Алматы қаласында Болат Қалымбетов түсірген "Мұқағали" фильмінің премьерасы өтті. Фильм 21 қазаннан бастап кинотетралардан көрсетіле бастайды.
Қазақтың ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ жарыққа шығарған фильм ақиық ақын, аты аңызға айналған Мұқағали Мақатаев өмірінің соңғы 4-5 жылын баяндайды.
Кинотуындының сценарийін белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, Болат Қалымбетов және Ғазиз Насыров жазған.
Режиссер бұл фильмге 13 жылдан аса дайындалғанын айтады.
"Мұқағали – қазақтың мақтанышы. Ол поэзияны тағы бір шыңға көтерген ақын. Оның тағдыры да оңай болған жоқ. Талай сынақтарға төтеп берді, Сынбады, тізе бүкпеді. Оның жырларымен бала кезімнен таныспын. Кейде қиналғанда ақын жырларын қайталап оқимын. Бұл маған көмектеседі. 13 жылдан аса дайындалдым. Соңында фильм түсіру керек деп шештім. Осы уақыт аралығында ақын туралы мәліметтер жинадым, көзін көрген адамдармен кездестім", - деді картинаның режиссері Болат Қалымбетов.
Фильм оқиғалары өткен ғасырдың 60-70 жылдарын суреттейді. Сондықтан Ермек Өтегенов бастаған суретшілер тобының еңбегі зор. Олар сол уақыттың бейнесін жинап, тұрмысын, инфрақұрылымын дәл көрсеткен. Фильмнің қоюшы операторы Едіге Нүсіпбеков.
2019 жылы "Мұқағали" фильмінің түсірілімі басталғаны туралы хабарланған болатын. Режиссер киноға қажетті Алматының сол кездегі қалпын табу оңайға соқпағанын айтады. Түсірілім тобы бүкіл Қазақстанды аралап, ақыр соңында Ескі Алматыны бейнелейтін, көшелер мен үйлері жақсы сақталған Өскемен қаласына тоқтаған. Одан бөлек түсірілім Алматы, Петербор қаласы мен Алматы облысында өткен.
"Фильмде дәл сол кездегі Алматы қаласын бейнелеу оңайға соқпады. Біз Қазақстанды аралап жүріп Өскеменге тоқтадық. Қазір барлық жер толған жарнама, шетел жазуы, пластик... Сондықтан кинотуындыда өткен ғасырдың 60-жылдарының атмосферасын беруде үлкен рөл ойнаған суретшілер тобына алғысым шексіз", - деді Болат Қалымбетов.
Фильмде басты рөлді Махамбет Өтемісұлы обылыстық драма театрының актері Асланбек Жанбалаев сомдаған. Режиссер оны 2017 жылы "Талан" фильмін Атырауға көрсетуге апарғанда кездейсоқ кездестіргенін айтады.
Асланбек Жанбалаев
"Атырауда фильмімізді көрсетіп жатырмыз. Бір кезде қарасам алдыңғы қатарда сақал-мұрты өскен еңсегей бойлы жігіт отыр. Көзі мөлдіреп тұр. Бірден Мұқағали есіме түсті. Үзілісі кезінде жеке кездесіп, Мұқағали туралы фильм түсіргім келетінімді айттым", - дейді режиссер.
Кейіннен кастинг кезінде Асланбек Жанбалаев осы рөлге бекітілген. Сондай-ақ, кинокартинада Бауыржан Қаптағай (Бауыржан Момышұлы), Бақытжан Қажымұқанов (Нұрғиса Тілендиев), Раушан Мәжитова (Фариза Оңғарсынова), Толғанай Бейсембаева (Лашын Әзімжанова) ойнаған.
Фильм толығымен сұр түсті картиналардан тұрады. Осы шешіммен режиссер ақынның өмірінің соңғы жылдары оңай болмағанын бергісі келген.
"Мұқағали небәрі 45 жыл ғұмыр кешті. 45 жасында қайтыс болды. Неге олай? Мен осы сұраққа жауап іздегім келді. Көрермендер жауап іздесе екен дедім", - дейді режиссер.
Фильмде кадрлар тез ауыспайды, шиеленіскен оқиға жоқ және диалог көп емес. Бұл жағынан түрлі-түсті, диалогы мен эмоцияға толы оқиғасы көп фильмдерге үйреніп қалған көрерменге тосын көрінуі мүмкін. Бірақ, ақынның мұңы, сол кездегі атмосфера, Мұқағали тағдыры арқылы шебер жеткізілген.
"Мұқағали өлеңдерін бәріміз білеміз. Ақын туралы аңыздарды естіп жүрміз. Сондықтан мен ақынға басқа жағынан келгім келді. Басқа қырын көрсеткім келді. Өмірінің соңғы жылдары қалай болғанын, қалай өлең жазғанын бейнелегім келді. Әркімнің өз Мұқағалиі бар. Менің Мұқағалиім осындай!", - дейді режиссер.
Қарасаз, қарашалғын, өлеңде өстім
Айта кетейік, биыл ақиық ақын, қазақ жырының мұзбалағы – Мұқағали Мақатевтің 90 жылдығы. Осы орайда ақынның туған күні 9 ақпанда туған жері Қарасаз ауылында іс-шара ұйымдастырылып, 300 дей ат қатысқан көкпар ойыны өтті. Нарынқолда ақынға арнап ескерткіш орнатылды.