Санта және компания

Санта және компания
Фото: startfilm.ru

Кеше 10 қаңтар күні «Sulpak Cinema» компаниясы ұйымдастыруымен Алматы қаласы "Lumiera Cinema (ЦУМ)" кинотеатрында «Санта және Компания» фильмінің жабық көрсетілімі өтті.

Режиссері және сценарий авторы: Ален Шаба
Рөлдерде: Ален Шаба, Одри Тоту, Голшифте Фарахани, Пио Мармай

Фильм Рождество мерекесінің алдында болған оқиғаға байланысты түсірілген.

Ол барлық балалардың есімін біледі. Себебі бәрі де кезінде оған хат жазған. Қазір ер жетіп, тіпті ата болған адамдардың да аттарын, бала кезінде қандай сыйлық сұрағанын ұмытпайды. Тек бір ғана «көзалдаушы» жігітті тани алмайды, өйткені ол бала кезінен оның бар екеніне сенбейтін болған.

Ол таңғажайыптар әлемінде өмір сүреді. Ұжымдық мимен жұмыс істейтін, бірі қатерге ұшыраса, бәрі бірге кететін 92 мың эльфі және бір тәулік жанынан ажырап көрмеген Ванда атты жары бар.

Ол қажетті нәрсесіне қол жеткізу үшін ақша төлеу керек екенін, сатып алу ұғымын, үйге есік арқылы кіру керек екенін түсінбейді. Балалардың да барлық уақытта жаңа жыл кешіндегідей тәртіпті, тыныш емес екенін білмейді, шулап, жылап, үлкендердің мазасын алып, көп сұрақ қоя беретініне таңданады.

Ол қызыл емес, жасыл шапанмен жүреді. Себебі Coca-Сola жарнамасындағы жалған Санта Клаус емес, нағыз шынайы Санта Клаус, өзінің ұшатын бұғылары бар, кішкене дорбасына барлығын сыйғызып жібереді.

Әлем елдерінде 2017 жылдың 3 желтоқсанынан, Ресейде 14 желтоқсаннан бастап көрсетіліп жатқан Францияның отбасылық комедиясы біздің елімізде бүгін 11 қаңтардан бастап көрсетіледі.

Неге жаңа жылдың алдында шықпады деген оймен барсаңыз, қайтадан жаңа жылды енді қарсы алатындай, ғажайыпқа толы керемет әсер алып келесіз. 

@. @assel_assanova