Қарасаз, қарашалғын, өлеңде өстім

Биыл ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы. Осы айтулы датаға орай Массагет порталының тілшілері ақынның ауылы Қарасазға арнайы барып, ауыл өмірінен фоторепортаж дайындады. Құрметті оқырман, бізбен бірге Мұқағали ауылын аралап, ақынның музейіне саяхаттағыңыз келсе, төмендегі суреттерге көз салыңыз. 

Қарасазға жете бере алдымыздан, ауыл жазуы қарсы алды. Ар жағынан Мұқағали жырға қосқан ақбас таулар, тәкаппарлана қарап тұр. Көліктен түсе сала таудың саф ауасын сіміре жұттым. Ауаға түтін исі ерекше дәм беріп тұр. Бір қаламгердің Қарасазға келіп, табиғатын көріп тамсанып: "Мына табиғатта өскен Мұқағали ақын болмағанда кім ақын болады?" дегені есіме түсті.

Ауылдың кіре берісіне ақынның бір шумақ өлеңі жазылған баннер ілініпті

Ары қарай жүріп, Мұқағали музейін қиналмай таптық

Мұқағали Мақатаев атындағы музей 1991 жылы ақынның 60 жылдығына орай ашылыпты. Аталмыш ғимарат осы уақытқа дейін екі рет күрделі жөндеуден өткен.

Сарыжаз ауылының бүлдіршіндері ақынның туған күніне орай арнайы келіп, музей аралап жүр екен. Бәрі де ақын өлеңдерін жатқа айтады.

Балабақша тәрбиешілері ақынның жеке өмірінен дерек беретін экспонаттарын бүлдіршіндерге мұқият таныстырды.

"Мұқағали Мақатаев біздің мақтанышымыз. Балалар ақынды білсін, оның жеке заттарын көрсін деп, бүгін ақын мерейтойына арнайы келдік", - дейді Сарыжаз ауылынан келген Ғалел Орманов атындағы "Гауһар" балабақшасының тәрбиешісі Орманова Құралай.

"Біздің музей 1991 жылдан бастап халыққа қызмет етіп келеді. Жалпы, музей үш залдан тұрады. Кіреберіс "Орталық тұғыр" деп аталады. Бұл жерде "Тағзым" деген ақын атамызға арнап Шәміл Қожахановтың туындысы қойылған. Бірінші залда ақын атамыздың балалық шағы, ауылдың көрінісі бейнеленген. Сонымен бірге, ауылда мұғалім болған кездегі суреттері, ұстаздарының суреттері және ақынның "Мен туған лашық бір бөлме" өлеңі бойынша жасалған диорама осы залға қойылған", - дейді Мұқағали Мақатаев атындағы музейдің меңгерушісі Ахметов Елік Мұхамеджанұлы.

Ұстаз Мұқағали әріптестерімен бірге

Мұқағалидың балалық шағы өткен бұрынғы Қарасаз ауылының көрінісі. Сурет авторы Хамза Хикикмов

Ақынның "Мен туған лашық бір бөлме" өлеңі бойынша жасалған диорама

"Екінші зал ақын атамыздың жеке заттарымен, жеке кітаптары, аудармаларымен толықтырылған", - дейді музей меңгерушісі.

"Үшінші залдағы құнды экспанаттардың бірі ақынның жеке кабинетінде орналасқан жазу машинкасы, жұмыс үстелі, сым-костюмі, қолынан тастамай ұстап жүрген қоңыр портфелі, радиосы. Бұдан бөлек ақынға тиесілі 50-дей зат бар", - дейді Ахметов Елік Мұхамеджанұлы.

Ақынның сынақ кітапшасы

Ақынның балық аулаған қармағы

Әйгілі "Аққулар ұйықтағанда" поэмасының қолжазбасы

Мұқағали Мақатаевтың жазу үстелі, машинкасы, жеке заттары мен киімі

Ақынның жеке заттары

Мұқағали Мақатаевтың мерейтойына орай алыс-жақыннан музейіне адамдар келіп жатыр. Солардың бірі Оңласын Жанашұлы. Ол музейге отбасымен бірге Тоғызбұлақ ауылынан келіпті. 

"Ақынның 90 жылдық мерейтойы құтты болсын. Мұқағали өлеңін сүйіп оқымаған қазақ жоқ шығар. Ол бәріміздің арқасүйер алып ақынымыз. Ол кісіге деген қызығушылық, мақтаныш итермелеп, 90 жылдық мерейтойына алып келді. Бір жағынан ақиық ақынның туған жерін, өскен елін, жасаған ортасын көру де арман еді. Сол арманым бүгін орындалды. Бұл менің үлкен ақынға деген құрметім, әруғына деген тағзымым", - дейді Тоғызбұлақ аулының тұрғыны.

Музейден шығып ауылдағы мектепке ат басын бұрдық. Бұл жерде де ақын мерейтойы аталып өтіп жатыр екен.

Атаулы күнге орай арнайы көрме ұйымдастырылыпты. Ақын шығармаларымен қатар, оқушылардың Мұқағали Мақатаевқа арналған туындылары, суреттері қойылған.

Мектеп оқушылары ақын өлеңдерінің желісі бойынша осындай туындылар салған

"Бізде ақынның 90 жылдығына дайындық қызу жүріп жатыр. Аудан көлемінде 1 жылдық шара жасадық. Жазға қарай мерейтойды пандемия кедергі болмаса кең түрде атап өтсек деген ойымыз бар. Нарынқолға Мұқағалиға арнап ескерткіш орнатамыз. Оның жұмыстары басталып та кетті. Мектебімізде Мұқағали айлығы жүріп жатыр. Музеймен де тығыз байланыстымыз" - дейді мектеп директорының уақытша міндетін атқарушы Ринат Жаңабаев.

Қарасаз аулында Мұқағали Мақатев көшесі бар. Біз осы көшемен жүріп. Ауыл өмірімен таныстық.

Жолдан мектепке бара жатқан балаларды кездестірдік

Ауыл өмірі тыныш, бірқалыпты өтіп жатыр. Мал айдаған, су тасыған, атқа мінген адамдар ауыл өміріне көрік беріп тұр.

Қарасаздың су ішіп бұлағынан,
Жүретұғын құлпырып құла құнан

Ауыл тұрғынанан ақынның 90 жылдығына арналып көкпар өтіп жатқанын білдік

Көп өтпей жылқы тиеген, көкпарға асыққан көліктерді де кездестірдік

Біз де көкпар алаңына бардық. Аттарын сайлап, айылын тартып жатқан жігіттерді кездестірдік

Көкпарға 300-дей ат келіпті, жалпы жүлде қоры 4 миллион теңге. Атың болмаса жанына жақындау қауіпті. Еті қызған аттар жаяу адамды елемейді, қиқулаған жігіттер де жердегі адамды көрмей қағып өтеді.

 300 аттың арасынан серкені тартып шығару да оңай емес. Бұған ердің ері, аттың аты ғана шыдайды

Көкпар бұл жолы командалық түрде өтті. Ауылдан келген жігіттердің бірі жеңсе, оған ауыл болып қуанды

Көкпаршылар қас қарайғанша шапты. Күн батқасын Алматыны бетке алып біз де қайттық

Артымызда Мұқағали жырлаған Елшенбүйрек тауы қалып бара жатты. Сазды жерге өскен шалғын – "өлеңшөп" деп аталады екен. Оны бізге Қарасаз тарихынан сыр шеткен ауыл тұрғындары айтты. Ақынның "Қарасаз, қара шалғын, өлеңде өстім" дейтіні де сондықтан болар. Иә, мынадай табиғаты әсем, бұлағында қыста да қақ тұрмайтын ауылда өскен Мұқағали ақын болмағанда кім ақын болатын еді?