Ақберен Елгезектің хатына жауап

Ақберен Елгезектің хатына жауап

Ақын Ақберен Елгезек белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлына арнап хат жазған болатын. Сыншы фейсбуктағы жеке парақшасында жауап хатын жариялады. Амангелді Кеңшілікұлының жауап жазбасын назарларыңызға ұсынамыз.

"Ақберен бауырым, ҰЛТ.кз порталында маған хат жазыпты. Менің атыма біраз ауыр сөздер айтылса да, бұл жігіттің көп пікірі маған ұнады. Көңіліме қонды, Оған деген құрметім арта түсті. Біраз ойымды қайта саралауыма түрткі болды, бірақ ол менің фейсбукта жастарды қамшылау үшін емес, ақиқатқа апаратын пікірталасты іздеу мақсатында айтылған ойымды дұрыс түсінбепті. 
Мен еш уақытта да бүгінгі әдебиетке келіп жатқан жастарымыздың бәрін жоққа шығаруға тырысқан емеспін. Қайта керісінше жақсысы болса сүйсініп, шығармашылықты пенделік мақсатпен шатастыра бастаса, "қойшы жастар, ғой" деп күйініп, ішімнен ғана тынып жүремін. Жастардың бәрін өтірік мақтап, олардың "абызы" болып көріну үшін аса көп ақылдың керегі жоқ. 
Мен Ақбереннің немесе оның замандастарының намысына тиетін пікір айтқан емес сияқты да едім. Бар-жоғы егер соңғы жиырма жылда бізде алпысыншы жылдардағыдай құбылыс болса, неге біз оны білмейміз, байқамаймыз деген сауалға жауап іздеп көруге тырыстым. Сыншы ретінде ондай сұрақты қоюға толық қақым да бар. Және ондай сауалды маған дейін де талай сыншылар әдебиетте қойған. 
Егер қолыңыз тисе, талантты сыншы Тұрсынжан Шапайдың "Ой түбінде жатқан сөз" атты сын кітабындағы, "Алыс пен жақынның арасы" деп аталатын мақаласын оқып көріңіз. Осы мақаласында Тұрсынжан ағам да осы сауалды қойып, соғыстан соңғы буынның поэзиясын қатты сынға алған еді. Бірақ олардың ешқайсысы да орынды айтылған сынға өкпелеген жоқ. Ал менің бүгінгі поэзияға немесе прозаға қатысты, тіпті ондай сауалды қоюға да қақым жоқ па, бауырым? 
Сосын сізге әдебиет өнер жарыстыратын сала емес дегенді кім айтты? Мысалы, Иосиф Бродский бір мақаласында "Жиырмасыншы ғасырда орыс әдебиетінде бірде-бір ұлы жазушы туған жоқ" деген мағынадағы пікір айтып, қатты күйзелген болатын. Андрей Платонов пен Михаил Шолоховтай ұлы қаламгерлері бола тұра сол уақыттағы әдебиетке көңілі толмады. 
Менің ойымша бүгінгі жастарға үкімет тарапынан қамқорлық көрсетілмесе, әдебиетіміз құрдымға кетіп барады. Өйткені, әдебиетте, әсіресе проза мен сын басқа ештеңеге алаңдамай, тапжылмай отырып, жұмыс істеуді талап етеді. Өкінішке қарай, бізде оны ойлап жатқан адам жоқ. 
Мысалы, ақын Ерлан Жүністің поэзиядағы ізденістері маған қатты ұнайды. Сол сияқты Мақсат Мәлік немесе Өміржан Әбдіхалықұлы тағы да басқа өзіндік ізденісі бар жастар да прозада бар. Үкімет осындай жастарға грант тағайындап, олардың шығармашылықпен айналасуына жағдай жасаса нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ, жастардың журналын ашып, олардың ішінде қандай талантты ақындардың немесе жазушылардың бар екенін саралап отыратын уақыт та келген сияқты".

Амангелді Кеңшілікұлы

Ш. Талап