Джолидің жаңа фильмі үлкен ұлының тағдырына арналады

Джолидің жаңа фильмі үлкен ұлының тағдырына арналады
Фото: vk.com

Актриса Анджелина Джолидің режиссерлігімен түсірілген "Алдымен олар әкемді өлтірді: Камбоджа қызының естелігі" фильмінің алғашқы трейлері шықты.

Сюжет негізіне америкалық жазушы әрі Джолидің жақын құрбысы Лун Ун ханымның автобиографиялық романы енген. Онда 1975–1979 жылдары 2 миллион камбоджалық азаматтың өмірін алған геноцид сипатталған. Ал, Лун  ол кезде кішкене қыз болатын. Ол болашақ жауынгерлер дайындайтын лагерьге түскен екен. Актриса роман авторымен 2002 жылы Камбоджадағы гуманитарлық миссиясы кезінде танысқан.

"Бұл фильм соғысты тек бала көзімен көрсетіп қана қоймайды, ол, ең алдымен, тұтас елдің тағдырынан сыр шертеді ", – дейді Джоли жаңа туындысы туралы. 

Картина Камбоджада түсірілген. Басты рөлдерді Сарум Среймок, Пхунг Компхек, Свенг Сочеата мен Тарот Сам сомдады. Фильм 15 қыркүйектен бастап көрерменге жол тартады.

Естеріңізге сала кетейік, актриса асырап алған балалардың ең үлкені Мэддокс – Камбоджа елінің тумасы. Осыған дейін сұхбаттарының бірінде Джоли үлкен ұлының тағдыры туралы фильм түсіргісі келетінін айтқан.

А. Оралқызы