Өмірде ақындардың бәрі жалғыз

Өмірде ақындардың бәрі жалғыз

Жазылар естеліктер нешеленген,
Оның бәрін көрерміз пешенеден.
Әйтеуір білетінім бір-ақ нәрсе,
Өшеді өлең немесе көшеді өлең!
Мұқағали

Ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына биыл – 90 жыл. "Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім" деген ақынның сөзі расқа шықты. Поэзияға аяқ басқан кез келген жас Мұқағалиды айналып өте алмайды. Ол басын қырау шалған алып шың сынды. Мұқағалиға өлең арнамаған ақын кем де кем шығар. Оның өлеңдерінен жылда көркемсөз оқу жарысы, байқау, конкурс өтіп тұрады. Ақынның туған жері Қарасаз аулынан бөлек Нарынқол жақтағы кез келген ауылға барып, көшедегі балалардан Мұқағали өлеңін сұрасаңыз жатқа айтып береді. Иә, өлең өшеді екен немесе осылай ғасырдан ғасырға жас ұрпақпен көшеді екен.

Ұлы ақынды түлеткен Қарасаз аулына ақынның 90 жылдығына орай арнайы бардық

***

Ақындардың ұлы көшін жалғаған, ХХ ғасырда жасындай жарқылдаған, өлеңі өрт, өр тұлғалы мұзбалақ – Мұқағали еді. Көзі тірісінде қара өлеңнің "Хан Тәңірісі" атанып, талайына біткен тасырлы тағдырға өзегі өксіп тұрса да өкінбей, өрелі өлеңімен:

"Ей, дүние есігіңді аш мен келемін,
Алынбаған ақым бар сенде менің",–

деп жар салып, пенделердің қисық заңына бағынбай еркін, бұла өмір сүрді. Балалық шағы ауыр уақытқа тап келіп, сұм соғыстың соққысынан сынбай өтсе де, есейген шағында Социалистік Кеңестің сұрқия саясаты сүріндіре берді. Содан болар бәз бірлеулерге ашынды, солақай сыншылдардың сынына назаланды.

Ақынға тәлім берген ұстаздары

Мұқағали өлеңдері өзі айтқандай өткен өмірі. Бір-біріне жалғасып кете беретін тұтас циклдар. Өмірінің соңына дейін бір-ақ "поэма" жазды. Басқа ақындардағыдай Мұқағалида таңдамалы шығармалар болған емес. Өлеңінің бәрі бірдей мөлдір мұң, сыңғырлаған сезім. Мұқағали дегенде ішін тартып өгей өмір өбектемесе де поэзиясымен жаны егіз ол, өмірін өлеңмен өлшеді. Ақын жолы, ақын тағдыры қашан да ауыр. Торыққан шағында:

"Шыда, шыда, шыдай түс, шыда тағы,
Шыдамдыны мына өмір ұнатады.
Үміттің құлан иек, құла таңы,
Әйтеуір бір атады, бір атады!" – деп поэзиясымен тағы өзін жұбатты.

Көзі тірісінде өзін ақын ретінде мойындамаса да, қазақ халқы, оқырмандары мойындап қойған еді. Бұлай дейтініміз ол айналасындағылардан жиі "мен осы ақынмын ба?" деп сұрайтын көрінеді.

 Мұқағалидың әйгілі "Аққулар ұйықтағанда" поэмасының қолжазбасы

Өлеңдері алғаш рет 1948 жылы аудандық газетте шықты. Содан соң дүркін-дүркін республикалық газет-журналдарда басылып тұрды. 30-дан асқан шағында алғашқы жинағын шығарып, өмірінің соңына дейін 7-8 кітаптың авторы атанып кетті. Ақын шығармаларының шарықтау шегі өмірінің соңғы жылдарына сәйкес келеді. Оның қай өлеңін оқысақ та сезім пернелеріңді дөп басып, бойыңды шымырлатады.

"Сен менің жанарымның ішіндесің,
Жанардың білесің ғой кішірмесін.
Жанарыңның ішіне сақта мені,
Өзгелер көлеңкесін түсірмесін"

Мұқағалидың бұл өлеңі, теңеуі әлемнің кез келген "шедевірімен" ұялмай теңестіруге болады. Ақында мұндай соны теңеулер көп. Бұл жерде оның бәрін тізіп отыруды жөн көрмедік.

Ақынның балық аулайтын қармағы

Тау тұлғалы ақын өлеңдері де өзі сияқты өр, асқақ.

"Мен таулықпын!
Таудан мен жаратылғам,
Тау менің алып анам, дара туған", – деп табиғатты, табиғатпен мінездес екенін бірнеше өлеңімен жазып та, айтып та өтті.

Мұқағали Мақатевтың 60 жылдығына орай Қарасазда ашылған музейі

Кеңес өкіметіне іштей қыжылы, қарсылығы бар екенін оның өлеңдерінен байқай аламыз. Ақын мұны айқайлап айтпаса да, шығармаларындағы астарлы ойымен жеткізе білген. Оған дәлел "Автограф" өлеңі.

"Мен Спартак бола алмадым не шара,
Сен өзің Цезарь болып көрдің бе?", – дейді ұлтының болашағына алаңдаған ақын. Құлдарды бастып ұлт-азаттық көтеріліске шыққан Спартакты да, Римнің алғашқы императоры болған Цезарьді де тарихтан жақсы білеміз. Осы өлеңі арқылы ақын "мен Спартак сынды елімді ұлт-азаттық күресіне алып шыға алмадым, сен өзің Цезарь сынды басы азат мемлекеттің алғашқы басшысы болуға ұмтылып көрдің бе, соны ойладың ба?" деген ойды аңғарамыз. Өлең соңын Мұқағали:

"Сырым да – осы,
Жырым да – осы,
Алдыңда?
Байқашы бір,
Бықсыдым ба, жандым ба?
– Махаңдар жоқ,
Махаңдардың сарқыты –
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!" – деп аяқтайды. Яғни өзін отаршылдыққа қарсы күрескен батырдың жалғасымын дегенді меңзейді.

Мұқағали шахмат ойнағанды да жақсы көрген

Кеңес өкіметі ақын-жазушыларды ауыздықтап ұстады. Кітабың шығып, елге танылуың үшін көсемді, үкіметті мақтауың керек болатын. Қаламгерлер бұл жолға мәжбүрлі түрде барды. Бұл әсіресе ХХ ғасырдың 50-60 жылдары қатты білінді. Белгілі жазушы Дулат Исабеков "мұндай жағдайда жазушылар күресудің басқа әдістерін ойлап тапты. Жаман кейіпкердің аузымен ішіндегі қыжылын айтатын" дейді. Махаңдардың сарқыты болған Мұқаң да "Автографы" арқылы айтар ойын айта алды.

 Ақынның музейде тұрған сынақ кітапшасы

Өткен ғасырдың 70-жылдары өмірінің санаулы уақыты қалғанын сезген ол бар күшін өлең жазуға сарп етті. Күніне 7-8 өлең жазған күндері де болды. Өмірін соңында әйгілі Моцарт. "Жан азасын" жазды.

"Өмір дегенге,
Тірлікте, сірә, жетер ме ой.
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой бәрі,
Бекер ғой бәрі – бөтен ғой,
Өмір дегенің – бір күндік Сәуле екен ғой!" – өмірдің қаншалықты тәтті екенін жан-жүрегімен сезіп, хатқа таңбалап кетті.

Ұстаз Мұқағали мектеп ұжымымен бірге

Ұлы ақындар әулие болады немесе шын ақынның болжамы расқа айналады екен. 45 жасында:

"Ұмыт болып есебің де, өсегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,
Қырықтың бесеуінде" – деп дәл 45 жасында қайтпас сапарға аттанды.

 "Қарасаз қар шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам халқым оған елеңдестім.
Өлсе өлер Мұкағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім".

Осылай деген ақынның өлеңдегі өміріне ешкім балта шаба алмады. Өшпейтін өлеңдері жылдан жылға, ғасырдан ғасырға қазақ поэзиясының көшін бастап, алға қарай жылжи бермек. Тау мүсін Мұқағали өлеңдері келешек ұрпақ азық етер мәңгілік мұра! Оның тау бейнесі жылдар жылжыған сайын асқақтана, зорая түспек!

"Тау ұлымын! Тау - менің дәу бесігім, Мен оның әуресімін, сәулесімін" - деп ақын жырға қосқан Қарасаздағы тау

P.S. Биыл ақпан айы тым жылы. Мұқағали өлеңдеріндей жаймашуақ. Бөлме қапырық болғасын терезені аштым. Қарасаз түнінің жұмсақ лебі бетімді өпті. Жапалақтап жауған қар тыныштық тілінде сөйлейді. Бөлме іші буланып, терезеден мөлдір тамшылар әп-сәтте аға бастады.

"Фариза!
Фаризажан, Фариза-қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз"
 деп басталатын Мұқағали өлеңін іштей қайталадым.

...Өмірде ақындардың бәрі жалғыз болғанымен, өлеңде олай емес екеніне көзім жетті. Жыл өткен сайын онымен сырласатын жас ақын, оқырман қауым көбейе береді екен.

 Тұрсынбек Башар