Леонардо да Винчи
Бірнеше ғасыр бұрын бір ұлы суретші Сицилиядағы үлкен шіркеудің қабырғасына Ғайса пайғамбардың ғұмырнамасын сызған екен. Ол бірнеше жыл уақытын жұмсап, қабырға суретін сызып болайын деп қалады, тек қана екі маңызды адам, яғни, бала кездегі Ғайса мен Ғайсаға опасыздық жасаған Иуда ғана сызылмай қалады.
Бір күні ол көне қала маңында серуендеп жүріп, бірнеше баланың көше бойында асыр салып ойнап жүргенін көреді. Олардың арасындағы бір баланың бет-бейнесі періштеден аумайды екен, оның бейнесі суретшінің жүрегін тербейді. Суретшінің іздегені де дәл осы бейне болатын.
Суретші әлгі баланы үйіне алып қайтады. Күн артынан күндер өтіп, суретші қасиетті нәрестенің бейнесін сызып шығады. Бірақ суретші әлі де Иудаға үлгі болатын жан таппай дағдарады. Жыл артынан жыл өтеді, осы ұлы шығарманың сызылып болмаған хабары алыс-жуыққа тарайды. Көп адам Иуданың үлгісі болуға келеді, бірақ, олардың ешқайсысы да қарт суретшінің жүрегіндегі дұрыс жолмен жүрмейтін, құлқынның құлы, табансыз Иуданың бейнесіне ұқсамайды.
Күндердің бірінде қарт суретші әдеті бойынша шарапханаға барып жайғасады. Дәл өзі ойланып-толғанып отырған кезде, өңі жүдеу, киімі қырық шоқпыт біреу бұлғалақтай басып кіріп келеді де, табалдырықтан аттаған бойда жалп ете түседі. «Шарап, шарап, шарап» дейді әлгі адам тіленіп. Суретші оны сүйеп тұрғызып, бетіне қарағанда, жүрегі зу ете қалады. Мынаның кескінінен адамзат әлеміндегі қылмыс атаулысы менмұндалап тұрғандай еді.
Қарт суретшінің қуанышы қойнына сыймады, Иуданың моделі ақыры табылған еді. Қарт суретші қуанышына мас болып бірнеше күн бойы аласұра сурет салды.
Жұмыс сәтімен жүріп жатқан кезде, әлгі үлгіде өзгеріс туылады. Бұдан бұрын ол үнемі ес-ақылы қалыпсызданып, рухсыз күйде жүретін. Ал, қазір сиқы қаша сасқалақтап, өң-түсі өзгеріп кетіпті. Қанталаған көздері өзінің суретіне үрейлене қадалып қалыпты. Қарт суретші оның бұлайша өзгеріске түсуін байқап, жұмысын тоқтатып қойып, оған: «Бауырым, сен неге бұлайша қасіретке түсесің? Мен саған көмектесуге дайынмын» дейді.
Әлгі адам басын салбыратып, екі алақанымен бетін басып, қыстығып кетеді. Біраз уақыттан кейін ол басын көтеріп, қарт суретшіге қадала қарап: «Сіз шынымен-ақ мені ұмытып қалдыңыз ба? Талай жылдың алдында, мен сіздің қасиетті нәрестеңізге үлгі болған едім ғой» дейді.
Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Ғимараттан құлаған бозбала #1
Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Қабірстандағы ғажайып кездесу #2
Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Чемпион да қаралық істейді #3
Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Шеше #4
Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Жаңалық бар ма #5
Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Шексіз адалдық #6
Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Сулық киген кісі #7
Аударған: Ш.Қазез
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: wikimedia.org