2013 жылы "Қазақфильм" көрерменіне қанша фильм ұсынады?

2013 жылы "Қазақфильм" көрерменіне қанша фильм ұсынады?

"Қазақфильм" киностудиясы 2013 жылы он кинокартинаны жарыққа шығармақ. Бұл жөнінде Ермек Аманшаев хабарлады.

2013 жылдың кино саласындағы алғашқы қазақстандық өнімі - Әсия Сүлеева мен Әнуар Райбаевтың "Жеңіс семсері" ("Меч победы") фильмі.

Мұнда ойда жоқта ескі қылыш тауып алған Айтуар есімді мектеп оқушысының оқиғасы баяндалады. Артынша қазіргі заманға сол жоғалған қылыштың иесі - батыр кіріп келеді. Бұл қылыш жоңғарларды жеңу үшін керек екендігін және батыр оның аса қажет екендігін айтады. Батыр баланы бұл қылыш шешуші жеңісте маңызды екендігінен хабардар етеді. Көрсетілімі ақпан айына жоспарлынып отырған фильмде Ержан Нұрымбет, Дінмұхаммед Садыбеков және Әзиз Бейшеналиевтер ("Ликвидатор") қатысады.

Артынша отандық прокатқа "Ер Төстік және айдаһар" атты алғашқы қазақстандық толықметражды анимациялық фильм шығады. 

Қазақтың анимациялық фильмінің тарихы "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" атты алғашқы қысқаметражды мультфильмнің жарық көруімен тікелей байланысты. Содан бері 45 жыл өтті. Міне, енді жақын күндері «Казақфильм» киностудиясы 3D форматтағы қазақ анимациясында алғаш рет толықметражды ертегінің тұсауын кескелі отыр. 

Ағымдағы жылдың сәуір айының соңы мен мамыр айының басында халықаралық кинобайқауларға қатысып жүрген авторлық үш фильмнің тұсауы кесіледі:

 "Риэлтор" (Әділхан Ержанов)


"Студент" (Дәрежан Өмірбев)


"Лотерея" (Дәмира Манабай)


Жылдың үздік премьераларының қатарында "Армандар орындалғанда" романтикалық мелодрамасы да бар. Ол жайында әлі толық ақпарат айтылып жүрген жоқ. Әйткенмен, кинокартинада атақты отандық әнші Батырхан Шүкенов пен актриса Айсұлу Әзімбаева және "Орданың" солисі Дастан Оразбаевтар бой көрсететін болады. Музыкалық жанрда түсірілген фильмнің өз ерекшелігі бар. Фильмде би де жоқ емес. 

2013 жылдың күзінде екі премьера жарыққа шығады. Біріншісі - Асқар Ұзақбаев пен Фархат Шәріповтың ортақ туындысы саналатын "Жол" ("Боксшының жолы") кинокартинасы.

Ал екіншісі - Марина Құнарованың "Елес қуған сайыпқырандар" ("Охота за призраком") динамикалық экшн фильмі.


"Жол" ("Боксшының жолы") фильмінде көше төбелесінің шебері атанған жігіттің әлемдік бокс шаршы алаңына көтерілгенге дейінгі оқиғасы баяндалады. Бас кейіпкердің рөлін Назар Сұлтанбеков сомдайды. Сонымен қатар, фильмде Ержан Түсіпов ("Сіз кімсіз, Ка мырза?"), Ерік Жолжақсынов пен Фархат Әбдраимовтар  да өнер көрсететін болады. 

"Елес қуған сайыпқырандар" ("Охота за призраком") фильмінде Санжар Мәдиев жұмбақ хакердің ізіне түсетін білікті полиция қызметкерінің рөлін ойнайды. Картинада орыстың атақты әншісі Алла Пугачеваның немересі Никита Пресняков та рөл сомдайды. "Терминатор-3" кинофильмінен таныс Кристанна Локен Раш рөлінде бой көрсетеді. Сонымен қатар, кинофильмде Арманд Ассанте ("Одиссей") мен Әсел Сағатова ("Ирония любви") да ойнайды. 

2013 жылы "Қазақфильм" киностудиясы Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолын баяндайтын "Көшбасшы жолы" ("Путь лидера") атты трилогияның екі бөлімін шығаруды жоспарлап отыр.

3D форматта жарық көретін екі бөлім "Көшбасшы жолы: Отты өзен" және "Көшбасшы жолы: Темір тау" деп аталады. Оның алғашқысын 2011 жылы "Менің балалық шағымның аспаны" деген атпен Рүстем Әбдірәшев түсірген еді. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: today.kz, kazakhfilm.kazakh.ru, art.gazeta.kz, kino24.kz

А. Әбілхан