Арнайы жасақтаудың негізі күші – стандартқа сай емес, көбіне мемлекеттің саяси-экономикалық, әскери мақсаттарын, қауіпті миссияларын орындау үшін қиын жаттығулардан сүрінбей өтетін әскери бөлімшелер. Арнайы тағайындаулар XX ғасырдың ортасы, яғни «Бранденбург» арнайы жасақталған полкінің құрылуынан бастау алады. Осындай бөлімшелердің үздік рейтингін анықтау – оңай шаруа емес. Бұл әлемдегі өзіндік мақсаты мен машығы бар әртүрлі спорт түрлерінің ең мықты спортшысын анықтау сияқты.
Әлқисса, ең әуелі өзіміздің отандық арнайы жасақтау бөлімшесіне тоқталуды жөн көрдік.
Еліміздегі басты арнайы жасақтау бөлімшесі – «Арыстан». Оның негізі кеңес уақытында қаланған. Алғашқы атауы – «А». 1993 жылдың сәуірінен бастап ҚР-ның ҰҚК-нің құрамына кірген соң, «Арыстан» деп өзгертілген. Арнайы жасақтау бөлімшесінің бюджеті, адам саны, құрамы, сондай-ақ арнайы жасақтаудағы дислокациялық орындар мемлекеттік құпия болып саналады. Бүгінгі «Арыстанның» құрамы өте жоғары деңгейде. Оның негізгі базасы еліміздің бас қаласы Астана қаласында орналасқан. Бөлімшенің екі филиалы бар. Бірі Алматыда болса, екіншісі Ақтау қаласында.
Олай болса әлемнің 10 үздік арнайы жасақтау бөлімшелерімен де таныс бола отырыңыздар.
10. MARCOS, Үндістан
MARCOS (Marine Commando Force) – үнді флотының таңдаулы арнайы жасақталған бөлімшесі. Бұл антитеррористтік операциялар, диверсиялар, арнайы барлаулар және жауынгерлік іс-әрекеттер, кепілгерлерді босату, жеке құрамды құтқару және теңіз десанттарын жерге түсіру сияқты арнайы операцияларды жүзеге асыру үшін құрылған.
9. GIS, Италия
GIS (Gruppo di Intervento Speciale) – терроризммен күрес бағытындағы Italian Carabinieri әскери полициясының құрамына кіретін таңдаулы бөлімше. Терроризм қаупінің дендеп, күшеюіне байланысты 1978 жылы Италияның мемлекеттік полициясының бастамасымен құрылған. Бөлімше дәлдігімен, мергендігімен әлемге танымал. Бүгінде құрамында 100-ге жуық адамы бар GIS антитеррористік операциялармен, жауынгерлердің жаттығу кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысады.
8. EKO Cobra, Австрия
EKO Cobra (Einsatzkommando Cobra) – австриялық антитеррористік, тактикалық бөлімше. 1972 жылы Мюнхенде өткен Олимпиадалық ойындар кезіндегі терактіге қарсы жауап ретінде 1978 жылы құрылған. Арнайы тактикалық бөлімше терроризммен күреске белсене кіріскенімен, көлеңкеде қалып отыр. Жасақ 1996 жылы Грац-Карлау түрмесіндегі кепілгерлерді босатуға және көптеген түрлі операцияларға ат салысты. EKO Cobra – әуедегі ұшақтың ұшу жағдайына кедергі келтірген жалғыз бөлімше.
7. GIGN, Франция
GIGN (National Gendarmerie Intervention Group) – Франция Қарулы күштерінің бір бөлігі. Бөлімше антитеррористік операциялар орындау мен Франция аумағындағы және бүкіл әлемдегі кепілгерлерді босату үшін түрлі жаттығулардан өткен. 1972 жылы Мюнхендегі террористтік актіден кейін құрылған. Бөлімшенің басты мақсаты – болашақта болуы мүмкін бүліктердің алдын алу. GIGN бөлімшесі жағдайды тез игере алатындығымен және терроризмге қарсы күрес пен кепілгерлерді босату операциясында танытатын шебер жауынгерлік қабілетімен танымал.
6. SSG, Пәкістан
SSG (Special Services Group) бөлімшесі АҚШ пен ұлыбританиялық SAS арнайы жасақтарына ұқсас. Өздерінің бас киімдеріне байланысты «Қара дегелек» деген атпен танымал бөлімше 1956 жылы құрылған. SSG ержүректігі және батырлығының арқасында әлемдегі мықты бөлімшелер қатарына енген. SSG бөлімшесі ассимметриялық жауынгерлік әрекеттерді, арнайы барлауларды, «ішкі қорғаныстың» қатысуымен түрлі жауынгерлік тапсырмаларды, диверсияларды, антитеррористік операцияларды орындауға және кепілгерлерді босату мен жеке құрамды құтқару үшін жасақталып, құрылған. Жақында SSG Пәкістанның батыс шекарасындағы антитеррористік операциға қатысты.
5. JW GROM, Польша
JW GROM (Jednostka Wojskowa GROM) – польшалық таңдаулы антитеррористік бөлімше. Террористік қауіпті сейілту үшін 1990 жылдың 13 шілдесінде ресми түрде құрылды. GROM – Польша Қарулы күштері арнайы бөлімшелерінің арасында үздік бестік қатарында. Олар түрлі қауіпті барлаулар мен антитеррористік операциялар жасау үшін арнайы жаттығулардан өтеді.
4. GSG 9, Германия
GSG 9 – неміс федералдық полициядан жасақталған арнайы антитеррористік бөлімше. 1973 жылы неміс полицейлерінің жазғы Олимпиада ойындары кезінде израильдік 11 кепілгерді босатпақ болған сәтсіз әрекеттерінен кейін құрылған. GSG 9 жасағы кепілгерлерді, ұрыларды ұстау, терроризм, бопсалаушылық жағдайларында қолданылады. Сонымен қатар, қашқындарды қадағалап, қорғанысты қамтамасыз етіп, түрлі дәлдікті арттыратын операцияларды жүзеге асырады. Бөлімше 1972 жылдан 2003 жылға дейін 5 рет қана қару қолданып, 1500 миссияны сәтті орындаған.
3. Delta Force, АҚШ
АҚШ-тағы түрлі террористік шабуылдарға байланысты 1997 жылы ресми түрде құрылған «Дельта» АҚШ арнайы жасақталған №1 оперативті бөлімшесі. «Дельта жасағы» деген атаумен де танымал. АҚШ-тың ең мықты құпия жасақтарының бірі. Жасақ Ұлыбританияның (SAS) арнайы авиадесанты қызмет полкінің үлгісінде құрылған. Дельта жасағының негізгі қызметі: терроризммен күрес, диверсиялар, ұлттық интервенциялық операциялар. Сонымен бірге, бұл – кепілгерлерді құтқару және рейдке шығу сияқты түрлі операцияларды орындауға қабілетті функционалды бөлімше.
2. Navy SEAL, АҚШ
SEAL – мемлекеттегі таңдаулы бөлімшелердің бірі. Тарихы Ұлы Отан соғысынан бұрын бастау алатын АҚШ-тың арнайы операцияларын орындайтын негізгі тактикалық бөлімше. SEAL бөлімшесінің SAD және SOG бөлімдерінен ЦРУ арнайы құрам дайындады. Navy SEAL және ЦРУ-дің біріккен операцияларының нәтижесінде АҚШ MACV-SOG құпия бөлімшесі құрылды. Бөлімшенің танымал операциясы – Пәкістанда бен Ладеннің өлтірілуі болатын.
1. SAS, Ұлыбритания
Арнайы авиация қызметі (SAS) – Ұлыбританияның арнайы жасақталған бөлімшелері арасында үздіктер қатарында. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы кезінде құрылып, көптеген мемлекеттердің бөлімшелеріне үлгі болды. SAS бөлімшесі Лондонда кепілгерлер тұқындалған иран елшілігіне жасалған сәтті шабуылдан кейін танымалдыққа ие болды. Қазіргі уақытта бөлімше екі территориалды және бір тұрақты полк жасағынан тұрады. Негізгі мақсаттары – бейбіт уақытта терроризммен күресу, арнайы жауынгерлік операцияларды орындау.