Голливудтың екі фильмі қазақ тілінде жарық көреді

Голливудтың екі фильмі қазақ тілінде жарық көреді
Фото: marvel.com

Marvel мен Disney, Pixar-дің қазақстандық көрермендері биылғы жылы "Галактика сақшылары. 2-бөлім" фильмі мен "Көліктер 3" мультфильмін қазақ тілінде көре алады. 

Marvel Comics атты комикстар баспасының топтамасына негізделіп түсірілген, фантастикалық атыс-шабыс, комедиялық блогбастері, Marvel кинематографиясының он бесінші, ал 2017 жылы қазақ тіліне дубляждалған екінші кинокартина болып отыр. Басты рөлдерді Крис Прэтт, Зои Салдана, Дэйв Батиста, Вин Дизель және Брэдли Купер, Карен Гиллан, Курт Рассел сомдады. Сондай-ақ, фильмде Пом Клементьефф, Сильвестр Сталлоне мен Элизабет Дебики cынды жұлдыздар ойнайды.

Фильмнен қандай эпизодтар көруге болады? Кейіпкерлер – Жер тұрғыны Питер Квилл (Жұлдызды Лорд), тұйық Дракс Талқандаушы, жалдамалы жендет Гамора, гуманоид ағаш Грут пен сөйлейтін жанат  бұрынғы қалыптарынан таймаған. Бұл фильмде де таңғажайып шытырман оқиғаларға тап болып, айналасындағыларға зиянын тигізбей (тіпті жағдайды өз пайдалаларына жаратып) аман-сау құтылып шығады. Осы жолы Жұлдызды Лордтың туған әкесі кім екендігін біле аласыздар.

Осыған дейін "Галактика сақшылары" фильмі де қазақ тіліне аударылған болатын. Үстіміздегі жылы 4 мамырда фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасы жарық көреді. Осы жолы Галактика кейіпкерлерін қандай қазақ актерлері дыбыстағанын сол кезде білетін боламыз.

Ал балаларға қандай базарлық болар екен?

Биыл 15 маусымда Disney және Pixar студиялары жарыс алаңының аңызы – Найзағай Маккуинді сүйіп көретін көрермендерге, жаңа, шапшаң әрі шытырман оқиғаға толы "Көліктер 3" мультфильмін ұсынады.

"Көліктер 3" – Walt Disney және Pixar студиясының, қазақ тіліне дубляждалған, комедиялық анимация франшизасының үшінші бөлімі. Адам тәріздес көліктердің шытырман оқиғасы, сол баяғы ғажайып жылдамдықта өрбиді. Жарыскер Найзағай мен оның достарын алда жаңа сынақтар мен зұлым қарсыластар, жаңа жеңістер күтіп тұр. 2011 жылы "Көліктер 2" мультфильмі қазақ тіліне дубляждалған голливудтық кинокартиналардың алғашқы жобасы.

Бұл жобаны «Болашақ» Корпоративтік қоры мен «Marwin» компаниясы қолдап, жүзеге асырып отыр.

Г. Берік