- Негізгі бет
- Денсаулық
- Тырнақ күтімі...
Тырнақ күтімі
Көктемде, әдетте, тырнақтарымыздың жағдайы мүшкіл болады: жұқаланып, қабаттанып, сынып та жатады. Тырнақтарыңызға сұлулық пен саулықты қайтарамын десеңіз, жалқауланбай қолыңызға маскалар жиі жасап, крем жағып, еркелетіңіз. Қол астындағы заттардан тырнақ күтіміне арналған маскаларды оқи отырыңыз.
1. Қайнап тұрған судың үстіне кішігірім ыдыс қойып, 1 ас қасық зәйтүн майын қыздырыңыз, оған 3-4 тамшы лимон шырынын қосыңыз. Қоспаны тырнақтарыңызға уқалай отырып жағыңыз. Үстінен мақтадан тігілген қолғап киіп, бір түнге қалдырыңыз. Аптасына 1-2 рет істеген абзал. Бұл қоспа тырнақты қатайтады.
2. Жарты шай қасық үгітілген қызыл бұрышына 1 шай қасық кез келген майлы крем мен 10 тамшы су қосыңыз. Қоспаны су буына қыздырып, тырнақтарыңызға жағыңыз. Масканы 20 минутқа қалдыру керек. Уақыт өткеннен кейін қолдарыңызды жуып, қатайған тырнақтарыңызды тамашалаңыздар. Масканы айына 1 реттен жиі қолдануға болмайды.
3. 4 г ара балауызын су буына ерітіп, пісірілген жұмыртқаның сарысын майдалап қосыңыз. Қоспа қоюланбағанша оған шабдалы майын қосып отырыңыз. Осы қоспаны күнделікті қолданып отырсаңыз, тырнақтарыңыз берік, ал қол теріңіз жұмсақ болып шығады.
4. 1 ас қасық лимон шырынын бірнеше түйір тұзбен араластырып, қоспаны тырнақтарыңызға 20 минутқа жағып қойыңыз. Соңынан қолыңызды сумен шайып жіберіңіз. Бұл қоспаны аптасына 1-2 рет қолданса болады. Пилинг эффектісі бар бұл маска тырнақтарды тазалап, емдейді.
5. Түймедағы, түйежапырақ тамыры және шайқурай шөптерінің қоспасының 2 ас қасығын 1 стақан қайнаған суға қосып, бірнеше сағат демделуін күте тұрыңыз. Суыған қоспаны қыздырып, қайнатпаға саусақтарыңызды салыңыз. Бұл дауа тырнақтарыңызды қатайтып, қажетті заттармен қоректендіреді.
6. 2 ас қасық бал мен 2 ас қасық зәйтүн майын араластырып, қоспаны су буына қыздырып, оның суығанын күтіңіз. Кейін оған 1 піспеген жұмыртқа қосыңыз. Қоспаны жақсылап араластырып, саусақтарыңызды 20 минутқа салып қойыңыз. Артынан қолыңызды сумен шайып жіберіңіз.
7. Жарты ас қасық желатинді 1 стақан ыстық суда ерітіңіз. Суығаннан кейін саусақтарыңызды қоспаға 20 минутқа салып қойыңыз. Желатин тырнақтың саулығын қайтарады. Бұл дауаны аптасына 2-3 мәрте істесе болады.
8. Дәріханадан А және Е дәрумендерін сатып алып, күнделікті ұйықтар алдында оларды тырнаққа жағып отырыңыз. Бұл тырнақты берік қылады.
9. 1 ас қасық сұйық майын су буына қыздырыңыз, суығанын күтіп, 2-3 тамшы А дәруменін, 3 тамшы йод және жарты ас қасық лимон шырынын қосыңыз. Саусақтарыңызды қоспаға 20 минутқа салып отырыңыз. Артынан қол жуудың қажеті жоқ. Бұл қоспа сыңғыш келген және де қабаттанып кететін тырнақтарға таптырмас дауа.
Форумда талқылау.
Суреттер bt-lady.com.ua сайтынан алынды.