- Негізгі бет
- Жүз жағдай
- Брендон Гримшоу –...
Брендон Гримшоу – бүгінгінің Робинзоны
«Әркімнің болашағы – өз қолында» демекші, әр қайсымыз жүрер жолымызды, шығар биігімізді өзіміз таңдаймыз. Кейбіреулер «Алма піс, аузыма түс» деп армандап қана жатса, енді біреулері сол «арман» алма ағашын суарып, өз жемісін көреді. Қандай адам болмасын, артында атын қалдырып, адамзаттық парызын абыройлы өтегісі келетіні ақиқат. Дегенмен, ерек ерлігімен, ерен еңбегімен ел есінде қалатындар теңіз тамшысындай ғана.
Көп ішінен бас көтеріп, тарих тақтасына атын алтын әріппен жазып кеткендердің бірі – ағылшын азаматы Брендон Гримшоу. «Гримшоудың аты тарихта қалай қалды?» дейтін шығарсыз? Ол өз арманына қол жеткізу үшін барын салды. Бәрін бір күнде тастап, адам аяғы баспаған аралға кетіп, сонда 40 жыл өмір сүрді. Тек өмір сүріп қана қойған жоқ, өлі аралға жан бітіріп, өмір сыйлады.
1960 жылы Сейшел аралдарына Брендон іс сапармен келеді. Ол жер жәннатындай жайқалған бұл маңның таңғажайып табиғатына қайран қалып, үйіне қимастықпен қайтады. Ақыр соңында Сейшел аралдар тобына жататын Муайен аралын 13 000 АҚШ долларына сатып алады. 40 жасты еңсерген Брендон Йоркшир қалалық газеттің редакторы қызметін және күнделікті тіршілігін тастап, жаңа өмір бастауға аралға келеді. Бірақ, ол уақытта аралдың сұрқы ит байласа тұрмайтындай еді.
Өзінің табиғат сүйгіштігінің арқасында аралды «тірілту» үшін бар күшін салады. «Не бел кетеді, не белбеу кетеді» деп, білекті түріп тастап кіріскен ол, ең бірінші ағаш отырғызудан бастайды. Көршілес аралдардан тасбақалар сатып әкеледі. Соның арқасында құстар да пайда бола бастайды. Әрине, құстар өзімен-өзі келе салған жоқ. Оларды да көршілес аралдардан әкелуге тура келген.
Алғашында алып келген құстар күштеуге көнбей, қайта ұшып кетеді. Бірақ, кейбір құстар қайта келе бастайды. Қайта оралған қос қанаттыларға Брендон қос қолдап жем береді. Бұрын-соңды жан баласынан көрмеген жылулықты сездіреді. Бір қарағанда, ертегідегідей көрінуі мүмкін. Дегенмен, көпшілігіміз кітаптан оқыған Робинзонның шытырман оқиғасын «екінші Робинзон» өз басынан кешірген.
«Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан» дегендей, оған бір кездері осы аралда өмір сүрген Рене Лафортен кез болып, «Кемедегінің жаны бір» деп, екеуі айрылмас досқа айналады. Рене аралды «тірілтуге», тамақ табуға, ағаш отырғызуға, тасбақалар мен құстарды бағып-қағуға көмектеседі. Ондаған жылдың маңдай терінің арқасында екеуі ұзын саны 16 000 мың ағаш отырғызып, мыңдаған қос қанаттыларға ұя салып, қоныс сыйлайды.
Көпке үлгі болар Брендонның ісі еленбей қалуы мүмкін емес еді. 1996 жылы Брендон Гримшоудың «Топырақ бөлшегі. Бір адам мен аралдың тарихы» атты өзі туралы жазған автобиографиялық кітабы жарық көреді. Брендонның өз ісін насихаттауы бұл кітаппен шектелген жоқ, ол тек басқа кітаптарға негіз болды. Ол жайында жазылған кітаптар мен мақалалар саны жетерлік. Ауыз толтырып айтарлығы – ол жайлы деректі фильм экрандалған. Бірақ, өкініштісі, қазақ тілінде аудармасы (субтитрі) жоқ екен.
2008 жылы аралға «Ұлттық парк» атауы берілді. Жоғарыда Муайен аралын 13 000 АҚШ долларына сатып алғанын айтқан едік. Осыдан бірнеше жыл бұрын Сауд Арабиясының бір ханзадасы осы аралды 50 000 000 АҚШ долларына сатып алмақшы болған екен. Сатуға келісім бермеген Брендон: «Бұл жердің тек қана бай-патшалардың демалатын орнына айналғанын қаламаймын. Одан да кез-келген қатардағы адамға қол жетімді болсын, ұлттық парк күйінде қала берсін» деген екен.
Брендон Гримшоу 2012 жылы өмірден озды. Бүгінгі таңда жоқтан бар жасаған Брендонның өміріне және аралға қызығып, Муайенге ағылып жатқан туристтерде сан жоқ. Оларды қызықтыратын тек қана ғажайып аралдың тарихы ғана емес, бұл жерде кезіндегі теңіз қарақшыларының қазыналары сақталған деседі. Брендон Гримшоу – ұзақ және ғажайып өмір сүрген адам.
Ал сіз оның игі ісін жалғай алар ма едіңіз?
Сурет: paradiseintheworld.com, roocola.com, lifeglobe.net, agrainofsandthefilm.com
Оқи отырыңыз:
1. Таңғажайып аралдар топтамасы
2. Жер бетіндегі он ерекше арал
3. Дубайдағы қолдан жасалған аралдар (Фотобаян)
4. Әлемнің жаңа жеті кереметінің бірі - Игуасу сарқырамалары
Е. Жұмабайұлы