Аустриялық әскери әмбебап қару (AUG)

Аустриялық әскери әмбебап қару (AUG)

Бұл қару туралы қалам тартуға тұрақты оқырманымыз Қоныс Чуреновтың Әлемдегі ең мықты һәм танымал 10 қару атты жазбамызға пікір қалдыруы себеп болды.  

Аустрия әскерилері бельгиялық «FNFAL» атты шабуыл винтовкасын біраз жыл тұтынып, үйренісе алмай-ақ қояды. Қарудың тозығы жетіп, уақыты өткендігін алға тартып, шағымданады. Қару-жарақ қарыштап дамыған заманда, оларға да қуатты әрі жеңіл жаңа қару керек болды. Осылайша 38 жыл бұрын Аустрия әскерлерінің сұранысымен Steyr AUG автоматты винтовкасы дүниеге келді.

Аустриялық құрастырушылар жүздеген қасиетті бойына жинақтаған жаңа қару жасау үшін барын салды. Жарыққа шығысымен-ақ қоғамға үлкен жаңалық алып келген AUG винтовкасы, қару-жарақ әлеміндегі қатып қалған қағидаларды бұзды. Олай дейтініміз, жаңа қарудың оқ қорабы, әдеттегідей мылтық шаппасының алдынан емес, керісінше кейін орналасқан. Сонымен қатар, қарудың ұңғысы жеңіл қоспалардан, корпусы әйнек толтырылған полиамидтен, ал оқ қорабы төзімді пластмассадан жасалған.  Ал, негізгі көздеуіші – оптикалық көздеуіш.

Жаңа қару идеясын ең алғаш 1969 жылы майор Вальтер Штолл ұсынған екен. Жаңа қарумен жаңа биіктерді бағындыруға болатынын түсінген Штейр компаниясы 1970 жылы алғашқы жұмыстарын бастап кетеді. Штейр компаниясы Вальтер ұсынған жоба бойынша бірнеше үлгісін жасайды. Ақыр аяғында жасалу барысында кеткен кемшіліктерді түзей отырып, 7-ші үлгіні қолайлы деп табады.

Жасалу барасын толғырақ тарқата кетсек: 1974 жылы күтпеген оқиға орын алады. Жаңа автоматты винтовканың идеясын ұсынған және алғашқы жұмыстарын жүргізген майор Вальтер қызметінен босатылып, орнына капитан Фридрих Дехант келеді. Оған қарудың қалған жұмысын тез арада аяқтау тапсырылады. Бірақ Фридрих асығыстық танытпайды. Немістерге тән байыптылықпен, асқан ұқыптылықпен жұмысқа кіріседі. Алдымен оны атақты М16, FNFAL, АК47 сияқты қарулармен салыстырды. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген ұранды ұстанған ұқыпты неміс капитаны, ұзақ уақыт зерттеу жұмысын жүргізеді. «Асықпаған арбамен қоян алады» демекші, ақыр соңында «Armee Universal Gewehr» («Әскери Әмбебап Қару») атты жаңа автоматтық винтовканы жасап шығарады. Бұл қару аты айтып тұрғандай расымен де әмбебап еді. Себебі, жоғарыда аталған өзіне дейінгі мықты қарулардың барлық жақсы қасиетін бойына жинаған болатын.

1976 жылы қару жұмысы толық аяқталып, сыннан өткізетін де уақыт жетеді. Бірінші тексеруді завод ішінде өткізуді ұйғарады. Жаңа қару 500 000 атыс жасағанда да төзімділік танытып, сыр бермейді. Бұл құрамында пластмасса, жеңіл қоспасы бар қару үшін үлкен жетістік еді. Осыдан кейін, құрастырушы әскерилердің сенімінен шығу үшін мылтық төзімділігінің жоғары дәрежеде екенін анық біледі. Бірақ мұнымен қаруды сыннан өткізу тоқтап қалмайды. Толықтай төзімділігіне көз жеткізу үшін суыққа ұстап, биіктіктен де лақтырып көреді. Қысқаша айтқанда, «суға да салды, отқа да күйдірді».   

Cынаудың сан түрлі сүзгісінен сәтті өтсе де, құрастырушының көңілі тыныш таппайды. Құдды бір жерінде кемшілігі бар сияқты. Содан соң, Дехант автоматты винтовканы ыстық саунаға алып кіріп, бу үстіне біраз уақытқа қояды. Артынша, далада мұзды суға толтырылған ағаш бөшкеге әкеп салады. Нәтижесінде, қатты ыстықтан бірден суыққа салғанда, қару оптикасы (көздеуіші) шыдамай жарылып кетеді. Осы кезде іске қосалқы мердігерлер (Swarowski-Optic) араласады да, қару оптикасын қайтадан жасап шығарады. Бұл толықтырылған жаңа оптика жоғарыдағы сынақтан мүдірмей өтеді. Неміс құрастырушысы Дехант AUG-ның төзімділігіне толықтай көз жеткізгеннен кейін барып, қаруды әскери сынақтан өткізуге дайын екенін айтады. Әскери сынақтарды да оңай еңсерген әмбебап қару 1979 жылы Аустрия әскерін қаруландыруда өз орнын табады.

Ізінше әмбебап қаруға бүкіл әлем қызғушылық білдіреді.  АҚШ, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Люксембург, Ирландия, Сауд Арабиясы, Оман, Тунис сияқты бірқатар мемлекеттер өз әскерлерін қаруландыру мақсатында, үлкен көлемде тапсырыс береді. 1988 жылы Аустралия қаруды өз елінде өндіруге лицензия алып, AUG-77 үлгісімен Р88 маркалы винтовкасын шығара бастайды.

Иә, осылай аустриялық әскердің сұранысының арқасында дүниеге келген жаңа қару, тек қана аустриялықтардың емес, әлем әскерлерінің көңілдерінен шығып, ғаламдық қару нарығында да үлкен танымалдылыққа ие болады. Соның арқасында бүгінге дейін осы Steyr AUG 77 автоматты винтовкасының бірнеше «аға-бауырлары» дүниеге келді. Бұл қару-жарақтардың тек толық сипаттамасын төмендегі ақпарттан көре аласыздар. 

Steyr AUG 77 автоматты винтовкасына сипаттама: (негізгі үлгі)
Калибр: 5,56 мм
Оқ: 5,56x45
Оқтың алғашқы атылыс жылдамдығы: 970 м/с
Ұрыстың ату жылдамдығы 1 мин-та: 680 атысқа дейін
Көздеуішінің ұзақтылығы: 300 м
Оқ қорабының сыйымдылығы: 30
Ұзындығы:
а) винтовканың ұзындығы: 790 мм
ә) ұңғы ұзындығы: 508 мм
Салмағы:
а) қару толықтай оқталғанда: 4,07 кг
ә) оқ толтырылған қорабынсыз: 3,60кг
б) Оқ қорабы (оқсыз): 0,13 кг


Steyr AUG 77 автоматына сипаттама: (парашютті-десанттық винтовка)
Калибр: 5,56 мм
Оқ: 5,56x45
Оқтың алғашқы атылыс жылдамдығы: 925 м/с
Ұрыстың ату жылдамдығы 1 мин-та: 680 атысқа дейін
Көздеуішінің ұзақтылығы: 300 м
Оқ қорабының сыйымдылығы: 30
Ұзындығы:
а) автоматтың ұзындығы: 637 мм
ә) ұңғы ұзындығы: 350 мм
Салмағы:
а) қару толықтай оқталғанда : 3,52 кг
ә) оқ толтырылған қорабынсыз: 3,05 кг
б) Оқ қорабы (оқсыз): 0,13 кг


Steyr AUG 77 автоматты карабинге сипаттама: (карабин - қысқа оқпанды винтовка)
Калибр: 5,56 мм
Оқ: 5,56x45
Оқтың алғашқы атылыс жылдамдығы: 940 м/с
Ұрыстың ату жылдамдығы 1 мин-та: 680 атысқа дейін
Көздеуішінің ұзақтылығы: 300 м
Оқ қорабының сыйымдылығы: 30
Ұзындығы:
а) Карабиннің ұзындығы: 690 мм
ә) ұңғы ұзындығы: 407 мм
Салмағы:
а) қару толықтай оқталғанда : 3,77 кг
ә) оқ толтырылған қорабынсыз: 3,30 кг
б) Оқ қорабы (оқсыз): 0,13 кг


Steyr AUG 77 қол пулеметіне сипаттама:
Калибр: 5,56 мм
Оқ: 5,56x45
Оқтың алғашқы атылыс жылдамдығы: 1000 м/с
Ұрыстың ату жылдамдығы 1 мин-та: 680 атысқа дейін
Көздеуішінің ұзақтылығы: 300 м
Оқ қорабының сыйымдылығы: 30-42
Ұзындығы:
а) Қол пулеметтің ұзындығы: 890 мм
ә) ұңғы ұзындығы: 610 мм
Салмағы:
а) қару толықтай оқталғанда: 4,37 кг
ә) оқ толтырылған қорабынсыз: 3,90 кг
б) Оқ қорабы (оқсыз): 0,13 кг

Оқи отырыңыз:

1. Аты аңызға айналған Драгунов мергендік винтовкасы

 2. Әлемдегі ең мықты һәм танымал 10 қару

 3. Бұл қызық: Екі оқты қатар ататын қос ұңғылы тапанша

 4. Әлемдегі ең үлкен револьвер

 5. ХХ ғасырдағы ең мықты тапанша

 

Сурет: arms2.narod.ru, allaboutairsoft.com, zonwar.ru, poxe.ru, images4.wikia.nocookie.net, earth66.com

Е. Жұмабайұлы