Төзімділік — бақыттың кілті

Төзімділік — бақыттың кілті
Фото: Серик Байбульсинов, Равиль Шиникулов

Жасымыз ұлғайған сайын ақыл кіріп, өмірдің мәнін ұғына бастаймыз. Қай істе болсын шыдамдылық танытамыз. Бірақ жастық шағымызда барлығы керісінше болады. 

Осы сабырсыздығымыздың арқасында өмірде қаншама қиын жағдайға тап боламыз. Бастығымыз жалқаулығымызды бетімізге басып, ұрысқан кезде, өзімізді ұстау қиын. Қоғамдық көлікте немесе дүкенде дауыс көтерген адамға жауап беруге асығамыз. Өзімізге еш қызықпайтын жігітке хабарласамыз. Сүйіктіміз айыпты болса да, одан кешірім сұрауға дайынбыз. Жақын адамдарымыз басқа біреумен жанжалдасып келіп, бар ашуын бізден алған кезде, былапыт сөздер айтамыз. Мұның барлығы, біздің жас немесе тәжірибеміздің жоқтығынан емес, өзімізді жақсы көрмейтіндігімізден.

Көпті көрген тұлғаға айналған кезде бұрын-соңды ашуымызды келтірген адам алдымызға келіп, ұстамдылығымызға қайран қалады. Ал біз бұл сөздерге қуануымыз керек пе әлде ренжуіміз керек пе білмейміз. Себебі ұстамдылық – қартайғанымыздың белгісі. Ал екінші жағынан өз тәніміз бен жанымызды билей алу – әлемді билеп-төстеумен бірдей.

Сіздің де өміріңізде осы секілді дүниелер болған шығар. Ашуға толы бір смс жазып, артынша дәл сондай 8 смс хатпен барлығын түсіндіргіңіз келген шығар. Жақын адамыңызбен телефон арқылы ренжісіп, тұтқаны қойған соң, телефонын сөндіріп тастамайынша қайта-қайта хабарласа берген боларсыз. Анаңызбен ренжісіп, үйден кетіп, артынша бірнеше күннен соң қайтып келген күндеріңіз де болған шығар. Осы әрекеттеріңізбен сіз тек өзіңіздің әлсіз екеніңізді, бастаған ісіңізді соңына дейін жеткізе алмайтыныңызды көрсетесіз. Шіркін, осындай кезде тоқтай алсақ қой...

Жан-дүниеңізді ашу мен кек жаулап алған кезде, сабырға келу өте қиын. Өзімізді басқара білу – қымбат қасиет. Қажет жағдайда өзін тоқтата білетін адам кез келген соғыстың алдын алатын еді.

Адам әрдайым таңдау жасай алады. Ашуланудың орнына онға немесе жүзге дейін санауына, 365 күнді 37 жылға көбейтуіне, айналадағы қызыл заттарды санап шығуына немесе қолындағы телефонды сындырып, жуынатын бөлмеге кіріп жылауына, үйді он шақты рет айналып шығуына болады. Яғни бастапқы қалпына оралудың түрлі тәсілі бар.

Күндердің бір күнінде бұйырғанның кетпейтінін түсініп, сабырға келесіз. Ең бастысы, күте біліңіз. Бақыттың кілті — сабыр мен төзімділікте. Алдыңыздағы дайын нұсқаға жармаспаңыз, арманыңызға ұмтылыңыз. Ойыңызға келген бірінші пікірді айтпаңыз, өкініп қалуыңыз мүмкін. Әр нәрсенің байыбына жеткен соң ғана сөйлеп, шешім қабылдап үйреніңіз. Өйткені дұрыс шешім – суықтай ішкенде дәмді болатын тағаммен бірдей.

Кім, не десе де, таңдау еркі тек қана өзіңізде екенін ұмытпаңыз. Ең бастысы, сабырлы адамды барлығы да құрметтейтінін естен шығармаңыз.

Қ. Бүйенбай