- Негізгі бет
- Сымбат
- Маникюрдағы анти-трендтер ...
Маникюрдағы анти-трендтер
Сән қуалау жолында адасып, артық кетіп қалуымыз әбден мүмкін. Бұл маникюрға да қатысты. Қолдың күтімі мен ұқыпты тырнақтар бірінші кезекте көзге түсетінін есепке алсақ, маникюр түрі мен түсін таңдағанда өте мұқият болу керек.
Сәнге қатты еліктеп кетуден өзіңізді сақтап қалу үшін маникюрдағы анти-трендерден абай болыңыз.
Жасанды тырнақтар
Жалпы жасандылықтың кез келген түрі сіздің бейнеңізді бұзуы мүмкін. Әсіресе, макияж және маникюрдағы жабыстырылатын қосымша заттар жігіттердің көңілінен шықпайды. Жалпы бұл тренд бірнеше жыл бұрын сәнде болатын, бірақ жабыстырылған ұзын тырнақтарға құмар қыздар әлі де бар. Бұған өсіртіп алынған тырнақ та жатады. Оның өз тырнағыңызды құртатынын қоссақ, бұндайға еш уақыт жоламауға кеңес береміз. Айта кетсек, шет елдерде бұрыннан бері ұзын жасанды тырнақтар талғамсыздық пен ұсқынсыздық белгісі болып табылады.
Лак түсі
Лак түсін таңдағандағы басты критерий оның маусымға сәйкес болуы. Мысалға қыста жарқын неон түстері, ал жазда күңгірт түстер біртүрлі көрінеді. Түрлі-түсті маникюрды жиі ауыстыратын қыздардың қатарынан болсаңыз, біріншіден жыл мезгілі, артынан сәнді түстер жайлы ойланыңыз. Макияжға арналған косметика түстері сияқты лак түстерін де мезгілге үйлестіріп таңдаған жөн.
Қазір, яғни 2013-2014 жылдарының күз-қыс кезеңінде мөлдір, қызғылт, сарғылт-қоңыр, хаки, ашық-қоңыр, сұр, сұр-көк, шоколад, қара-көк, күлгін, қызыл, қара, металлик түстерінің түрлі реңктері сәнде.
Әрине лак түсі бүкіл бейнеңіздің бір бөлігі ғана, ол бейненің толықтығы мен үйлесімділігін бұзбау керек. Сондықтан лак түсі белгілі бір бейнеге де сай болуы тиіс. Бұрын қолданылған түстер сәйкестігі ережесі бұл жағдай үшін келмейді. Мысалға қызыл туфли мен қызыл сөмкемен қызыл түсті лак тым көп болып көрінеді, одан да бейтарап түсті лак таңдаңыз. Кешкі жарқын, жылтыр бейнеге ашық түсті лак жарасады. Сонымен қатар лак түсін белгілі бір аксессуар: сөмке, көзілдірік, аяқ киімге сай таңдаудан қорықпаңыз.
Нейл-арт
Бетінде сурет салынған тырнақ немесе нейл-арт нағыз өнер. Алайда тырнаққа салынған сурет оны тек бір кешкі отырысқа жарамды қылады. Мысалы тойда жасатқан тастармен әшекейленген нейл-арт күнделікті бейнелермен келіспей қалады. Сондықтан бұндай маникюр жасауға тәуекелге барсаңыз, оны белгілі бір отырысқа, салтанатты жиынға не ерекше фотосессияға арнаңыз.
Маникюр этикеті тістелген, пішіні келтірілмеген тырнақ, тырнақ астындағы кірге жол бермейді. Тырнақтың сау болып, қатпарланбауы, сарғайып не ағарып кетпеуі де оның ұқыптылығын көрсетеді. Сондықтан бірінші кезекте тырнақтың саулығы, кейін маникюр түрі мен түсі жайлы ойланыңыз.
Тақырып бойынша:
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: ladyzest.com, moi-manikur.ru
С. А