- Негізгі бет
- Кино
- «Галактика сақшылары –...
«Галактика сақшылары – 2» қазақ тіліне қалай дубляждалды?
Естеріңізде болса, бұған дейін Marvel Comics атты комикстар баспасының топтамасына негізделіп түсірілген «Галактика сақшылары – 2» фильмінің қазақ тіліне дыбысталған нұсқасы жарық көретінін айтқан болатынбыз. Аталған фильмнің дубляжына қатысқан әртістерден сұхбат алуды жөн көрдік. Олай болса, Гамораға даусын сыйлаған Гүлназ Әуесбаева мен Питер Куиллді дыбыстаған Тимур Пиязовпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Massaget.kz: Осы дубляждау жолына қалай келдіңіздер?
Гүлназ Әуесбаева:
– 2002 жылдан бері дубляждаумен айналысып келемін. Дубляждық жол түрік сериалдарынан басталған. Әр еңбек сайын өз кәсіби шеберлігімді дамытып отырдым. Міне, соның арқасында танымал фильмдерге үн қоса бастадым. Ал аталған жоба бойынша сөйлесем, жыл сайын осындай 4 жоба жүзеге асырылады. Бұл фильм 20 жоба. Осы 20 жобаның 13-іне қатыстым. Атап айтсақ, «Жалғыз рейнджер» (басты кейіпкер), «Малифисента» (Малифисента), «Галактика сақшылары 1» (Гамора) және «Галактика сақшылары 2» (Гамора), «Алғашқылар дәуірі» фильмдерін дубляждауға қатыстым. Қазір «Балапан» арнасында да мультфильмдерді дыбыстап жүрмін.
Тимур Пиязов:
– Голливудтық фильмдерді қазақ тіліне аударарда кастинг ұйымдастырылды, мен сол кастингке кешігіп қалғанмын. 2-3 күннен кейін режиссер қоңырау шалды. Мен «Жаңа кино келді ме?» деп қуанып кетіп ем, сөйтсем жіберілген дауыстар кейіпкерге келмей жатыр екен, содан дауысымды жазып алуға шақырды. Тағы бір 2-3 күннен кейін «сіз басты рөлге өттіңіз» деп хабарласты. Бұл бір маған берілген бақ шығар дедім. Жалпы дубляж жолында «Өрмекші Адам», «Жалғыз рейнджер», «Малифисента», «Күлбике» фильмдерін, «Балапан» арнасындағы мультфильмдерді дубляждауға қатыстым.
Massaget.kz: Ең алғашқы дубляж бен соңғы дубляжда өз тарапыңыздан айырмашылық байқайсыз ба?
Гүлназ Әуесбаева:
– Әрине, айырмашылық көп. Ең алғаш «Жалғыз рейнджер» фильмін дубляждаған кезде режиссердің көмегімен жұмыс істегенмін. Ал соңғы осы «Галактика сақшылары-2» фильмінде өзімді еркін сезініп, өз «рөлімді» жақсы алып шыққанымды түсіндім.
Тимур Пиязов:
– Айырмашылық өте көп. Ең алғашқы дубляждегі («Өрмекші Адам») жұмысым өзіме қатты ұнамады. Себебі тәжірибем өте аз болатын. Қазіргі дубляждегі жұмысымда өскенімді байқадым.
Massaget.kz: Жұмыс кезінде мәтінге өз жадыңыздан сөз қосып, импровизацияға берілетін кездер бола ма?
Гүлназ Әуесбаева:
– Негізі дубляжда импровизацияға жол берілмейді. Неге десеңіз, фильм сценарийінің аудармасы бекітіліп қояды. Әрине, қазақ тілі мен ағылшын тілінің айырмашылығы айтарлықтай көп. Мысалы, қазақ сөздері ағылшынға қарағанда ұзақтау дегендей. Аудармашылардың арқасында мұндай қиындықтардан оңай өтіп кетеміз.
Massaget.kz: Дубляж барысында қандай қиындықтар кездесті?
Гүлназ Әуесбаева:
– Режиссерлеріміз «Дубляждау – кинода рөл ойнап шығумен тең» дейтін. Шыны керек, кейде қиналатынбыз. Негізі, кәсіби маман әр қиындықты өзі шешіп алып кетуі тиіс. Бірақ жетілген тәжірибемен бұл жолы бәрі ойдағыдай болды.
Тимур Пиязов:
– Осы фильмде басты кейіпкердің мінезі маған 50% ұқсайтындай көрінді. Сол үшін де дубляждау аса қатты қиындық тудырмады деп ойлаймын. Ал жұмыс барысында Питер Квиллдің айқайлайтын тұстары оңай болмады, тіпті тамағым жыртылып кететіндей болатын. Сол үшін айқайлайтын кездерді дубляждың соңына қалдырдық.
Massaget.kz: Сіздер үшін қазір ең құнды дүние – дауыстарыңыз. Оны күтудің қандай құпиясы бар?
Гүлназ Әуесбаева:
– Дауыс күту кезінде айтарлықтай құпия жоқ. Бастысы, гигиена сақтау қажет. Физиологиясына мән беру керек егер қандай да бір қиындық туып жатса, ұстазбен, дәрігермен кеңескен дұрыс. Аурудың алдын алып, сақтық шараларын ұстанған жөн.
Тимур Пиязов:
– Өз басым даусыма ерекше күтім жасаймын. Тәттіден, суықтан қашық жүремін: тоңазытқыштан су алып ішпеймін, балмұздақ жемеймін деген сияқты.
Massaget.kz: Тәжірибеңізде бір фильмде қанша кейіпкердің даусын дубляждай аласыз?
Тимур Пиязов:
– «31 арнада» телесериалдарды дубляждауға 4 адам қатысады. Сол кезде 6-7 адамға дауыс беремін. «Балапан» телеарнасындағы мультфильмдерде кейде 10 шақты кейіпкердің даусын дубляждаймын.
Massaget.kz: Дубляжға көңілі ауып жүрген жастарға қандай кеңес бересіздер?
Гүлназ Әуесбаева:
– Қазіргі таңда жастардың дубляждауға деген ынтасын байқап келемін, көбі хабарласып, сұрап жатады. Бұл мені қуантады. Театрға барып, кітап оқып, фильм көруді ұсынамын. Мамандардан дәріс алу керек. Егер өнерден алыс жүрсе де, режиссерлерге хабарласып, кастингтерге қатысып көрсе болады. Фильмді дубляждауға арналған кастингке барып, дауыс жаздырғаннан кейін сараптан өтеді. Таңдалған дауыс Голливудқа жолданады. Егер дауыс талаптарға сай болып, қабылданса, сіздің даусыңыз қорда сақталып қалады. Кейін кастингсіз даусыңыз дубляждауға қатыса алады. Қазіргі қоғамға мұндай жобалар керек. Қажет дүниені дәл уақытында беріп үлгерген дұрыс деп ойлаймын. Осындай жобаларды жүзеге асыруға ат салысқан шығармашылық ұжымға, Алматы қаласының әкімдігіне, "Болашақ" қауымдастығына алғыс білдіремін.
Тимур Пиязов:
– Қазақша кітаптарды көп кітап оқу керек. Айна алдында отырып, тіл сындыру қажет. Видеоларды қарап, оларға пародия жасап жаттыққан жөн. Өзім де осылай бастағанмын: кішкентай кезімде мультфильмдегі кейіпкерлерді қайталап, пародия жасайтынмын. Жетістігін көріп отырсыздар!
Мына жерден фильмнің трейлерін тамашалай аласыздар:
«Галактика сақшылары – 2» 4 мамырда еліміздің барлық кинотеатрларында қазақ тілінде көрсетіледі. Естеріңізге сала кетейік, жоба «Болашақ» Корпоративтік қоры мен «Marwin» компаниясының қолдауымен жүзеге асып отыр.