Биік өкшелі аяқ киім киюді үйренгіңіз келсе...

Биік өкшелі аяқ киім киюді үйренгіңіз келсе...
Фото: Анна Мазур

Биік өкшелі аяқ киімді кез келген қыз кие алмайды. Оның денсаулығымызға айтарлықтай кері әсерін тигізетіндігі де өтірік емес. Алайда ол бойымызды тік ұстауға септігін тигізіп, жүру мәнерімізге көрік сыйлайды. Күнделікті болмаса да, арасында жиын-тойға киіп бару артықтық етпейді.

1 кеңес. Жаңа сатып алған туфлиіңізді тойға киіп бармас бұрын, бірнеше апта бойы жаттыққан абзал. Егер бұрын-соңды киіп көрмеген болсаңыз, бастапқыда табаны қалың, өкшесі 5 см болатын аяқ киім таңдауыңызға болады. Күніне үйдің ішінде бір сағаттай жүруге тырысыңыз. Артынша табаныңызға массаж жасап, шайқурай қосылған суға салып отырыңыз. Арада 8-10 күн өткен соң осы биіктікке үйренсеңіз, одан да биігірегін таңдай аласыз.

Ал мұнша ұзақ дайындалуға уақыт болмаса ше? Тойға немесе биік өкшелі аяқ киім киюді талап ететін жиналысқа ертең баруыңыз керек болса ше? Ең алдымен, жерге бірінші өкшені, артынша бармақтарды тигізуді үйреніңіз. Сол күйінде жалғастыра беріңіз. Осылай кем дегенде жарты сағат жүріңіз. Тік жүру үшін басыңызға кітап қойыңыз. Арада аз уақыт өткен соң нәтижесі де байқала бастайды. Қатты таңқалатын боласыз.

2 кеңес. Үйде биік өкшелі аяқ киіммен жүріп қана қоймай, билеп те үйреніңіз. Той-томалаққа барып қалсаңыз, билейтініңіз анық. Егер шаршағаныңызды сезсеңіз, аяқ киімді шешіп, табаныңызбен су құйылған бөтелкені айналдырыңыз.

3 кеңес. Мұнымен қатар, туфлиді дұрыс таңдаудың маңызы зор. Әсіресе алдыңғы бөлігі дұрыс таңдалуы тиіс. Мұны тексеру үшін өкшеңізді 3-4 см-ге жерден көтеріңіз. Егер құламаған болсаңыз, аяқ киімді дұрыс таңдағаныңыз. Әдетте бұлай жасауға сапалы аяқ киімдер ғана мүмкіндік береді.

4 кеңес. Егер ұзақ уақыт жаяу жүретініңізді білсеңіз, сөмкеңізге өкшесіз аяқ киім салып алыңыз. Кез келген биік өкшелі аяқ киім кие алатын бойжеткеннен сұрасаңыз, бастапқыда қатты қиналғанын, артынша «бұл өнерді» толықтай игеріп алғанын айтады. 

Олай болса, іске сәт дейміз! Құрметті оқырман, биік өкшелі аяқ киімнің денсаулығыңызға кері әсерін тигізетінін ескеріңіз. Алматы, Астана сынды жолы тегіс қалалар болмаса, кедір-бұдыр жолды аймақтарда мүлдем кимеген абзал.  

Қ. Бүйенбай