Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Сулық киген кісі #7

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Сулық киген кісі #7

Пиер Байломар(Франция)

Сәуір айының таңы. Мишер ханым күндегісінше жартылай ашылған терезе пердесінің жанында көшеге назар салып тұрған. Әр күні түске дейінгі уақытын осылай өткізетін. Ол бір жесір әйел еді, баласы да жоқ. Оның үстіне мынадай шағын қалашықта көршілер арасындағы ұсақ-түйек істерді аңдығаннан өзге істейтін не жұмысы болсын?

Мишер ханым үйінің қарсы алдындағы дарбазасы бері қараған үй Калон мырзаның тұрағы. Калон мырза осы шағын қалашықта есерсоқтығымен, тағылығымен танымал болатын. Әр аптаның соңында ол қымбат көлігіне мініп, астанадағы көңілдесімен бас қосуға кететін.

Калонның ханымы Харридың зәбір-жапа тартушы екені бесенеден белгілі-тұғын. Күйеуінің ойынша, мұндай ұсқынсыз әйелге ешкім де көз қырын салмайды. Оның үстіне араларында бала жоқ. Харридың жібі түзу жан екенін қалашықтағылардың бәрі білетін-ді.

Десе де, бір жексенбі күні таңертең Мишер ханым өзгеше бір істі көзімен көрді: Калон мырза Парижге кете салып, көп өтпей оның есігінің алдына бір такси келіп тоқтады да, ішінен үстіне сулық киген, аласа бойлы еркек түсті. Үйде жалғыз Харри қалған еді. Ол мұнда не іздеп жүр? Қолына ұстаған чемоданы несі?

Әлгі еркекте Калон үйінің кілті барын кім білген? Мишер ханым телефонды алып, сақшыға мәлімдейін деп оқталды да, кенет қолын тарта қойды. Ол біле қойды, әсілі Харридың да көңілдесі болғаны ғой.

Жарты жылдан кейінгі бір жексенбінің таңертеңінде әлгі үстіне жаңбырлық киген аласа бойлы тылсым еркек Калон отбасының дарбазасы алдында 3-рет пайда бола кетті. Ол әр жолы Калон Парижға кеткен орайда такисге отырып келетін де, өз кілтімен есік ашатын әрі күні бойы сол үйден аттап шықпайтын. Тек Харри ғана екі-үш рет көшеге шығып зат сатып әкелетін.

Мишердің аузына қуырған бидай тоқтамайтын еді. Бүкіл қалашықтағылар бұл құпиядан тез арада хабар тауып үлгірді. Кейбіреулер Харриды кінәласа, бәз біреулер ол үшін күйініп: «Осылайша опасыз күйеуінен есе қайтарғаны да жөн», - десті.

Десе де, 25 қазан өзгеше бір күн болды, Мишер ханым өз көзіне сенбей қалды.

Сағат 6 мөлшері, кешқұрымғы ала көлеңке уақыт еді. Әлгінде ғана, яғни 10 минут бұрын Харри үйінен керек-жарақ алғалы шығып кеткен. Дәл осы кезде әлгі жаңбырлық киген тапал еркек жетіп келді. Бірақ бұл кезде Калон мырза үйінде еді.

Мишер ханым мынау тапал еркекке қадала қарап қалды. Ол бұрынғысындай қадамын нық басады. Ол кілтімен есік ашар ма екен? Жоқ, бұл жолы ол есіктің қоңырауын шалды... Сәлден соң Калон мырза келіп есік ашты. Әне-міне дегенше, әлгі жаңбырлық киген аласа бойлы еркек қалтасынан әлденені алып шыққандай болып еді, екі дүркін атылған мылтық дауысы шықты. Мишер ханымның ес-ақылы шығып тұрғанда, тапал еркек алдеқашан ғайып болды...

Мишер ханымның өне бойы қалш-қалш етіп, сақшыға телефон жалғады. Бірнеше минуттан кейін қалашық сақшы мекемесінің бастығы оқиға болған жерге келді. Ол Калонның мүрдесіне қарап тұрып өз-өзіне күбірлеп: «Екі оқтың екеуі де жүрегіне дарыпты, титтей де әрі-сәрі болмаған екен», - деді.

Мишер ханым сақшылардың сұрағына дірілдей отырып жауап қайтарды.

- Сіздің ойыңызша, Калонды Харридың көңілдесі атқан болды ма?

- Солай, нақты айта аламын, Калон мырза үйінде жоқ кезде ол 3 рет келген болатын. Мен мұны терезеде тұрып кездейсоқ көріп қалдым.

Сақшылар:

- Бізге ол адамды суреттеп бере аласыз ба?- деп сұрады.

- Бой тұрқы аласа, жирен шашты, әр жолы жаңбырлық киіп келеді, жасы қырық-елулер шамасында, бірақ мұны анық айта алмаймын. Өйткені алыста тұрып көргем.

Дәл осы кезде ерен базардан керек-жарақ сатып алған Харри да қайтып келген еді. Ол күйеуінің мүрдесі алдына жүгініп отыра қалып, қасіреттене:

- Мичел .... Бұл сенің істегенің бе?- деді.

Сақшы бастығы одан:

- Мичел деген кім?-деп сұрады.

- Менің көңілдесім, оның нақты аты-жөнін мен де білмеймін...

Харри үздік-создық сөйлеп, Мичел екеуінің арасындағы байланысты баяндап шықты:

Өткен жылы желтоқсан айында Калон Харриға өзінің клиентімен бірге қысқы спорт майданына барып рождество өткізетінін айтады. Шындығында Харри оның көңілдесімен бірге болатынын біледі. Десе де, Харри онымен бұрынғысынша шармаяқтаспайды. Калон кеткен соң өзі Тунистағы сауықханаға барып, бір аптаны сонда өткізуге дайындалады. Сол арада ол Мичелмен танысып қалады. Мичел оған шын аты-жөнін ежелден ашып айтпайды. Тек өзінің некелі еркек екенін ғана білдіреді.

Харри суық күліп қойып сөзін жалғастырады:

- Күйеуім жоқ кезде Мичел мені іздеп 3 рет келіп кеткен болатын. Біздің үйдің қарсысында тұратын Мишер ханымның мұндай істерге аңсары ауып тұрады. Ол терезе пердесі артында тұрып көрген-білгенін сізге түгелдей баяндаған болар. Ол ең соңғы рет бір ай бұрын келген болатын. Сол жолы маған өзінің басқа жаққа кететінін айтты, бірақ анық қайда баратынын білдірмеді. Сол күні ол: «Бейшара Харри, мен саған, сөзсіз, жәрдемдесемін, саған бір өзгеше сауға ұсынбақшымын», - деді де кетіп қалды, содан қайтып оны көрген емеспін, - деді.

Сақшы бастығы таңырқай:

- Сіздің ойыңызша күйеуіңізге қастық жасау – Мичелдің сізге ұсынатын өзгеше тартуы, қоштасардағы сауғасы болғаны ма? - деп сұрады.

Сақшы бастығы қонақ бөлмеден шығып, аулаға келді. Басын көтеріп қараса, аспанды қараңғылық қымтапты. Кенет оның жүрегі селт етті, Мишер ханымның алдына жетіп барып:

- Харридың көңілдесінің үстіне кигені жаңбырлық екенін кесете аласыз ба? - деп сұрады.

- Солай, үстіне әр жолы жаңбырлық киіп келеді.

- Мишер ханым, сіз Харри мен оның көңілдесін бір уақытта көрген бе едіңіз?

- Мен ол екеуінің бірге тұрғанын өз көзіммен көрмедім, әр жолы оларды өз алдарына жекелей көретінмін... Десе де, мұның нендей айырмасы бар?

Сақшы бастығы үйге кіріп барды. Харри керек-жарақ салған қалтаны қолына әлі көтеріп тұр екен. Сақшы бастығы қалтаны оның қолынан жұлып алды да ішіндегі заттарды үстел үстіне төкті. Ішінен жаңбырлық, еркектің жалған шашы және бір тапанша шықты. Харри бөлмесіне кіріп, айғақ заттарды жасырып қалмақшы еді, сақшы бастығының қимылы одан жылдам болды. Ол түбегейлі мойындады. Тек шерлене отырып, мұның себебін айтты: «Калон деген есерсоқтың маған қанша жапа-машақат тартқызғанын білсеңдер етті! Мен бұрыннан-ақ бір көңілдесім болып, оның мен үшін кек алуынан үміт етуші едім, бірақ ежелден мұндай орай болмады. Сол үшін мұндай рөлді өзімнің ойнауыма тура келді. Өкінішті-ақ, шынымен бір Мичел болса көрім болар еді-ау...»

Сөзі осы араға келгенде Харридың аппақ қудай болған жүзінен жас тарамдалып, жанарынан үмітсіздік менмұндалады...

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Ғимараттан құлаған бозбала #1

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Қабірстандағы ғажайып кездесу #2

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Чемпион да қаралық істейді #3

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Шеше #4

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Жаңалық бар ма #5

Ғасырдың таңдаулы әңгімелері: Шексіз адалдық #6

Аударған: Шолпан Қазезқызы

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: nipic.com

M. Auelkhan