Әлемдік банк Қазақстан экономикасына болжам жасады

Әлемдік банк Қазақстан экономикасына болжам жасады
Фото: www.hmcdubai.org

Әлемдік банк 2017 жылға қатысты дүние жүзі елдерінің экономикалық өсімі 2,7%-ға дейін көтерілетінін мәлімдеді. Ресми ақпаратқа сенсек, дүние жүзінің экономикасы ілгері басуына дамушы елдердегі өндірістік сектор мен сауда қызметінің дамуы және шикізат бағасының тұрақтандырылуы себепкер болып отыр.

Әлемдік банктің ресми есебінде негізгі капиталы экспорттан түсетін елдердің ішкі нарығы да жандана түскені жайлы айтылады. Болжамға сай, мұнай бағасының көтерілуі мен Қазақстанның макроэкономикалық саясаты тиімді жасалуына байланысты ел экономикасы осы жылдың соңына дейін 2,4% өседі Бұл көрсеткіш 2018 жылы 2,6%-ға дейін көтеріледі.

Әлемдік банк президенті Джим Ен Кимнің айтуынша, дамушы елдердің экономикасы ақырындап қайта қалпына келіп жатыр. "Елдегі қаржы институттарының белсенділігі бәсеңдеген кезде, жеке сектордағы кәсіпкерлер мен инвесторлар қаржысы қолдау білдіруі тиіс. Қазіргі таңда, осы үдеріс Орта Азия елдерінде байқалады",– дейді Ким мырза.

Екі жылға созылған рецессия есебінен Ресей экономикасы ағымдағы жылда 1,3%-ға, ал 2018 жылда 1,4%-ға өседі. Бұған тек халықтың тұтыну мүмкіндігі ғана оң әсерін тигізіп отыр.

Ж. Өрісбай