Төлен Әбдікұлының повестерінен дәйексөздер

Төлен Әбдікұлының повестерінен дәйексөздер
Фото: vk.com

Қазақтың классик жазушысы Төлен Әбдікұлының повестерінен туған өлкеге, сонда қалған ата-анаға, алғашқы махаббатқа оралуыңызға сеп боларлық дәйексөздер ұсынамыз!

"Әке" повесінен:

***

Өміріңде не ата-анаға, не дос-жаранға көңілдегі жақсылығыңды жасай алмай, бүкіл уақытыңды өткізіп алу қандай өкінішті.

***

Өмірдің мағынасын үнемі алыстан іздейміз. Әлдебір ұлы оқиғаны, ұлы әрекетті алыстан бастағымыз келеді. Дәл жанымыздағы негізгі мақсатқа уақытымыз жоқ. Оған алдағы жаз, алдағы күз немесе алдағы жыл бар.

***

Япыр-ау, неге жұрт ел ортасында өлгісі келеді? Неге өмір бойы басқа жерде ғұмыр кешіп, өлу үшін туған елге оралады? Неге?..

"Оралу" повесінен:

***

Ал бақыт деген не? - деді ол бұл бір әшейін зат дегендей қолын сілтеп. - Бақыт деген адамдардың рухани қанағаты. Адам дүниеге қанағаттанбайды, білімге қанағаттанбайды... Тағы немене... атаққа, шенге қанағаттанбайды, білімге қанағаттанбайды. Иә, оны айттым ғой... Сонда енді адам басқа бірдеңеге қанағаттануға тиісті ғой... Айталық сіз бір қасиетті іс үшін жаныңызды құрбан етуге бел байладыңыз. Сіз өліп кетесіз, бірақ көздеген мақсатыңыз орындалғаннан кейін, рухани қанағаттанасыз. Одан артықтың сізге қажеті жоқ. Сіз бақыттысыз. Түсініп отырсыз ба? Мысалы мені алайық... Мен Сәулені ұнатамын. Егер Сәуле де мені тап өзімдей ұнатса, мен үшін бұдан артықтың керегі жоқ. Қанағат. Бақыттымын.

***

Туған жерің, мейлі көкмайса болсын, мейлі кезерген шөлейт болсын, бәрібір көркем де, ал балалық шағың мейлі рақатпен өтсін, мейлі жоқтықпен өтсін, бәрібір балдан тәтті емес пе.

***

Бүкіл ақыл-ойыңды, ерік-қабілетіңді, рақат-қызығыңды өзіңді қоршаған қауым ырқы билеп кеткен шағыңда сенің еншіңе бір ғана зат - жүрегіңде бақилыққа ұйып қалған жастық сүйіспеншілік қана қалады. Сен оны қанша жыл қатыгездікпен ұмытсаң да, өзіңді одан да гөрі маңыздырақ, мәндірек бір іске лайықтымын деп тапсаң да, басқа жерден байыз таппай, өз ошағына қайта оралған бейбақтай түбі оралатының хақ; бірақ ол қай кезде болады, мақсатыңа жете алмай шаршаған кезіңде ме, санаң марқайып, ақиқаттың не екеніне көзің жеткен кезде ме, әлде тіпті өлер шағыңда ма, оны кім білсін...

Ж. Жұмағұлов