- Негізгі бет
- Көкжиек
- Ғасырдың таңдаулы әңгімелері:...
Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Шексіз адалдық #6
Эрнест Хемингуэй
Ілгеріде Фердинанд деген бұқа болды. Ол хош иісті гүлдерге қарап та қоймайтын. Тек мүйіздесуге құмар болатын. Ол өзімен қарайлас немесе кез-келген жастағы барлық бұқамен мүйіздесетін. Оған тең келер жан жоқ еді.
Оның екі мүйізі тастай қатты, қанжардай өткір болатын. Оның құж-құж мойын еттері бұқалармен сәтте таудай болып күжірейіп айбатын асыра түсетін. Ол қашан да сайысқа сақадай сай тұратын. Жұп-жұмыр денесіндегі жүндері көмірдей жылтырап, көздері жалт-жұлт етіп жалын шашатын еді.
Әлдеқандай себеппен айқасқа түсер сәт туса, ол өлген-тірілгеніне қарамай сүзісетін, сондай шақтағы оның құмарлығы бейне кейбір адамдардың тамақтанғандағы, кітап оқығандағы немесе діни орында мінәжат еткендегі мұқияттылығына ұқсайтын. Сайыс сайын қарсыласын жер қаптырмай тынбайтын. Дегенмен, өзге бұқалар одан қорқа қоймайтын, өйткені, олар өздерін қаракөктің тұқымы санайтын, сондықтан да, одан қорықпайтын, алайда, оның шамына тиюді, сайысуды қаламайтын.
Ол өзінен де үлкен бұқалардан қаймығып, әлсізді басынатын немесе қара ниеті қабындап тұратын мал емес еді. Ол бейне адамдардың ән айтуға немесе патша болуға құмартқаны сияқты, тек қана сайысуға құмар болатын. Ол ежелден ойланып-толғанбайтын, сайысу оның борышы, міндеті, қуанышы сияқты еді.
Ол тау-тасты үстіртте, бұта-бүрген орман арасында, жасыл манат жамылған жайылымда сайысқа түсетін.
Ол әр күні өзенді бойлай он бес ағылшын милі жол басып, таулы үстіртке шығып, өзіне тігіле қараған бұқалардың бәрімен сайысқа түсіп шығатын. Осылай бола тұрса да, ол осы күнге дейін алқынып, ашуға басып көрген емес.
Ендеше, оның тағдыры қалай болды? Қожайыны бұл бұқаның басқа бұқалармен сайысып, өзінің қалтасын қағып жатқанына іштей назаланатын. Бір бұқаның бағасы мың доллардан асады, бірақ, олар осы бұқамен сайысқан соң, олардың бағасы 200 доллардан төмен түсіп кетеді, кейде одан да төмен бағаға сатылады.
Сондықтан, қожайын оны бұқа сайыс майданына апарып өлтіртіп тастау бекіміне келді. Ал, өзінің қалған сиырларына осы бұқадан тұқым қалдыруды ойлайды. Сонымен қожайын оны сиыр фермасына апарып аталық мал ретінде қоя берді.
Ойламаған жерден, бұқа олардың да мысын құртты. Олар оны сиыр фермасына алып барып, сиырлармен бірге бағымға жіберді. Бұл бұқа бір қарап-ақ жас та, сұлу дөнежінді ұнатты. Әлгі дөнежін өзге сиырларға қарағанда бойшаң да жұп-жұмыр, жүндері жылтырап, өте сүйкімді көрінетін еді. Бұқа ендігіде сайысты қойып, тек әлгі дөнежінді айналып-үйірілумен болады, басқа сиырларға қарап та қоймады. Тек сол дөнежінмен бірге болуды ғана ойлайды, басқа сиырлардың бар-жоғымен санаспайды.
Қожайын оның райынан, жуас болуын немесе өзгеруін үміт етті. Бірақ, бұқа бастан ақыр өзінің сүйген жарына ғана терең сүйіспеншілігін бағыштайды, тек сонымен ғана бірге болуды ұнатады.
Содан қожайын оны басқа бес бұқамен бірге сайыс майданына өлтіруге алып барды, сонымен бұқа ақтық демінде бір рет сайысу орайын алды. Оның сайысы ерекше қызғынды болды, көргендердің мақтамағаны жоқ, оны өлтірген жігіт тіпті ерекше мадаққа ие болды. Бұқа сайыс аяқтағанда, бұқаны өлтірген сайыскер жігіттің үстіндегі терімен сығып алардай шылқылдап кеткен екен, шөлдегенде тілі аузына сыймай қалыпты.
«Мына бұқа өте керемет екен!» деді сайыскер қылышын құрал таратушыға тапсырып жатып, таратушы кісі қылышты қолына алғанда, бұқаның жүрек қаны қылыштың жүзін бойлай ұшынан тамшылап тұрды.
Бұл бұқа осыдан кейін ешкімді де алаңдатпайтын болды. Оның жемтігін төрт атпен сүйретіп сайыс майданынан алып кетті.
«Солай, ол Верамаир князь, сөз жоқ, көзін жоятын бұқа еді, өйткені, бұл бұқа шексіз адал болды» деді білікті қылыш таратушы.
«Мүмкін, барлығымыз да шексіз адал болуға тиіс шығармыз» деді сайыскер.
Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Ғимараттан құлаған бозбала #1
Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Қабірстандағы ғажайып кездесу #2
Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Чемпион да қаралық істейді #3
Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Шеше #4
Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Жаңалық бар ма #5
Аударған: Шолпан Қазез
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: chargingbull.com
M. Auelkhan