Амангелді Кеңшілікұлына хат

Амангелді Кеңшілікұлына хат

Құрметті Әбеке! Сөз басында сізге джентльмендік ұсыныс жасағым кеп отыр: егер мүмкіндік болса, бұл хатымды эмоцияға берілмей, жылы жүрек, салқын ақылмен оқып шығуға шақырамын. Әгәрәки, бұл хаттағы айтылған сөздерім сізге ұнамаса, мен айтайын деп отырған мәселеге пендешілік тұрғысынан һәм ағалық паңдықпен қарасаңыз, мәселе басқа. Онда менің де сіздің күйініп, таусылып жүргеніңіз бекер шаруа деп ойлауға хақым бар. Сонымен, келісіп алсақ, кеттік.

Жалпы, кез келген саланың дамуы үшін пікірталас, талқы, сын қажет екенін санасы сергек, ұлтқа жанашыр адам түсінеді деп ойлаймын. Ал, бізге әдеби дискуссия жетіспей жүргені рас. Пікірталаста келтірілген дәлел-дәйек ондыққа тиіп, айтылған сын тұқыртуға емес, керісінше жағдайды реттеуге, оны дамытуға бағытталса өте жақсы. Біздің хаттағы айтарымыз да осы мәселе төңірегінде өрбімек.

Әбеке, сіздің жазғандарыңызды қалт жібермей оқып жүрмін. Қателеспесем, сіздің осы жазбаларыңыздың арғы жағында «ау, жігіттер мен қыздар, әдебиеттің де дамуына пікірталас керек қой, қайдасыңдар?!» деген ой жатқан болар. Сөздеріңіз өмірін жазуға арналған адамға жеңіл тиіп жатыр деп айта алмаймын. Мүмкін сіз мұндай сөздерді үндемей құтылатын іні-қарындастарыңызды қамшылау мақсатында айтатын шығарсыз. Олай болса, қолыңызды інілік ілтипатпен қысамын!

«Амангелді айтса, айта берсін, керемет болса, өзі неге жазбайды!» деп ойлайтындар бар да шығар, бірақ мен ондай позицияны дұрыс деп есептемеймін. Мұндай позицияны қадалған оқты түпке қарай жалма жан тығып жіберіп, жауапкершіліктен жалтару деп білемін. Сол себептен, мен сізге өз ойымды осылай, хат арқылы жеткізгім келді.

Иә, ғасырлар алмасып, мыңжылдықтар Балқаш көлінің қос суы секілді шекараласып жатқан уақытта қоғамның басқа салаларын сараптаған секілді, әдебиеттің де мәселесі қаралуы керек. «Қазақтың қара сөзі мен өлеңі қайда бара жатыр, басқа да жанрлардың хәл-күйі қандай, Алаштың дүниетанымын тәрбиелейтін, оның рухани кемелденуіне ықпал ететін бізге қандай әдебиет керек?» деген заңды сауалдар көкейіне жақұт сөз ұя салған, қолына тағдырдың жазуымен қалам ұстаған әр қаламгерді толғандыруы қажет. Бізді де, құрметті Әбеке, ол мәселе сізден аз толғандырмайды.

Сіз қайта-қайта 60-70 жылдары әдебиетке келген буынды алға тарта отырып, сол аға буын қаламгерлердің қуатына пара-пар болатын адамды іздейсіз. Әр кезде әр түрлі айтасыз. Бірақ негізгі месседжіңіз осы. Мен бір ғана жазбаңызды келтірейін.

Сіз: «Поэзияда – Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Сағи Жиенбаев, Ғафу Қайырбеков, Өтежан Нұрғалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Шаханов, Жұматай Жақыпбеков, Кеңшілік Мырзабеков, Жарасқан Әбдірашев… прозада – Әбіш Кекілбай, Мұхтар Мағауин, Тәкен Әлімқұлов, Ақан Нұрманов, Қалихан Ысқақ, Төлек Әбдік, Сайын Мұратбеков, Оралхан Бөкей, Тынымбай Нұрмағамбетов… Соңғы жиырма жылда келген ақын-жазушылардың ішінде осылардың талантымен өнер жарыстыра алатын дара тұлға бар ма?» – дейсіз.

Біріншіден, сұрақ дұрыс қойылмаған сықылды. Әдебиет өнер жарыстыратын сала емес. Тіпті спортта да Тайсон неге Мұхаммед Әли секілді емес, бүгінгі Серік Сәпиев неге Серік Қонақбаев секілді өзін рингте ұстамайды деп айтпайды. Әр заманның өз ұландары бар.

Екіншіден, әке мен баланы салыстыруға келмейтін сияқты, бір заман мен екінші заманды да салыстыруға келмейді. Ана дәуірдің адамына мына заманның адамы неге ұқсамайды деу, жұмсартып айтқанда қисынсыздау дүние.

Үшіншіден, сіз тізіп берген қаламгерлер – алашордалықтар жеңілген соң, Кремль жақтан құртылуға (үлгірмей қалды, тәуба!) пәрмен берілген қазақтың жауһар тілін сақтап қалуға, ұлттың рухани-мәдени болмысын, ұлттың тарихын, қазақтың ғаламат дүниетанымы мен ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрін және… азаптан көз ашпаған қазағымның арман-мұратын дер кезінде қағазға көшіру үшін Тәңірі тарапынан түсірілген үлкен толқын, құбылыс жасаған ғажап плеяда.

Олар жан бағып, парызын тиісінше орындап кету үшін Ленинді, партияны насихаттап жазғаны рас, бірақ олардың миссиясы тым бөлек болды. Кейбірі оны сезді, кейбірі бәлкім оны білмеді де. Бірақ Тәңірінің жоспары қалай болғанда да жүзеге асады. Олар әдебиет арқылы қазақтың бейнесін сақтап қалды. Қазақта қоғамдық ғылымдардың барлық түріне (тарих, жантану, этнография және тт.) ұзын арқан, кең тұсау салынғанда, бұл күрескер буын қазақтың табиғатын тек әдебиет сақтап қала алатынын жақсы түсінді. Әртүрлі жанрда олар қазақты насихаттады, қазақтықты дәріптеді, ескі қазақты жаңа қазаққа таныстырды, өз замандастарының өмірін біздің буын білсін, танысын деп кітаптарына жасырды. Бейнелеп айтты, меңзеп айтты, тұспалдап жеткізді.

Сол үшін де, біздер – замандастар және ертең келетін ұрпақ анау Абай, Шәкәрімнен тартып, бергісі Мұхтардан, Ахмет, Бейімбет, Мағжан, Ілияс, Сәкен, Міржақып, Қасымдардан бастап, сіз келтірген, сіз ұмыт қалдырған ақын-жазушылардың алдында иіліп тұрып, алғыс айтуы керек, тілін өшпестей етіп қағазға көшіргені үшін еліміз мәңгілік тағзым етіп өтуге тиіс. Бұл біздің қасиетті парызымыз!

Сіз келтірген буынның соңын ала бере 80-ші және 90-шы жылдар аралығында, 90-шы және 2000-шы жылдар арасында тағы тегеурінді екі буын келді. Бәрін тізіп отыруға да болар еді, бірақ көзі қарақты оқырман олардың кім екенін жақсы біледі. Өз бағасын алған бұл екі буынның да өз миссиясы болды. Олар ең алғашқыларының бірі болып, киелі Тәуелсіздіктің мұнартқан сұлбасын, нұрының ұшқынын, еркіндіктің тәтті жұпарын аңғарды. Азаттықтың жақындауына қал-қадарынша қызмет етті.

Тәуелсіздік келген кезде заманның сиқын сіз жақсы білесіз, біз баламыз, сонда да есімізде. Сол қиын-қыстау заманда әдебиетке келген «алтынкөпірліктер» (сол буынның ішінде өзіңіз де барсыз) қолынан қаламын тастаған жоқ. Мүмкін олар да сіз келтірген буын секілді жазатын ба еді, оған әлеуметтік жағдайлар мүмкіндік бермеді әрі жазылған дүниені қайталаудың қажеті де жоқ болатын. Сонда да бұл буын керемет қайсарлық көрсетіп, қазақ әдебиетіне жаңа стиль, өзгеше ой, бөлек дүниетаным әкелді. Бұл замандас қаламгерлердің еңбегін осылай бір ғана сызық, құрғақ сөзбен жоққа шығара салуға болмайтын сияқты, Әбеке!

Жалпы, нағыз қаламгер әдебиетті өзінің тағдыры, өмірі деп деп біледі. Әдебиеттегі ортаны өзінің жанұясы сияқты қабылдайды. Кімге қалай екенін білмеймін, өзім жазу жазатын адамдардың барлығын туысымдай көремін. Сондай аңқылдақтығымнан күйген кездерім де аз емес. Жә, ол басқа әңгіме. Мәселе, жазушы адамға әдебиеттен басқа ешқандай маңыз-мағына жоқтығында. Әдебиет – қаламгердің негізгі, нағыз өмірі дедік. Олай болса, әдебиет те, өмір секілді эволюциялық процесстерді басынан кешіреді. Басқа жол жоқ, Әбеке.

Сондықтан, әдебиетке келіп жатқан кез келген талантты жатырқамау керек, оның өз миссиясы, өзінің ішкі қуаты, айтатын сөзі бар. Мәселен, өзге елде әдебиетке бір талант келсе, оны келемеж қып, тұқыртып, ит терісін басына қаптап, әдебиеттен шеттеткісі келіп, өре түрегеліп қудаламайды. Басқа елдерде іштей мойындалғанмен, сырттай мүйізделген жас талант жетімнің күйін кешпейді. Керісінше сол туралы мұқым елге «ақын келді, жаңа жазушы әдебиет есігін ашты!» деп сауын айтып, сүйіншілейді. Ең алдымен, оның артықшылығын көріп, кемшілігін жасырып бағады. Талантты танып, ол туралы алғашқы болып жар салып мақала жазуды өзіне абырой деп біледі. Еркелетеді, еркіндік береді. Жазуын тас-талқан қылып сынап, бізден кейін әдебиетте ешкім болмауы тиіс деген топас қағида ұстанбайды басқа елде. Сол арқылы болайын деп тұрған қаншама жастың меселін қайтарып, талантын өлтірудің орнына, оның әдебиеттегі орнын әділ береді. Ондай қамқорлықты көрген кей жас жұлдызды ауруға шалдығып, құтырып кетер, ал кейбірі сол қамқорлықтың нәтижесінде жайқалып өсіп, жеміс берер еді.

Бізде неге олай емес? Бізде жас талант әдебиеттің есігінен сығаласа болды, біз одан бірден Мұқағалидің ғажайып талантын, Жұмекеннің тереңдігін, Қадырдың даналығын, Кеңшіліктің бай тілін талап етеміз. Жиырмадағы жігіт пен 45-49-43-76 жастағы өмірді көрген, жазу шеберлігі шыңдалған адаммен салыстыруға бола ма екен? Біз неге жас таланттың жарқ еткен ұшқынын көріп қалсақ, оны ары қарай үлкен жалынға, одан ары сәуле шашар жарыққа айналдыруға асықпаймыз? Мынау қазақты әлемге танытатын ұл я қыз екен деп сол жас үміткерге барынша қамқор болып, мәпелеп өсіріп, дұрыс жол сілтеп, бағыттап, неге тәрбиелемейміз? Осы жас талант ертең біздің тамаша әдебиетімізді одан ары байытады ғой, бұл ұлттың ұстынына, елге сөз айтатын тұлғаға айналады ғой деп неге қолдау білдірмейміз?

«Мықты болса, бірден Мұқағали, Төлегендей, Жұмекендей болсын!» — дерсіз, Әбеке. Бірақ мен сізді ондай ойға қимаймын, сіз ақылды адамсыз ғой. Сіз әрине Мұқағалидің өлеңдері туралы «Қазақ әдебиеті» газетінде (14.06.1969 ж.) жарияланған Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма секретариатының арнайы қаулысын оқығансыз. Ол жаптым жала, жақтым күйе сарынындағы Қаулыда «М.Мақатаевтың жарияланған өлеңдерінде күңгірт, көмескі ойлар,  жұмбақ, жұтаң жолдар баршылық. Ақын өмірдің сан алуан сырын астарлап жырлаймын деп отырып, жеке адамның басында кездесетін күйректілік, күйбең сарынға бой ұрып кеткен» (қаулының мәтінін Ұлықбек Есдәулеттің Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз» атты мақаласынан алып отырмыз)  — делінгенін де жақсы білесіз. Ондай сөзді бүгін де ерінбегеннің бәрі айтып жүр.

Ал, Төлегеннің халық ішіндегі күннен күнге өсіп келе жатқан беделін антұрған большевиктер жіті бақылап, ақыр аяғы «сары ауруға» шалдыққан ақынды «мақтамен» бауыздап өлтіргенін ше? Оны да білесіз. Жұмекен талантының ауқымы қандай еді? Ол кісі сын естімей өтті ме? Дер кезінде бағасын алды ма? Бір баспаның бөлім меңгеруші деңгейінен ары қарай өсті ме? Оның біреумен соңғы рет сөйлесіп, телефон тұтқасын қойғанда жағы қарысып, сол бойы бақилық боп кете барғанын да сіз жақсы білесіз. Кеңшілік Мырзабеков сіздің әкеңіз болғанмен, ол сізге биологиялық әке. Ал, бізге ол ұстаз, біз Кеңшілік ағаны поэзия атты асқар таудың биік шыңдарының бірі деп танимыз. Ол өзге де ұлы ақындарымыз сияқты біздің рухани әкеміз. Сол сіз бен біздің әкеміз – Кеңшіліктің әдебиеттегі жолы оп-оңай болды деп айта аласыз ба?

Кеңшілік демекші, бір қызық параллель бар. Сөз арасында айта кетейін. Сіз – ақынның ұлысыз, мен – әдебиет сыншысының баласымын. Енді сіз – әдеби сыншысыз, мен – ақынмын. Әкелеріміз араласты ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ, екеуінің бірін бірі танығаны айдан анық. Біз де жақын араласпасақ та, бірімізді біріміз танимыз. Біз екі әкемізге де баға беретін жағдайда емеспіз. Сол секілді ертеңгі буынға да біз екеуміз баға бере алмаймыз-ау. Әкелердің де, балалардың да тағдырлары бөлек-бөлек болады ғой, жалпы…

Жалғастырайын, Кеңшілікті, Мұқағалиді, Жұмекендерді бірден мойындап, сыншысы бар, басқасы бар алақанға салып өтті деп айта аламыз ба? Күмілжитініміз рас. Бұл өкінішке орай, біздің ұлттық кемшілігіміз. Ол кемшілік әлі де, тағы да өкінішке орай жойылмай келеді. Мүмкін осы кемшілікті жоюды сіз бен біз бастармыз? Оған шамамыз келеді ғой, қалай ойлайсыз?

Сынға келейік. Мен үшін «сын» – «кеңес» деген сөздің синонимі іспеттес. Былайша айтқанда процесті бақылап, түзеп, дұрыс бағытқа салып отыру. Ал, бәзбіреулер үшін сын – жас таланттан кемшілік көрсе, жерден жеті қоян тапқандай алаулатып-жалаулатып, авторын елдің алдында тырдай етіп жұлмалап шығарып, өз талғамы, өз білім деңгейінен оны соттап, үкім шығарып, ағаш атқа теріс мінгізіп, тауын шағып: «міне қазақтар, сендердің үміт күтіп жүргендерінің сиқы осы, ой, оңбаған!» деп жария қылу деп білетін сияқты. Және ең қызығы олар аға буыннан көрген кейбір кемшін, асыра сілтенген дүниелерді айтуға қорқады. Пәлі, ондай батырлық қайдан келсін оларға? Құдайға шүкір, быт-шытын шығарып сынаймын емес, (мінейін!) десе, бұл публиканың ішінде халтурщиктер жетіп артылады ғой! Жоооқ, олар үміт күттіретін адамға жабысады. Өтежан Нұрғалиев айтпақшы, соған қарай, «кәстрөл, ескі етік, гәлөш, мысықтың басын лақтыруға» даяр. Және кішкене аты шыққан авторда кішкентай ғана кемшілік байқалып қалса, онда ехехей, үлкен олжа олар үшін! Сосын олар: «міне, мен пәленшекенің өзін бүйтіп жібердім, сөйтіп жібердім» деп қоқыраңдап жүреді. Одан әдеби процесс түзеле кете ме, Әбеке, әділін айтыңызшы!

Мен мәселен қазіргі және болашақ әдеби өмірде авторға алдымен ауызша ескертіп, ол бетбақтырмай туласа, асқан зиялылық, асқан мәдениеттілікпен жазылған мәтінінде қаламгерге қатесін бұлтарпастай етіп көрсетіп қана қоя салатын парасатты, биік сыншыны күтер едім. Ондай биіктікті әлем әдебиетінің жілігін шағып, майын ішкен және жаһанның әдеби процесінің заңдылықтарын жақсы білетін білімдар сыншылар бастап көрсетсе, бұл әдемі дәстүр болатын еді. Тек бастап беру керек. Бірден қабылданбас, бірақ ет үйренер еді. Сонда ертең келетін ұрпақ содан тәрбиеленіп, қышыма іспеттес қозып тұратын рушылдықты, жершілдікті, басқа да жағымсыз мінездерді бойына жұқтырмай өсер еді.

Кез келген мамандықтың мақсаты бар болса, міндеті де қоса болады. Әдебиет сыншысы да әдебиеттің сарбазы (Әмірхан: «біз әдебиеттің солдаттарымыз» дейтін). Тіпті әдебиет сыншысын «идеологиялық сардар» десек те, қателеспейміз. Демек оның мақсаты – әдеби процесті дамыту, өркендету болса, соған сай атқаратын міндеті де бар деген сөз. Ол міндет – әдеби ағартушылық. Бізде кейбір сыншылықтан үміткер ағайын әдебиеттегі парызым тек «тек кемшілікті аңду» деп түсінетін сияқты. Ал, әлем әдебиетінен мысалдар келтіріп, әдебиетке мынандай дүниелер керек, мынандай жаңалықтар болса дегендейін ауқымды мақалалар жазып, қаламгерді де, халықты да тәрбиелейтін жұмысты атқарып жүргендер некен-саяқ.

Сосын айқай-шусыз, негізі бар сынды өзін өркениетті, мәдениетті адаммын деп есептейтін кез келген қаламгер мойындауы тиіс. Һәм одан қорытынды шығарғаны абзал. Және бір мәселе: сын контекстен жұлынған фрагменттердің айналасында жасалмаса екен. Сондай-ақ сын жүрдім-бардым ұстанымымен емес, тереңдеп оқылса, сосын сарапқа салынып, жолдар арасындағы ойларды байқап барып жасалса – нұр үстіне нұр. Әрі сыншы автордың жеке басына, ар-намысына тию мақсатын ойынан мүлде шығарып тастаса, одан абзал, одан әдебиетке адал адам болмас, сірә.

Жастарға келейік. Сіз келтіріп отырған аға буынды біз үлгі тұтып, бүгін олардың тұлғаларын культ ретінде төбемізге көтеріп отырмыз. Кейінгі буын мойындамаса, оқымаса, онда қаламгердің әдеби ғұмыры шорт кесілді дей беріңіз. Біздің буын сол кісілердің қаламынан төгілген шығармалармен сусындады, сол кісілердің кітаптарымен тәрбиеленіп, өсті, әлі де оқуда. Біз папуастардың емес, қазақтың балаларымыз ғой. Демек, біз сол классиктердің заңды жалғасымыз.

Мынандай жағдайды елестетіп көріңізші. Осы 20 жылдың бедерінде әдебиет әлемінің көкжиегінде кешегі классиктердің ізін жалғайтын бір де бір қара көрінбеді делік. Мәссаған! Онда қалай болар еді?! Онда жүрегінде кішкене ғана сәулесі бар жас жеткіншекті көріп қалсаңыз, мына сіз оның қыр соңынан қалмай, жазуға бейімдеп есіңіз шығар еді. Құдайға шүкір, әр бес-он жыл сайын «мен!» деген балғын үміткерлер киелі әдебиет айдынына әр ауылдан, әр қаладан, тіпті шетелдерден лек-легімен ағылып келіп жатыр емес пе! Оның ішінде мықтысы болатыны, әлсіздеуі болатыны заңды нәрсе. Бұл барға қанағат жасау деген сөз емес, мынандай заманда шаршап-шалдығып жүріп, өлең, әңгіме жазып, бірдеңе түртіп жүрген жастардың жанкештілігін мойындау деген сөз! Қазір әдебиетке келу деген сөз – өзін өмірін кедейшілікте өткізуге көну деген сөз. Қазір әдебиетпен айналысу дегеніңіз – жұрт алдында «сайқымазаққа» айналу, «несерьезный адам» атағын иелену деген сөз. Ол дегеніңіз «қияли», «біртүрлі», «ішкіш», «ой, ол ақын ғой!» деген сыпсың сөзді жиі есту деген сөз… Сол әділетсіз атақтардың барлығын арқасына өңгеріп ап, ешқандай дені дұрыс жұмысқа орналаса алмау деген сөз бұл. Соның бәрін біліп тұрып, қайтсем де миссиямды орындаймын деп көзі боталап тұратын жастардан неге айналып кетпейміз осы біз?! Олардың қандай болашағы болады, ол басқа әңгіме. Ол жастардың арасында сұрыпталу процесі жүреді, ол тағы да Тәңірдің жоспарындағы шаруа. Оны біз бақылап, жөндей алмаспыз.

Ал, әдебиетке кім қандай дүние әкеліп жатыр оған да зер салып қарап қою ләзім. Жазылған дүние жазылды. Сіз мысалға келтірген тұлғалар – пионерлер. Олар қазақ әдебиетінде өздеріне дейін болмаған жаңалықтарды әкелді. Қазақ әдебиетінің Алтын ғасырынан кейін дүниеге, әдебиетке келіп жатқан жастарға оңай емес екенін тағы бір жерге түртіп қойыңыз. Бірақ олардың өз берері бар, берген де, беріп те жатыр. Оны да ескеріңіз. Жаңа шығармалар тағы да папуа тілінде емес, қазақтың тілінде жазылды, жазылып та жатыр. Демек, бұл да қазақтың рухани қазынасына құйылып жатқан олжа. Тек табиғаты басқа шығар, мүмкін. Олай болса, тіпті жақсы емес пе! Неге біздің әдебиет біркелкі, біртүсті, бірдәмді болуы керек? Қазақ поэзиясына ондаған ағым, жүздеген стиль, қазақ прозасында бұрын-соңды болмаған тақырыптар, кейіпкерлер, бояулар келіп жатса, Әбеке, екеуміз бірінші қуануымыз керек емеспіз бе!

Әбеке, бұл айта алмай жүрген ойларымның бір парасы ғана. Қысқа қайырғанда осындай боп тұр. Сіз оны қалай қабылдайсыз, оны өзіңіз білесіз. Ол құқығыңызға ешкім қол сұға алмайды. Менікі – сіз арқылы, әдебиетке, әдебиет сынына қатысы бар адамдардың барлығына ойымды жеткізу. Сол ойларды осында жазғаныма сіздің жазбаларыңыз түрткі болды. Сол үшін де рахмет.

Құрметпен, Ақберен Елгезек бауырыңыз.  

Cурет: namys.kz

Ш. Талап