Қаржы маманы ақшаны доллармен сақтауға кеңес береді

Қаржы маманы ақшаны доллармен сақтауға кеңес береді
Фото: fxnewscall.com

Астана уақыты бойынша маусымның 14-інен 15-іне өткен түні АҚШ-тың Федералды Резервтер Жүйесі америкалық валютаны мүмкін болған инфляциядан сақтау мақсатында пайыздық мөлшерлемесін көтерді. Осыған орай, Massaget.kz тілшісі Teletrade компаниясының қаржы кеңесшісінен пікір алған еді.

Teletrade сарапшысы Дастан Әбдірахманның айтуынша, теңге Ресей рубліне толық тәуелді. Көрші ел валютасы қалай бағыт алса, теңге де соның жолымен өзгеріп отыратынын мәлімдеді.

"ФедРезерв шешімі белгілі бір мөлшерде біздің валютаға кері әсерін беруі мүмкін. Бірақ Қазақстан көрші елдермен ортақ нарықта тығыз байланыста болған соң, қаржы бағытын Ресей рублімен байланыстырамыз", - дейді Әбдірахман мырза.

KASE платформасындағы таңғы сессияға орай, 1 АҚШ доллары 317,53 теңгені құрады. Алматы қаласындағы ақша айырбастау пункттерінде шетел валютасын сатып алу мен сату бағалары арасындағы валюта дәлізі 0,60 теңгеге дейін қысқарған. Демек, нарықта ақша айналым жылдамдай түспек.

USD/KZT валюта жұбының соңғы 10 күндегі өзгерісі, дереккөзі: FXexchangeRate

"Ұлттық банк соңғы рет 6 ай бұрын интервенция жасаған. Ал қазір нарық өзі ұстап тұр. Сондықтан қазіргі таңда USD/KZT валюта курсының өзгеру мүмкіндігі басым. Себебі ағымдағы жылдың басынан бері Ресей Орталық банкі рубльді девальвацияға жіберуді жоспарлап жатыр. Көп өтпей рубль құлдыраса, біздің теңге де сол сценарийді қайталайды. Нарықтағы құбылыс, орташа есеппен, 10 пайызға дейін құнсыздануды көрсетіп отыр. Сол үшін, қазір ақшаны АҚШ долларында сақтаған жөн", - дейді Teletrade қаржы кеңесшісі.

АҚШ Орталық банкі алдағы екі жылға жасаған жоспарында базалық мөлшерлемені 3 пайызға дейін көтеретіні айтылады. Teletrade болжамына сенсек, 2018 жылдың соңына қарай АҚШ долларына сұраныс біршама өсетін болса, 1 АҚШ доллары 380 теңгеден сатылуы мүмкін. 

Ж. Өрісбай