«Оралу» фильмі 11 желтоқсанда көрерменге ұсынылады

«Оралу» фильмі 11 желтоқсанда көрерменге ұсынылады

«Қазақфильм» АҚ Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Оралу» тарихи драмасын түсіруге кірісіп кетті. Бұл туралы inform.kz жазды.

Фильм сюжеті қазақ елі басынан кешкен тарихи нәубет жылдарын – күштеп ұжымдастыру, жұт, екінші дүниежүзілік соғыс және соғыстан кейінгі кезеңді қамтиды.

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедияров болашақ картинаның жастардың отанды сүюге, ананы сүюге насихаттайтынын айтып өтті.

"Бұл фильм  20 ғасырдағы қазақ халқының нәубетін көрсетеді. Соғыс тақырыбындағы картиналар аз болған. Осының алдында белгілі режиссер Мәжит Бегалин "Әлия", "Ел басына күн туса"  фильмдерін түсірген болатын. Бұл жоба 20 ғасырдағы қазақ тарихының шежіресі десек те болады", - деді «Қазақфильм» АҚ төрағасының орынбасары Дидар Амантай.

Фильм режиссері Ақан Сатаев киноны түсіруге тың идеяның қалай келгенін айтып берді.

"Фильм сюжеті менің ата-анамның айтқан оқиғасының желісінде өрбиді. Олар гастрольдік сапары кезінде қазақ ауылдарының бірінде ауыл шетіне шығып алып, баласын күтетін кемпірді көрген. Оны ауыл тұрғындары жынды деп санаған. Осы оқиғаны Тимур Жақсылықов екеуміз сценарийге бейімдедік. Тарихи тұстарын тарихшы Алмас Ордабаевпен кеңесіп ақылдасып жатырмыз. Барынша тарихи шындыққа нұқсан келтірмей жұмыс жасауға тырысып жатырмыз. Біздің әр киіміміз, әр сөзіміз, әр декорациямыз тарихшылардың бекітуінен кейін жасалып отыр», - деді А.Сатаев.

Оның айтуынша, кино қазақ, орыс тілдерінде түсіріліп, кейін бірнеше тідерге дубляж жасалады.

"Новый мир продакшн" продюссерлік компаниясының бас директоры Светлана Коротенко мәлімдеуінше, тарихи туынды 2015 жылдың 11 желтоқсанында көрерменге жол тартады. Содан кейін ТМД елдерінің барлығында көрсетіледі.

Оқиға осы қиындықтардың барлығын басынан кешкен бір адамның тағдырының айналасында өрбиді. Сюжет баяндау жанрында жасалған.  Балалар үйі, сұрапыл соғыс жылдары, абақтыны көріп, бірнеше жылдар бойы тамырынан ажырап қалған адам өзінің анасына оралады. Туынды анаға, отанға деген махаббатты насихаттайды. 

Ақпанның ортасында басталған түсірілім жұмыстары негізінен Алматы қаласында, Алматы облысында, Минск, Стамбул қалаларында өтеді. Кейіпкерлерді белгілі актерлер Әділ Ахметов, Аружан Жазылбекова, Еркебұлан Дайыров, Алтынай Нөгербек, Берік Айтжанов, Болат Әбділманов сомдайды.

Түсірілім процесіне еліміздің үздік киногерлері, режиссерлер, операторлар, композиторлар суретшілер жұмылдырылды. 

сурет: kazakhfilm.kazakh.ru

Е. Қайрахан