- Негізгі бет
- Жүз жағдай
- Әскерге бармау «синдромы»...
Әскерге бармау «синдромы»
Әскер – елдің басына күн туа қалған жағдайда жүгінер ең маңызды күші. Бүгінгі таңда бейбітшіліктің туы желбіреген мемлекеттердің де әскери күші жағынан бес қаруы сай, төрт құбыласы түгел. Әйткенмен әскер соғысты күтпейді, тыныштықты күзетіп, елдің есендігін тілейді. Қазақ «Ұланы бар елдің ұраны бір» деп жатады. Ұлан демекші, ер жеткен әр азаматтың борышы – әскери борышын өтеу.
Бірақ мұны борыш құрлы көрмей жүрген жігіттердің қарасы көп. Әскерге бармаудың сан сылтауын тауып, «өтірік» ауру боп шыға салатын жігіттердің әскерге деген махаббаты жоқтығын қалай түсінсек болады? Әскери азаматтық борышын жұрт қатарлы өтеп, өз Отаны алдында кез келген жағдайға сай тұратын сарбаздарымыздың саны неге азайып келеді? Сап түзеп, әскери сабақ алудан қазақ жігіттері неге қашады? Осы жөнінде жігіттердің әскерден қашу «синдромына» тоқталып көрейікші.
Жігіттердің көбі әскери сабақты жоғарғы оқу орындарының қабырғасында жүріп-ақ оқып алуға болатынын алға тартады. Олар үшін мұндай борыш өтеудің пайдасы көп: шалғайға кетіп, ата-анасы мен дос-жарандарынан ұзамайды; әскери тәртіп тек жоғарыдан бөлінген уақыт пен тәртіп бойынша, кем дегенде төрт сағатқа ғана созылады; «Ата» сарбаздардан қысым көрушілік аса орын ала қоймайды, есесіне, кіші болса да әскери атақ беріледі.
Бірақ кез келген ер жігіттің қолы бұған жете қоймайды. Өйткені бәрі бірдей жоғарғы оқу орындарында оқымайды және оқыған күнде де, мұндағы әскери дайындық бөлімдеріне барлық жігітті ала бермейді. Мұндай жеңілдіктен айрылып тұрған жігіттер оқудың қамымен жүріп, уақытында шақырылған әскерден қалып қояды. Оқу бітірген соң қатарынан қалып қойғаны үшін тағы барғысы келмейді.
Күн сайын орнап жатқан келеңсіз жағдайлар мен жан түршігерлік оқиғаларды көріп жүрген ата-ана да ұлын әскерге жібергісі келмей қалды емес пе? Жат жерде әскери борышын өтеп жүріп түрлі әлімжеттік істердің құрбанына айналып, талай сарбаз өз туған жеріне мүрде күйінде қайтып жатыр. Мұны көріп-біліп жүрген әке-шеше ұлының әсерге бармай-ақ көз алдында аман-сау жүргенін дұрыс көреді. Бұл да жігіттердің әскерге деген махаббатын жанбай жатып өшіретін салмақты сылтау.
Жеке мүддені ғана ойлайтын бүгінгі қоғам жігіттерді Отанды ойлау қабілетінен жұрдай етіп жатқан секілді. Бүгінде әскерге жұмсаған екі жылды оқуға немесе жеке кәсіпке арнап нан тауып жеудің қамын ойлайтын ер азаматтардың дәурені жүріп тұр емес пе? Әскери міндетті өтеу жігіт үшін бірінші орыннан түсіп қалғанына да аз бола қойған жоқ.
Әскерге деген қызығушылықтың кемуіне әскерге алу талаптары да әсер етіп отыр. «Әскерге неге бармайсың?» деген сұраққа, әсілінде: «Майтабан болған соң алмады» деген жауап естіп жатамыз. Рас қой?
Әсери борышын өтеуден қашудың сылтауы көп. Бірақ, міндет – біреу ғана: Отан үшін от кешуге дайын болу керек!
Ұқсас жазбалар:
Аустриялық әскери әмбебап қару (AUG)
А. Әбілхан