұзындықты, шашақ не тастармен әшекейленген көйлек таңдаңыз.
Шифон
Шифон – салтанатты көйлектер тігуге жаралған мата. Әсіресе жазда бұл жеңіл, ұшып тұратын жартылай мөлдір матадан тігілген көйлекті кимеске болмайды. Мектеп бітіру кешінде өзіңізді нәзік, жеңіл, сұлу сезінесіз.
Омбре
Бір түсті көйлектер көптігінен ерекшеленгіңіз келе ме? Ендеше омбре түсті көйлек таңдаңыз. Бірнеше түстің бір-біріне өтуі сізді жұмбақ ару қылады. Түстерге келетін болсақ, омбреде кез келген түстер үйлесе алады: ақ, нәзік қызғылт, көгілдір, көк, қара көк, күлгін.
Дайындаған: Сания Аринова
Суреттер: cosmo.com.ua
С. А