Паоло Соррентиноның жаңа фильмін Netflix–тен  бұрын Apple сатып алды

Фильм кино жұлдыздадның аты аңызға айналған агенті Сью Менгерске арналады. Apple мен Netflix сынды кино алпауыттары арасында үлкен бәсекелестік пайда болғалы қашан?! Кинокомпаниялар басты рөлді «Оскар» сыйлығының иегері Дженнифер Лоуренс сомдайтын Паоло Соррентино жаңа фильмінің құқығы үшін күресте біраз бақ сынады. Deadline басылымы бұл жарыста Apple жеңімпаз атанатынын хабарлайды.

Алайда компания мен кинорежиссер арасында әлі нақты келісімшарт жоқ, фильмнің кейбір бөлшектері әлі талқыланып жатыр. Паоло Соррентиноның бұл жұмысы 1960 жылдардың ортасы мен 1980 жылдардың басындағы көптеген кино жұлдыздарының ресми өкілі болған Сью Менгерс есімді агенттің өмірі туралы баяндайды. Оның клиенттерінің қатарында Барбра Стрейзанд, Джон Питерс, Райан О'Нил, Курт Рассел, Эли МакГроу, Майкл Кейн, Джоан Коллинз, Брайан де Пальма, Энтони Перкинс және басқа да атақты адамдар болды.

Сью Менгерс 2011 жылы 81 жасында қайтыс болды. Оның өмірі туралы бұрын Бет Мидлер басты рөлді сомдаған театрландырылған қойылым көрерменге жол тартқан еді. Менгерс өз клиенттеріне деген адалдығы арқылы танымал болды, бірақ 1970-80 жылдары үлкен пайда жасауды жақсы меңгерген жаңа агенттердің көлеңкесінде қалып, танымалдығын күрт жоғалта бастады.