Гельді маникюр деген не?

Гельді маникюр деген не?

Маникюр саласындағы соңғы жаңалықтардың бірі - гельді маникюр. Бұл өз тырнағын күтуге уақыты бола бермейтін қыздарға таптырмас шешім.

Тырнақ дауаларының арасындағы танымалы - тырнақты ұзартуда қолданылатын акрил мен гель тырнақ саулығын бұзатыны белгілі. Сондай-ақ ұзарту кезінде тырнақ беті тегістеліп, нәтижесінде зақымданады. Ұзартудан кейін тырнақтарыңыз бірнеше аптаға әдемілігін сақтаса да, артынан ауырып, жұқарып, сына бастайды.

Сұлулық салондарының соңғы кезде ұсынып жүрген тырнақты ұзартуға балама - гельді маникюр тырнағыңыздың табиғи сұлулығын сақтап, оларды сәнді, әсем көрсетеді. Ұзын тырнақтар сәннен шығып, жасанды көрінетінін заманауи қыздар түсінеді. Ал гельді маникюр ұзаққа сақталып, бүгін жағылғандай жаңа көрінеді.

Гельді маникюр тырнақтарыңыздың саулығына еш қиындық келтірмейді. Керісінше бұндай маникюр оларды берік қылып, зақымданудан сақтайды. Табиғи көрінетіндігіне қоса оны бір қарағанда қарапайым лактан еш айыруға болмайды.

Бұл маникюрда қолданылатын арнайы биогель тырнақ ұзартуда қолданылатын гельден әлдеқайда өзгеше болады. Оның құрамында тырнақ саулығын құртатын қышқыл қосылыстар жоқ. Бұл гельді сол үшін экогель не силиконды гель деп те атайды. Бұндай гельмен жұмыс жасау үшін арнайы ультракүлгін шамы қажет, сондықтан, өкінішке орай, гельді маникюрді үйде жасауға болмайды.

Гельді маникюрдің акрилді тырнақ ұзартудан тағы да бір артықшылығы мынада. Оны жасамас бұрын тырнақты тегістеу, қышқыл сұйықтықтар қолдану қажет емес. Демек тырнақты артық зақымдаудан сақтап қаласыз. Гельді маникюр 2-3 айына сақтала алады. Тырнақтың өсуіне байланысты, 2-3 аптада бір рет салонға барып, коррекция істеп тұрсаңыз болғаны.

Гельді маникюрге қолданылатын биогельдің түрлі түстері жетерлік. Қанық қызыл түстерінен бастап француз маникюріне дейінгі түрлі түстердің бірін таңдасаңыз болады. Ал егер сіз көңіліңізге қарай лак түсін жиі ауыстыратын болсаңыз, салондағы маманға тырнағыңызға табиғи түсті гель жағуын сұраңыз (сары-қоңыр, сарғыш, ашық қызғылт, түссіз). Кейін оның үстінен өзіңізге ұнаған кез келген түсті лакты жағып, өшіріп ауыстыра аласыз.

Гельді лакты сондай-ақ аяқ тырнағына да қолданса болады. Гельді педикюр маникюрден кем көрінбейді.

Сөзсіз, гельді маникюр заманауи аруға таптырмас шешім. 

Ал сіз гельді маникюр жасаттыңыз ба?

Дайындаған: Сания Аринова

Суреттер: prosalondirect.com, luxcosmed.kz

С. А