- Негізгі бет
- Сымбат
- Қолаң шашы иығына...
Қолаң шашы иығына төгілген...
Кез келген қыз бала сұлу болуды қалайды. Ал ол үшін бет, қол күтімінен бөлек шаш сәні де аса маңызды. Нәзік жандылардың ең басты "қаруларының" бірі – қолаң шаш. Алайда, қазіргі экологияның жағдайына байланысты, шашымыз көп зардап шегеді. Соның бірі – шаштың жұқаруы.
Шашыңызды қалыңдатқыңыз келсе, назарларыңызға сан түрлі масканың жасалу жолын ұсынамыз:
Лимонмен шаю. Жұқа шаш әдетте тез майланғыш келеді. Ол, өз кезегінде шашты әлсіз етеді. Ал лимон шырыны шашымызды нәрлендіріп, қуаттандырып, емдейді.
Бұл масканы жасау үшін бірдей мөлшерде су мен лимон шырыны керек. Оларды араластырып, шашыңызға 5 минут бойы уқалап, жағыңыз. Содан соң сумен жуып тастаңыз.
Көп ұзамай (көп жағдайда бірден) әсерін байқайсыз. Шашыңыз жылтырап, жұмсарып, жеңілдей түседі. Оның үстіне, жағымды иіс пайда болады.
Сонымен қатар, бұл қоспа сусабынның орнын баса алады. Себебі лимон майды кетіретін, тазартатын және бактерияларды жоятын қасиетке ие.
Авокадо. Бұл масканы жасау үшін бізге авокадо, бал мен майсана майы керек. Піскен авокадоның жұмсағын 2 ас қасық бал мен 3-4 ас қасық майсана майымен араластырамыз.
Қоспаны шашымызға жағып, бір сағатқа қалдырамыз. Уақыт өткен соң, сусабынмен жуып тастау керек.
Қолдан жасалған сусабын. Оны жасау үшін бізге құрамында қалақай немесе балаларға арналған сусабын, «Пантенол» тамшысы (В5 дәрумені), ампуладағы В5 дәрумені, қалақай сығындысы және майсана майы қажет.
Бұның құрамы күрделі көрінгенімен жасалу жолы өте жеңіл. Сусабынға 2 ас қасық Пантенол тамшысын, В дәруменінің бір ампуласын, 2 ас қасық қалақай сығындысы мен 2 ас қасық майсана майын қосып, араластырыңыз.
Дайын болған сусабынды 2 ай бойы пайдаланыңыз.
Сұлы маскасы. Осыған дейін сіздерге сұлының бет күтіміне пайдасы жайлы айтқан болатынбыз. Енді, сұлының шашқа да беретін әсерін біле жүріңіз. Бұл масканы жасау үшін бізге сұлы, майсана майы, сүт пен А дәрумені қажет.
3 ас қасық сұлы, майсана майы, сүт пен бірнеше тамшы А дәруменін қосып, араластырыңыз. Қоспаны шашыңызға уқалап жағып, 20-30 минутқа қалдырыңыз.
Картоп маскасы. Бұл маска шашыңыздың түсуін тоқтатып, мықты етеді. Бізге шикі картоп, алоэ шырыны, бал, А мен Е дәрумендері керек. Картопты үккіш арқылы ұсақтап, шырынын сығып алыңыз. 2 ас қасық алоэ шырыны, 1 ас қасық бал мен дәрумендердің 1 ампуласынан қосып, араластырыңыз.
Масканы шашыңызға жағып, 2 сағатқа қалдырыңыз. Нәтижеге қол жеткізу үшін бұл масканы аптасына бір рет қолдану керек.
Сурет: Ольга Орлова, content.ru
Оқи отырыңыз:
Шаштың ұшталуын қалай емдеу керек?
Шаштың ұшталуын емдейтін қоспа
Шашыңызды жібектей ететін сиқырлы қоспа
Авокадоның пайдасын білесіз бе?
Ф. Абилова