- Негізгі бет
- Қазақ хандығы - 550 жыл
- Елбасымыздың Тәуелсiздiк туралы...
Елбасымыздың Тәуелсiздiк туралы ой-пікірлері
Еліміз үшін аса қадірлі мейрам − Тәуелсіздік күні де жақындап қалды. Аталған мейрам қарсаңында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тәуелсiздiк туралы айтқан ой-пікірлерілерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Тәуекелі тұратындардың ғана қолы жетпесе, Тәуелсіздік бола ма?
Азаппен, арпалысып келмесе, Азаттық бола ма?
Оңайлықпен келсе, оның қадірі бола ма?
Қадірі жоқ нәрсе қолда ұзақ тұра ма?
***
Білекке – білек, жүрекке – жүрек, тілекке – тілек қоса білсек қана Алда тұрған сын белестерден абыройлы өте аламыз.
***
Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар.
Әлемде егемен Қазақстан бар.
Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар.
Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар.
Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар.
Сол күнге берік сенім бар!
Енді біздің ел атқа қонады: дүйім дүниенің қандай дүбірлі додасына да тайсалмай түсіп,
кім-кімнен де жалтақсыз жарысатын болады.
***
Басқаға жалтақтайтын күннен кеттік.
Бар байлығымызды өзімізге бұйыратын еттік.
Қоғамның саяси тұрақтылығы мен бірлігіне жеттік.
Қысқасы, егемен ел болудың ең ауыр белесінен өттік.
***
Біле білсек, осы он жылдағы еңбегіміздің ең басты қорытындысы – ел болғанымыз. Ел бола алғанымыз. Біз мемлекет құрдық. Құрғанда да, аты бар да заты жоқ мемлекет емес, бүкіл адамзат танитын, танып қана қоймаған, мойындайтын, құрметтейтін мемлекет құра алдық.
***
Алдымызда асу-асу белдер бар, ұлт жолында ұйтқи соғар желдер бар. Бел де талар, жел де беттен қағар. Бәріне көну керек, бәріне төзу керек.
***
Теңге – ел тұрақтылығы мен тәуелсіздігінің белгісі.
***
Аталарымыздың тар кезеңде табысып, бірлік-берекесін көрсеткен жақсылығымен қатар кеңшілікке шыққанда кесірлік танытып, ала болып ауыздағыларынан айырылып, өзара қырқысып кететін жаманшылығының қабат жүретіндігі де өзекті өрттейді.
***
Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі – қазақ халқының сан ғасырлар бойғы күресінде, азатыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр.
***
Қазақстанның аспан түстес туының бетінде алтынға айналған бүркіт қанат керген. Осынау тәуекелі келіскен мазмұнды да мағыналы нысанның бойында табиғат та, тіршілік те, тарих та тоғысып жатыр.
***
Еңсесі түскен елдің есін жиғызған, жапа шегіп зар жылаған халықтың көз жасын тиғызған кімдер еді?Азаматынан айырылған арғымаққа қайтадан ер салдырған, тұтастық туын қолға қайтадан алғызған кімдер еді?Қасиетті бабаларымыз – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би еді.
***
Бәрін де тарихтың сый-сыбағасы деуге болар, алайда жан-жүрегіңнің аңсары болған азаттықты ешкім де сыйға тарта алмайды.
***
Азаттық дегеніміз – бұл әлемдік тарих толқынында өзінің субъектілік құқығын сезінетін және оған жауап бере алатын халық болмысының жалғыз ғана үлгісі.
***
Бойында қаны бар, намысы бар әрбір азамат: «Енді тәуелсіздікті қалай кемелдендіреміз, елдің көсегенін қайтсек көгертеміз?!» деп ой-санасын қамшылауы керек.
***
Халық кешпейтін бір-ақ нәрсе бар: елдің қолына зарықтырып келіп қонған бақыт құсынан – Тәуелсіздіктен айырылуды кешпейді.
***
Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінен, беттен қағар желінің есуінен тайсалмауға тиіспіз.
***
Мәселе – қай топтың жеңетіндігінде немесе билік басына кімнің келетіндігінде емес, мәселе – тәуелсіздіктің тағдырында.
***
Азаттық жолы ұзақ та тауқыметті. Оны баянды ете білу де оңай шаруа емес.
***
Өтпелі кезеңнің өкпек желі соғар да өтер.
***
Толыққанды тілсіз ұлт болуы мүмкін емес.
Н. Үсенова