Ақын Ақберен Елгезек белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлына арнап хат жазған болатын. Әңгіме бүгінгі әдебиет, әдебиеттегі жастар, ақындар туралы еді. Алайда, хат авторларының арасындағы пікір алмасу дауға ұласып кетті. Сыншы фейсбуктағы жеке парақшасында жауап хатын жариялап, одан кейін «Жас Алаш» газетіне тағы бір көлемді мақала жазды. Біз екі тараптың да жазбаларын оқырман қауымның назарына ұсындық. Екі жақ тең сөйлессін деген ниетпен кеше Ақберен Елгезектің пікірін жарияладық. Бүгін «Әдебиет порталында» аталған жағдайға байланысты жазылған сыншы Анар Қабдуллинаның мақаласы жарық көрді. Автордың орыс тiлдi ақындар поэзиясы туралы айтқан ойларын қысқартып, даулы тақырыпқа қатысты пікірін ұсынып отырмыз.
Әдебиет - бүгiнгi күннiң ең ауыр тақырыбы болды. Ол жайында сөз айту - өзiн-өзi қинап шабыт шақыратын ақынның әрекетіндей десе болады. Алайда, осы бip өнердiң «тiлерсегiне» соншалықты мықтап жабысып, өлсе айрылмай, тырмысып, тыраштанып не таппақпыз осы?!
Хас өнеpдiң бip түрi болған соң, әдебиеттің миссиясы - мәңгiлiк жасау, ал әр ғасырдың әр кезеңiнiң белгiлi бip сорлыкештерi оның «шашбауын көтеру» үшiн ғұмырын сарп етуге бар. Оларды дарындар деп те атайды, iшiнде бipтума данышпандары да кездеседi. Дарындылық сынды Алланың берген сыйын iзденiмпаздық пен бiлiм жиюмен, енбекқорлық пен ұштастырған кезде, бip нәтижелерiн де көруге болады. Керiсiнше, ерек қасиетiн көтере алмай, аз уақыт аралығында «күйiп кетiп» жататындар да болады. Пендеуи әлсiздiкке шара бар ма?!
***
Әдебиет - динамикалық жанды құбылыс. Ол үнемi дамып, жаңарып отырады. Тәуелсіз әдебиеттің қайнаған ортасында жүрген замандас қаламгерлер параллель әдеби инновациялардан ештеме алмады, өзгерic, iзденiс әкелмедi десек, жансақ айтқан болар едiк.
Сағат түнгi он екi...
Кофе және темекi... - деп жазады ақын Ақберен Елгезек. Неореализмге тән сурет, яғни заттар мен құбылыстарды қалай көрсе, солай бейнелеу. Таза да нақты жолдар. Мұндай форматтар мен жанрлар бар жане оларды жоққа шығарып сызып тастай алмайсың. Ақын осы өленiнде:
Жанымның қуысында,
Ең түпкi бұрышында -
жәудipeген Өлеңдер.
Балауыз шам сөнгенде,
Түтiн болып,
төбемнен
тарқатылам төменге... - десе, лирикалык кейiпкердiң бiр сәттiк психологиялық көңiл-күйiн сәттi берiп тұр.
Жалпы, әдеби диалогтарда пiкiрлерiмiз қайшы түсiп, бiр-бipiмiзге қарсы шығып жататын кездерiмiз болып жатса да, өз басым бipeулердiң Ақберен шығармашылығын мүлдем жоққа шығарып тастауың қиянат деп бiлер едiм. Қаламгердiң ақындығын былай койғанда, «Болмаған балалық шақ» хикаятын айталық... Мен оған өте сәттi шыққан шығарма деп баға берер едiм. Бұл - терең трагедиялық дүние. Алайда кейiпкер басындағы қасipеттi жайсаң сарказммен, сәттi юмормен суреттей бiлуi, автордың жазушылық харизмасы шығарманы қажеттi деңгейде алып шыға бiлген. Ақынның «Риторикалық сұрақтар» өлеңi осы хикаяттың кiшiгiрiм фабуласы сияқты:
Дала, сен бе жылаған, жусаның ба?
Кiм билеп жүр төсiнде, қу сағым ба?
Анау ару анам ба,
Терiс қарап,
Кiмдi қысып барады құшағында?..
Дәуренiмдi өшipген алақайлы,
Талай сұмдық көрсем де талапайлы,
Мен әлемдi кешiрем.
Бipaқ қалай
жұбатамын iштегi балақайды?..
***
Тәуелсiз әдебиeт қайткен күнде де өз жолымен дамып келедi. «Интеллектуал ақын» атанған Ерлан Жүнic, мынау Ақберендер модернизмдi жаңа үлгiде ұсынды және сонысымен кейiнгiлердiң беталысына ықпал ете бiлдi. Жазушы, әдебиет теоретигi Айгүл Кемелбаева «космостық ақын» деп баға берген Бауыржан Карағызұлының «шифрге» толы поэзиясының құпиясын шешуге құштар өз оқырмандары бар және бағытын ұстанған iзбасарларының қарасы көп екенi бiлiнедi. Алмас Темipбай, Қалқаман Сарин, Ербол Бейiлхандар - лириканың майталмандары. Асылзат Арыстанбек, Танагөз, Бақытгүл Бабаш, Әлия Дәулетбаевалар қыздар поэзиясын өміршең еткен, жүректерге нәзіктік пен сұлулық сыйлап жүрген аруларымыз бір төбе. Өлеңдерiнен өзіндік мiнез, соған қоса терең мұң сезiлетiн қарағандылық ақын Ерғанат Кеңесбекұлының поэзиясын ерекше атап өтер едiм. Жас ақындар Мерген Тоқсанбай, Жанар Айлашова, Жұлдыз Леубаевалардың поэзиясынан өзiндiк ерекшелiк, дара бояу бары байқалады.
***
Бүгiнгi әдебиеттiң сынға қатты шөлдеп қалғаны байқалады. Қаламгерлерге дұрыс бағыт сiлтейтiн, сауатты, салиқалы кеңес айтатын сыншы ғана емес, әдебиетке жаны ашитын сын бiлгipi қажет. Менiңше, сыншының бipеу ғана болмағаны абзал. Бiрi даттап жатса, бipi жақтап жататын, таразы басы тең болуын көздейтiн сын керек. Онысыз да нәзiк ақын жаны аялауға татиды деп сенемiн. Тұкыртқаннан, қадау сынды жерге бipжолата қағып тастағаннан не ұтамыз? Ненi көздеймiз? Сын болған соң, алдымен мәдениеттiң болғаны дұрыс.
Бірнеше күн бойы әлеуметтік желіде талқыға түскен ақын мен сыншының өзара хат алмасуы, кенет күтпеген бағыт алды... Сыншы Амангелдi Кеңшiлiкұлының жалпы әдебиет жайында айтып отырған сөздерiнiң жаны бар. Бipaқ ақынның жеке басына соншама ауыр сөздер айтуы, орынсыз айтылған сарказмы тым суық.
Сурет: yan.vn
Ш. Талап