"Елес қуған сайыпқырандар" – әйел режиссер түсірген экшн жанрындағы фильм

"Елес қуған сайыпқырандар" – әйел режиссер түсірген экшн жанрындағы фильм

Бүгін Алматыда Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ мен "MG Production" кинокомпаниясының бірлескен жобасы "Елес қуған сайыпқырандар" фантастикалық экшн жанрындағы фильм БАҚ өкілдеріне арнайы көрсетіліп, фильмге арналған баспасөз мәслихаты болып өтті. Картина режиссері –  Марина Қонарова.

"Елес қуған сайыпқыран" фильмінде басты рөлді отандық киножұлдыздар Санжар Мәдиев пен Әсел Сағатова, америкалық актер Арманд Ассанте, америкалық актриса Кристанна Локен және ресейлік актер Никита Пресняков сомдаған.

Фильмде бас қаһарман Тимурдың рөлін сәтті сомдаған Санжар Мәдиев бұл жобаға шақыртуды Лос-Анджелесте жүрген кезінде алған екен. 

Ал Никита Пресняков болса, фильмге Нью-Йорктегі досы арқылы келген. Баспасөз мәслихатында сөз алған ресейлік актер Санжар Мәдиевпен фильм желісіндегідей дос болып кеткендерін айтты.

Айта кетерлік жайт, "Елес қуған сайыпқырандар" фильмінде Никита Пресняковтың қалыңдығы Аида Қалиева да виртуалды стюардесса рөлінде көрінеді. 

Ал режиссер Марина Қонарованың айтуынша, премьерасы мың құбылған фильмнің түсірілімі 4 айға созылған, ал арнайы эффектілер үшін 8 ай уақыт кеткен. Фильмді компьютерлік графикамен безендіру үшін отандық мамандармен қатар, Канада, Түркия, Италиядан үздік мамандар шақырылған. Фильмді көрген шетелдік мамандар "Елес қуған сайыпқыранды" әйел режиссер түсіргенін білген кезде таңданыстарын жасырмайтын көрінеді. Дегенмен режиссердің айтуынша, фильм барысында айтарлықтай қиындық туындамаған. Түсіру тобы Марина Қонароваға "Жолбарыс" деген лақап ат та таққан екен. 

"Қазақфильмнің" бас редакторы Дидар Амантай фильмнің қазақша, ағылшынша нұсқалары дайын болғанын айтып өтті. Ал әлемдік прокат көктем айына жоспарланып отыр. 

Фильм продюссері Ернар Мәліков фильм монтажы шетелдік мамандардың жұмысы болғанымен, фильмді түсіруге Америкадан арнайы кеңесші шақырылмағанын баса айтты. 

Продюссердің бұл сөзін Марина Қонарова да қостады. Оның айтуынша, қазақстандық мамандардың деңгейі шетелдік мамандардан кем түспейді. 

Басты рөлдегі Рашты сомдауға Ума Турман не Моника Беллуччиді шақыру ойда болған. Екі актриса да бұл рөлге үлкен қызығушылық танытқан. Тіпті Моника Беллуччи салыстырмалы түрде аз қаражатқа түсуге келісім берген. Дегенмен, "Терминатор 3:  Көліктердің бастауы" фильміне түскен Кристанна Локен де рақымсыз Раш рөлін сәтті алып шықты. 

Фильм Астана мен Алматы, Лос-Анджелес қалаларында түсірілген. Ал басты оқиғалар Астана қаласында өтеді.

"Елес қуған сайыпқырандар" Қазақстан кинотеатрларынан 2014 жылдың 30 қаңтарынан бастап көрсетіле бастайды.

Автор: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: Мейіргүл Оңғарова

Р. Роза