Звягинцевтің картинасы «Алтын глобус» байқауына ұсынылды

Звягинцевтің картинасы «Алтын глобус» байқауына ұсынылды
Фото: vk.com

Ресейлік танымал режиссер Андрей Звягинцевтің «Нелюбовь» кинокартинасы кинематография саласындағы аса беделді «Алтын глобус» («Золотой глобус») байқауына ұсынылды.

Фильм «Шетел тіліндегі үздік фильм» аталымы бойынша бақ сынайды. Звягинцевтің бәсекелестері – Анджелина Джоли («Алдымен олар әкемді өлтірді: Камбоджа қызының естелігі»), Рубен Эстлунд («Шаршы»), Фатих Акин («Төзімнің шегі»), Себастьян Лелио («Ғажап әйел»).

Андрей Звягинцев «Алтын глобус» («Золотой глобус») байқауына бұған дейін де ұсынылған. 2014 жылғы байқауда дәл осы «Шетел тіліндегі үздік фильм» аталымы бойынша «Левиафан» картинасы бақ сынап, жеңіп шыққан. Күздің басында «Нелюбовь» кинокартинасы «Оскар» марапатына ұсынылды. Нәтиже жылдағыдай желтоқсанның соңында белгілі болады. Белгілі режиссер Алексей Учитель бұл қадамды «әділ шешім» деп бағалады.
 

«Нелюбовь» фильмінің премьерасы 70-Канн фестивалінде болды. Естеріңізде болса, әлем көз тіккен дүбірлі шарада Джессика Честейн, Педро Альмодовар, Паоло Соррентино, Уилл Смит, Моника Беллуччи, Белла Хадид, Лили-Роуз Депп, Джулианна Мур, Ума Турман, Эмили Ратаковски, Робин Райт, т.б. аңызға айналған тұлғалармен қатар, қазақ әншісі Димаш Құдайберген де қызыл кілемнен жүріп өткен болатын. 

Биыл көктемде өткен байқауда «Қазылар алқасының жүлдесін» алған картина ажырасу алдындағы ерлі-зайыптының тағдыры мен екі ортада қалған 12 жасар Алешаның жай-күйінен сыр шертеді. 

А. Оралқызы